Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҮМБЕТТІҢ 73 ТОПҚА БӨЛІНУІН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.
ҮМБЕТТІҢ 73 ТОПҚА БӨЛІНУІН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

Бүгінде әркімнің құлағына шалынып, санасына сақталған, астарында сан алуан сауалы бар күрделі пікірдің бірі – үмбеттің жетпіс үш топқа бөлінуі. Ислам әлеміннің сонау алтын дәуірінен бүгінге дейін, тамыры хадиске байланған осы пікірді өзінің саяси мақсатына пайдаланған жікшіл топтар мен саяси ұйымдардың саны көбеймесе азайған жоқ. Себебі, хадистің мәтіні хадис жинақтаушы (асхабу – сүнән) ғалымдардың кітабында әртүрлі жолдармен жеткізілген.

Айталық, имам Термизиде хадистің соңында келетін, сол адасушы жетпіс үш топтың біреуі ғана жәннаттық екені, ол болса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен оның сахабаларының жолына ілескендер, яғни әһлу – сүнна жолымен жүргендер делінсе, ал, Әбу Дәуіт пен ибн Мәжәда жәннаттық болатын бұл құтылушы топ «жамағат» деген атаумен келеді. Адамдардың ой-пікірі де осы тұстан сан-саққа бөлінеді. Біреулер хадисте айтылған әһлу-сунна – мына «біз» деп кеуде қақса, екінші біреуі: «жоқ, хадисте жамағат деп келген, тура жолды табам десең, мына біздің жамағатқа қосылып, тариқатымызды тас ұстан» деп етегіңе жармасады. Тіптен, кейбір жат пиғылды дін дұшпандары діни сауаты саяз адамдарды уысына түсіру үшін осы «идеяны» тұзақ ретінде қолданады.
Көптеген ой-жота пікірдің туындауына себеп болған хадистің мәтіні мен сол мәтінді түсіндір-ген ғалымдардың түсініктемесіне зер салсақ. Абдулла ибн Ғамрдан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бәни Исраилде болған істер, менің үмбетімде айна-қатесіз қайталанатын болады. Тіпті, олардың (Бәни Исраил қауымының) бірі өз анасына жалаңаш күйде көрінетін болса (бейәдеп қылық көрсетіп, зинаға шақыру мағынасында) менің үмбетімде де осы жағдай болады. Анығында Бәни Исраил қауымы жетпіс екі топқа бөлінді. Менің үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді. Оның бәрі тозақтық. Тек бір тобы ғана аман қалады», – деген. Сонда сахабалар: «Аман қалатын бір тобы кімдер, уа, Расулулла?», – деп сұрады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мен және менің сахабаларым ұстанған жолда болғандар», – деді.1
Әбу Һурайрадан жеткен тағы бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Яһудилер жетпіс бір яки жетпіс екі топқа бөлінді; христандар жетпіс бір яки жетпіс екі топқа бөлінді; менің үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді», – деген.2 Бұл хадис Мүслим мен Бұхаридің сахих хадистер жинағында кездеспегенімен, басқа мухаддистердің еңбектерінің бәрінде дерлік айтылған. Бұл хадиске Әбу Ғиса әт-Тирмизи «хасан сахих» деп баға берген.3
Ал, жоғарыдағы Абдулла ибн Ғамрдан жеткен хадисті «ғариб хадис» деген.4 Ал, хадистің ғариб болуы кей жағдайда мәтінде емес, хадис тізбегінде болады. Яғни хадистің асылы тізбегінде бірден көп адам риуаят етіп, одан кейін рауилердің саны күрт азайып, бір ғана рауи хадисті жеткізген болса, бұл «сәнәдтағы ғарибтық» деп саналады. Бұны Имам Тирмизи «Ғариб мин зәликәл уәжһ» (осы тұрғыдан ғариб) деген атпен қолданған.5 Ол жоғарыдағы хадисті де осылай атаған. Сондай-ақ, Сүнән әт-Тирмизиге шарх жазған ғұлама Мұхаммад Абдурахман әл-Мүбаракфури осы хадистің сәнәдінде Абдурахман ибн Зияд әл-Ифриқи атты әлсіз рауидің бар екенін айтқан.6
Дегенмен, «үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді» деген сөйлемнің барлық нұсқада айтылуына, сондай-ақ, хадисті жеткізуші сахабалар санының көптігіне қарап, ғұлама-лар бұл хадисті егжей-тегжейлі зерттеуді қолға алған. Сонымен қатар, Исламдағы саяси топтар мен ақидасы ауытқыған мәзһабтар туралы жазылған шығармалардың алғы сөздері осы хадистермен басталып, ары қарай түрлі тараулар мен тақырыптарға арқау болып отырған.
Айталық «әл-Миләл уән-Нихал» кітабының авторы Абдулфатих әш-Шәһристаный өз еңбегінде осы хадисті негізге ала отырып, Ислам үмбетінің үлкен жақтан Қадария, Сифатия, Хауариж, Шейіттер болып төрт топқа бөлінетіндігін, олардың әрқайсынан бөлініп шыққан ірілі-ұсақты топтарды қосқанда, хадисте айтылған жетпіс үш топқа жететінін алға тартады.7 Ал, атақты тарихшы Әбдулқаһир әл-Бағдадидың «әл-Фарқу бәйнал-Фирақ» кітабында мәшһүр саха-балардан жеткен риуаяттарды келтіре отырып, Исламдағы адас-қан топтың алғашқысы әрі бірегейі ретінде Муржия, Қадария және Харажит топтарын атайды. Сондай-ақ, Муғтәзилә, Харажит, Рафиза, Зәйдия сынды адасқан топтардың бидағаттары мен ой-пікіріне сәйкес көзқарас ұстанғандарды да адасушылар санатына кіретінін, ал Батния, Руафиз, Язидия8 қатарлы бірнеше топтың «Ислам үмбеті» деген ұғымға мүлдем кірмейтінін ескерткен.9
Абдулқаһир әл-Бағдади хадисте баяндалған адасушы топтардың сипатын мына мәселелерде қарастырған: таухид, яғни Алла Тағаланың Әзали сипаттарын бір деп білу. Алланың ешқандай ұқсасы әрі серігі жоқ деп тану, Алланың әділдігі, Алланың бұйрықтарына қатысты уәдесі мен тыйымдарына қатысты ескертуі, тағдыр мен мойынұсынуға қатысты мәселелер, жақсылық пен жамандық, тура жолға салу мен адасушылықтың бір Алладан болатыны, ирада мен қалау, көру мен білу, Алланың есімдері мен сипаттары және Пайғамбарлық пен оның шарттары. Міне, осындай бірқатар мәселелерде әһлу сунна уәл жамаға ғұламалары ортақ ой түйіп, бір ауыздан мақұлдаған көзқарас пен бағытты ұстанбаған әр қандай бір тұлғаның адасушы топтың сапына қосылатынын айтқан.10
Осы арада ерекше атап өтетін бір жайт, Ислам ғұламаларының фиқһ мәселелеріндегі қайшылықты көзқарастары мен мәзһабқа бөлін-ген ұстанымдарын зерттеушілер жетпіс үш топқа бөліну деген классикалық шеңберге енгізбеген. Сәйкесінше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үмбетімнің ұқсамаған көзқарас ұстануы – (Алланың) рахметі» деген әйгілі өсиетіне байланыстырады. Ендеше, әлемнің рахмет нұры Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін, қара қылды қақ жарған, әділеттің айғағы Құран мен хадис алтындай жарқырап, қолдарында тұрған мұсылмандардың осыншама топқа бөлінуіне не себеп болды?
Әрине, тарихи дерек көздеріне зер салсақ, бұның көптеген себеп-салдарын байқаймыз. Доктор Мухаммад Әбу Заһра осы себептерді екшей келе мынадай екі түрлі мәселені басты себеп деп түйген. Оның бірі – жікшілдік пен рушылдық. Жікшілдік Алла елшісінің (с.ғ.с.) заманында көмескі күйінде сақталып, Осман ибн Аффанның (р.а.) халифалық кезеңінде ашық біліне бастады. Алғашында Үмауилер мен Һәшимилердің арасында өрбіген араздық бірте-бірте ұлғайып, харижиттердің бөлініп шығуына апарып соқты. Ал, харижиттер саны түгелдей Рабиға руларынан жасақталған болып, Марзия руларынан ешкім болмаған. Бұл екі тайпа арасында ежелден келе жат-қан араздық болған-ды. Осы барыс-та харижиттер өз идеологиясын Ислам шеңберінде, Құранның үкімі бойынша жүргіземіз деп жар салғанымен, олардың көңілдерінде сақталған тайпааралық жікшілдік пен рушылдық ізі бәрібір тарих сахнасынан менмұндалап көрініп тұрды.
Екінші себеп – саяси бақ-таластық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін, Ислам үмбетін енді кім басқару керек деген өзекті мәселе сахаба-лар арасында талқыға түсті. Ансарлар халифалыққа біз лайықты болармыз десе, муһажирлер Исламдағы алғашқы мұсылман деген атпен алдарын орады. Кейін де осы кірбеңдік үлкен жанжалдың мәйегіне айналды. Яғни «халифа жалпы Құрайш руынан шығуы керек пе? Жоқ, әлде тек қана Әли әулетіне тиесілі ме?» деген талас туындады. Ру мен рудың, әулет пен әулеттің бір-бірінен нендей айырмашылығы бар? Алла Тағала: «Сендердің Алла алдында ең құрметтілерің – тақуа болғандарың», – деді емес пе? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арабтың араб еместен ешқандай артықшылығы жоқ. Тек кім тақуа болса, сол абзал», – деді ғой. Міне, осындай бақталастық пен саяси теке-тірестің соңы Исламдағы харижит, шиға сияқты үлкен топтардың пайда болуына апарып соқты.11
Алайда, мұндай себеп-салдарға байланысты пайда болған, әртүрлі бағыт ұстанған топтардың қазірге дейінгі санын есептейтін болсақ, хадисте айтылған жетпіс үш топтан әлдеқайда көп екенін байқаймыз. Бұлардың ішінде саяси мақсатта құрылған топтан басқа, тағдыр-ға, Алланың есім-сипаттарына, адамның ерік жігеріне, рухқа, жәннат пен тозаққа қатысты толып жатқан мәселелерде, әһлу сунна уәл жамағаның ұстанымына қарама-қайшы жолды ұстанған топтар жетерлік. Сонда олардың бәрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан адасушы топ санала ма? Жалпы менің үмбетім дегенде кімдерді меңзеген?
Заманымыздың заңғар ғұлама-ларының бірі марқұм Рамазан әл-Бути, Алла рахым еткей, осы хадистерді зерттей келе мынадай керемет ой түйіндеген. Ол: «Біз ең әуелі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «үмбетім бөлінеді» деген хадисіндегі «үмбет» сөзінің мән-мағынасын айқындап алуымыз керек. Жалпы, Ислам ғұламалары үмбетті екіге бөліп қарастырған. Бірі – дағуа үмбеті, екіншісі – ижәбә үмбеті (тілегі қабыл болған). Дағуа үмбеті – Алланың соңғы Пайғамбары жер бетінде дағуат жүргізгеннен бастап, қияметке дейінгі күллі адам баласын қамтитын ауқымды ұғым. Ал, ижәбә үмбеті – Исламның ақиқат дін екенін мойындаған исі мұсылман қауымына ғана қаратылған. Демек, «үмбетім бөлінеді» деген сөзден – ижәбә үмбетін, яғни Исламның өз ішіндегі топтарды ұғынбай, бәлки Исламның сыртындағы ірілі-ұсақты діндер мен әртүрлі діни ағымдарды түсінеміз. Бір сөзбен айытқанда, дағуа үмбеті меңзелген деп ұғынамыз», – делінген.
Рамазан әл-Бути, Алла оған рахым еткей, бұл пікірін мына екі түрлі дәлелмен қуаттап, былай дейді: «Біріншіден, Имам Тирмизидің хадис жинағында келтірген «оның бәрі тозақтық, тек бір миллет қана аман қалады» деген қосалқы сөзі (зияда) айтылады. Мұндағы «миллет» сөзі – дін мағынасын білдіреді. Одан ешқашан «топ, бөліну» деген ұғым алынбайды. Демек, «аман қалатын миллет» ретінде Ислам діні айтылады. Екіншіден, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте «яһудилер жетпіс бір топқа, христиандар жетпіс екі топқа бөлінеді…» дей келіп, осы сөйлемнің әдеби және логика-лық құрылымына сәйкестіріліп «мұсылмандар жетпіс үш топқа бөлінеді» деп айтылуы керек-ті. Алайда, «мұсылмандардың» орнына «үмбетім» сөзі қолданылуы арқылы «жетпіс үш топқа бөлінетін» үмбеттің жалпы «дағуа үмбеті» екені меңзелуде.12
Рамазан әл-Бутидің, Алла оған рахым еткей, көзқарасындағы «үмбетім» сөзін «дағуа үмбеті» деп түсінудің тағы бір тиімді жері, хадистер арасындағы қарама-қайшылықтан сақтану. Себебі, Әнәс ибн Маликтен риуаят етілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға серік қоспастан дүниеден өтетін болса, тозақ оты оған харам етіледі (яғни азапталмайды)», – дейді. Тағы бір хадисте: «Кімде-кімнің ақырғы сөзі «лә иләһә иллАлла» болса, тозақ оты оны күйдірмейді», – делінген.
Осындай иман тақырыбына негізделген сахих хадистердің көптігіне қарай отырып ғалымдарымыз: «Аллаға иман келтіргеннен кейін, оған серік қоспай дүниеден өткен адамның жәннаттық болатынын» алға тартады. Ал, жоғарыдағы «менің үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді. Оның бәрі тозақтық…», – деген риуаяттарды ижәбә үмбеті деп қабылдайтын болсақ, мынадай сахих хадистердің мазмұнына қарама-қайшылық туындайды. Сондай-ақ, Ислам үмбетінің өз ішінен шыққан топтардың иман негіздерінде қаншама қате пікірлері болғанмен, Алланың барлығына, бірлігіне келгенде еш күмәнсіз мойындайтындары сеніммен қаралады. Демек, хадистегі түрлі топтарға бөлінетін үмбеттің «үмбеті дағуа» екенін, ал, Алланың қаһарынан құтылып, бақытқа кенелетін миллеттің, әрине, Ислам үмбеті екенін айқын аңғарамыз.
Ендеше, құтылушы, бақытты миллет, ол – Ислам үмбеті. Ал, Ислам өз ішінен топқа бөлінгенімен, дінге бөлінген емес. Ол өзінің бір тұтастығын, бір дінділігін сақтап келе жатқан дін. Сондықтан, ақылына әлем мұсылмандары ұйыған қадірлі имамымыз Рамазан әл-Бутидің осы кеңесін әрдайым есте ұстасақ, бірлігімізді бұзғысы келетін жар астындағы жаудан сақтануға өз септігін тигізер еді.

Еркінбек АЛТАЙ, 
Исламтанушы
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің 1-курс магистранты

"Ислам және Өркениет" газеті

Сілтемелер:
1 Сүннән әт – Тирмизи, Китабул – имән, 2641- хадис, Мәктабә – Ғасрия, Байрут, 2006ж.
2 Сүннән әбу Дәууд, Китаб әс – Суннә, 4596 – хадис, Мәктабә – Ғасрия, Байрут, 2006ж.
3 Имам Тирмизидің «бұл хадис хасан сахих» деп екі терминді бір хадисте жинақтауы, бір хадистің екі түрлі иснәдпен (хадис тізбегі) жеткеніне байланысты болған. Бұл екі иснәдтің бірі хасан (жақсы) жолмен жетсе, екінші сахих (сенімді) жолмен жеткен. Содан Имам Тирмизи сынды кейбір хадисшілер екеуін қосып, жоғарыдағы атпен қолданған. әл – Хафиз Әбдурахим бин әл – Хусайн әл – Ирақи,әл – Тақид уәл – Изах, 51 – б. Дарул – Кутуб әл – Ғилмиа, Байрут, 1999 ж.
4 Хадис мәтінде өте сирек қолданылатын, ұғынықсыз сөз болса, ғариб хадис деп атаған. Әл-Имам әл-Хафиз Әбдурахим бин әл-Хусайн әл-Ирақи, Әт-Тақиид уәл Изах, Дар әл-Кутуб әл-Ғилмиа, 214-б.
5 Доктор Махмуд Таххан, Тәйсир Мусталәх хадис, Мәктәбә әл-Мағриф Рияз, 2004 ж. 40-б.
6 Мүхаммад Абдурахман Мубарак Фури, Тухфатул-ахзауи, 7-том, 399-б. «Дарул-Фикр» баспасы.
7 Абул Фатих аш-Шахристани, Әл-миләл уән-Нихал, «әл-Ғасрия» баспасы, Байрут, 11-б, 2008 ж.
8 Исламдағы топтар жөнінде толық мағлұмат: Исмайл Сейтбеков, Мәзһабтар тарихы, Көкжиек баспасы, Алматы, 2012 ж.
9 Әбдулқаһир Бағдади, Әл-Фарқу бәйнал-Фирақ, Дарул-Мағрифа, Байрут, 2008ж, 18-б.
10 Әл-Фарқу бәйнал-Фирақ, 14-б.
11 Мухаммад әбу Заһра, Тарих әл-Мәзһаб әл-Исламия, 12-13 б. Дарул-Фикр, Кайр, 1996 ж.
12 Рамазан Бути, әл-Мәзәһиб Таухидия уәл Фалсафатул-Муғасара, 25-26б. Дарул-Фикр, Дамаск, 2008 ж.

Жоғарыға