Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Басқаларға үлгі болудың мәні неде?

Басқаларға үлгі болудың мәні неде?

         Мұсылман адам - жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін үлгі боларлық мінез және тұлғалық көрсету қажет. Өйткені үлгі боларлық мінездермен өрнектелмеген ақиқаттар теория ретінде қалып қояды.

           Олай болса кез келген мұсылманның міндеті, әуелі оны өз өмірінде жүзеге асыруынан басталады. Өйткені айтқан сөзін, іс-әрекетімен қуаттай алмаған жанның өзгеге ықпал етуі мүмкін емес.

           Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй мүминдер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар.  Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» деп кісінің сөзі мен өзінің, сөйлегені мен әрекетінің қарама-қайшы болмауын ескертеді.  Саф сүресі 2-3 аят.

          Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай жандардың соңының қайғылы болатындығын ескертеді: «Қиямет күні бір кісі сүйреп әкелініп, тозаққа лақтырылады. Ішектері ақтарылып қалады, диірмен айналдырған есек тәрізді айналады. Тозақтықтар қасына келіп:      «Ей, пәленше! Мынаған қалай тап болдың? Сен жақсылық жасауды әмір етіп, жамандықтан тыйатын едің ғой?!»-деп сұрайды. «Иә, мен сендерге  жақсылық жасауды әмір етіп, өзім оны жасамайтынмын. Сендерді жамандықтан тыйып, өзім жасайтынмын», деп жауап береді».  (Бұхари)

           Өзгелерге жақсылықты әмір етіп, өзінің жағдайынан бейхабар болған жандардың ақыр-соңы қиын болатыны бәрімізге сабақ болуы тиіс. Өзіміз үйреніп өзгелерге насихат жасаған жақсылықтар мен игіліктер алдымен өзімізде көрініс табуы керек.

          Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келгеннен бастап айрықша өмір сүрген Исламды жаю міндеті жүктелмей тұрып-ақ, көркем мінезімен, әділеттілігімен, таза өмірімен өзгелерге үлгі бола білген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Пайғамбарлық міндеті жүктелген уақытта, жауапкешіліктің ауыр екенін сезініп тынышы кеткен сәтте, Хадиша (р.а.) анамыз былай деп жұбатқан болатын. 

          «Еш  қорықпа! Алла сені ешқашан қор қылмайды. Өйткені, сен туыстық қатынасты үзбейсің, тура сөйлейсің, шамасы жетпегендердің жүгін тасисың, пақырға жақсылық жасайсың, ешкімнің бере алмайтынын бересің, қонақты күтесің, хақ жолында болатын уақиғаларға жәрдем етесің, аманатқа қиянат жасамайсың. Әрі сенің ахлағың өте көркем». Бұл Алла Елшісінің көркем сипаттары еді.

          Сөздің тобықтай түйіні адам баласы өз көзі көрген нәрседен тәлім алуға бейім. Сондықтан исламды және көркем мінезді насихаттағанда, ол қасиеттің бойымызда көрінуі аса маңызды. Яғни, үйренгенімізді іс-әрекетімізбен өрнектей алсақ, құр сөзге қарағанда әсерлі әрі өтімді болары сөзсіз. 

         Нұрбек ИБАЙДУЛЛАЕВ,

       «Жылыой мұсылмандары»  мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға