Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Неке қиюдың дініміздегі орны

Неке қиюдың дініміздегі орны

Барша мадақ-мақтаулар ұлы Раббымыз Алла Тағалаға болғай! Жаратқанның игілігі мен сәлемі ардақты Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.)- ке, оның отбасына, сахабаларына, сондай-ақ барша игі мұсылмандарға болғай!

Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс.

Ислам дінінде отбасын құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз алдына тиісті шарттары бар. Ал, некесіз екі жастың қосылуына Ислам діні қатаң тыйым салады. Қазіргі күнде кейбір жастар некеге мән бермей, бастауын батыстан алатын азаматтық некеге әуестеніп алған. Мұны неке деп те айтуға ауыз бармайды, мұнда ешқандай жауапкершілік те жоқ. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Бүгінгі күні осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасылар бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын Ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қойған. Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс.

Алла Тағала Құран кәрімде: «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді. (Зарият сүресі, 49-аят). Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің хадистерінің бірінде: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» -деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.

Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген. Шариғатымызда: «неке – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы» болып саналады. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жастың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, шаңырақ көтеруі деген ұғым.

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) айтады: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!»-деген, міне, сондықтан да Ислам дінінде неке адам өміріндегі маңызды бір құлшылық іспетті. Неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Ибн Хуммам (р.а.): «Неке ғибадатқа етене жақын. Үйлену –құлшылық үшін бойдақ қалудан әлде қайда жоғары», - деген, үйленуде Алла тағаланың алдында құлшылықтың бір түріне жататыны белгілі. Сонымен қатар үйлену жауапкершілікті талап қылатын адам баласының өмірінің бір негізі ол – отбасын құру, одан ізгі ұрпақ өрбіту.

Алла тағала Құран кәрімде: «Сендерге өз араларыңнан жұбайлар жаратып, сүйіспеншілік пен мейірім салуы да Алланың белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар» (Рум сүресі, 21-аят) делінген. Ендеше, үйлену, отбасын құру адамның жаратылысымен астасып кеткен бір нығмет. Дана бабаларымыз: «Отан отбасынан басталады» десе, халқымыз: «Ақ неке», «Адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтай білген.

Әрбір жанұя өзінше бір Отан. Оның басшысы отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер адам. Адамзаттың абзалы ардақты Елші Мұхаммедтің (с.а.с.) хадисінде: «Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты»,—деген.(Бұхари, Мүслим). Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді орындауларына тікелей байланысты. Дана халқымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса өлгенiнше өш болады», –деп тектен тек айтпаса керек. Ерлі-зайыптылардың түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарынан табылуы үшін бір-бірлеріне қатысты құқықтар мен міндеттерді біліп, оларды іс жүзінде жүзеге асыруы қажет.  Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші, бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты, бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен? – деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады.

Ер мен әйелге қатысты міндеттердің ең маңыздысы асыл дінімізде көрсетіп және үйретіп кеткен. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар» - деп айтқан.  Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: « Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар» - деп ескертті. Жаратқан Иеміз қасиетті Құран аяттарында, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадистерінде көрсеткендей мұсылман ерге әйелінің алдында бірнеше  міндеттері бар екенін көреміз.

Қазіргі кездегі кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтарлық жағдай болып отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбәрак хадистерінің бірінде: «Алла Тағала адал  еткен  істің  ішіндегі  ең  жағымсызы – ажырасу», (Байһақи)-деген. Демек, рұқсат берілген күнде де, талақтың Алла құзырында ұнамсыздығы мәлім болады. Ислам дінін үмбетіне жеткізіп, ең кемел бейнеде үйреткен Алла елшісі: «Ләззат алу  мақсатымен  ғана жиі-жиі әйел  ауыстырған  еркектерге, күйеуден  күйеуге  жүрген  әйелдерге  Алла  лағынет  етсін», - деп, отбасын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп кеткен болатын. Алла Тағаланың рұқсатынсыз тіпті бір жапырақ та үзілмейді. Солай болғанда тоғысқан тағдырлар иесі - ерлі-зайыптылар да Алланың тағдыры екендігі күмәнсіз. Жұбайының қиын мінезі немесе денсаулығының нашарлығы, ризық несібесінің тарлығы, күйбең тіршіліктегі көлденең шығып отыратын көп кедергілер де тек Алланың сынағы деп білген жөн. Перғауындай адамзат тарихындағы ең азулы Алла дұшпанымен бір некеде бола тұра Жәннаттағы сарайын тірі кезінде көріп сүйіншіленген Әсия анамыз бен пасық қауымның күнәсіна ортақ болған әйелдерді өз некесінде соңына дейін ұстаған Нұх, Лұт (Оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлардың өмірі бұл тұрғыда біздер үшін теңдессіз өнеге.

Айрылысуға не себеп болса да, тек шәһуат қуалаған арзан құмарлық болмауға тиіс. Бір отбасыны күйретіп кетпес бұрын мұны істемек болған адам Алланың алдында айтар уәжінің қандай болатынын ойлануы тиіс. Ең әуелі мынаны жақсы білуге міндеттіміз - ажырасу үкімі халал, яғни, рұқсат етілгенімен халалдардың ішіндегі Алла Тағалаға ең жек көрінішті амал болып есептелінеді. Ол тек басқа амалы қалмаған жұптарға шарасыздықтан жүгінетін ең соңғы шешім ретінде ғана берілген мүмкіндік.

Ақ некемен құрылған шаңырақ – Алланың адамзатқа сыйлаған мейірімі, оны сақтауға сіз бенен бізге әрқашан мүмкіндік берілген.  Сондықтан асыл дініміз насихат еткен некенің орны өте ерекше.

Қорыта айтар болсақ, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін діни әрі ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.  Алла Тағала елімізге амандақ, денімізге саулық, отбасыларымызға береке-бірлік бергей! Әумин.

 

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,                                                                                      

Мақат ауданы орталық мешітінің бас имамы.

 

 

Жоғарыға