Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау: Жылыой ауданында ақсақалдар арасында облыстық бата жарысы өтті

   іslam-atyrau.kz/27 ақпан, 2020 жыл.  Жылыой ауданында Атырау облысы деңгейінде өткен бата жарысы қорытындыланды. Аталмыш шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысты.

Рухани бәсекеде бас жүлде Жылыой ауданының намысын абыроймен қорғаған Құсайын Жәкеев ақсақалға бұйырды. Бірінші орынды Атырау қаласының тұрғыны Машрық   Олжабаев жеңіп  алды.

Екінші және үшінші орындарды Исатай  ауданының тұрғыны Бекежан Өтепқалиұлы мен Махамбет ауданының намысын қорғаған Әміржан Молдашұлы өзара  бөлісті.

«Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Бата оқылған кезде үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды.

Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Ислам дінінде үлкеннен бата алудың, жақсы сөз айтудың мәні зор» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

«Біздің басты мақсатымыз  - аузы дуалы қариялардың баталарын жалпақ елге үлгі етіп, басқаларды ынталандыру. Және жас ұрпаққа батаның тәрбиелік мәнін ұғындыру. Сайысқа демеушілік жасаған «Жал-Жан» серіктестігінің  директоры Еркін қажы Арынұлына алғысымыз шексіз» дейді Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев.

Еске сала кетелік, жеңімпаздарға тігілген жүлде қоры төмендегідей.

Бас жүлде – Умра қажылығы. Бірінші орын – 200 мың теңге. Екінші орын – 100 мың теңге. Үшінші орын – 50 мың теңге. Және қатысушылардың барлығына бағалы сыйлық үлестірілді.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ БАС МҮФТИ НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

  іslam-atyrau.kz/27 ақпан, 2020 жыл.  Елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында дін саласының қазіргі ахуалы талқыланып, Қазақстанның тарихи және рухани байлығын сақтауға бағытталған шараларға назар аударылды.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Наурызбай қажы Тағанұлын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болып сайлануымен құттықтады.

– Жаңа қызметіңізбен құттықтаймын. Тиісті біліміңіз бен тәжірибеңіз бар. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін, – деді Елбасы.

Толығырақ ...

Атырау: Исатай ауданында екі күндік турнир қорытындыланды

 іslam-atyrau.kz/27 ақпан, 2020 жыл.  Исатай ауданында  екі күнге созылған Атырау облысы деңгейіндегі волейболдан ашық турнир өз мәресіне жетті.

Мұнайлы өлке бойынша барлығы тоғыз команда бақ сынасқан турнирде Жылыой мешіті жамағатынан құралған команда бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Атыраудың орталық «Иманғали» мешіті жамағаты командасы еншіледі. Үшінші орын Құрманғазы орталық Темірәлі мешіті  жамағаты командасына бұйырды.

Ал, Индер орталық мешітінің командасы  Бас мүфти атынан табысталған 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Қатысушылардың барлығына сый-сияпат берілді. Ең бастысы екі күнге созылған спорттық шара жамағаттың өзара танысып, арадағы достық қарым-қатынастың  дамуына ықпал етті. Біздің мақсатымыз – мұсылман бауырларымыз арасында салауатты өмір салтын насихаттап, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге үндеу. Ислам - құлшылықты, білімді, сонымен бірге, рухы мықты, дені сау қоғамды да насихаттайтын асыл дін» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, аталмыш ашық турнирді Исатай аудандық орталық мешіті  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...