Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БАС МҮФТИ МЫСЫР ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (+ ФОТО)

  іslam-atyrau.kz/18 ақпан, 2020 жыл.   Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Египет Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Ехия әл-Шиннауи ханыммен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы тарихи-мәдени һәм рухани саладағы қарым-қатынас сөз болды. Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтаған елші игі ниетін жеткізді.

«Сіздің діни саладағы жоғары лауазымды қызметке сайлануыңыз мүфтияттың 30 жылдық мерейтойымен сәйкес келген екен. Сізді және ұжымыңызды мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Жаңа қызметтегі жаңа бастамаларыңызға береке тілеймін. Өзіңіз білесіз, әл-Әзһар университеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында әріптестік байланыс қалыптасқан. Біз осы ортақ келісім аясында қазақстандық дін қызметкерлерін Мысырда білім жетілдіруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Осы жылы да қазақстандық студенттерге грант бөлінді. Бұл бағыттағы игі шаралар жыл сайын жүзеге аса береді» деп атап өтті Манал Ехия Әл Шиннауи ханым.

Қазақстан мен Мысыр халқын оның ортақ тарихы мен дәстүрлі діні байланыстырып тұрғанын сөз еткен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Біздің Сұлтан Бейбарыс бабамыз өз заманында Ислам дінін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Бейбарыс бабамыздың бүгінгі ұрпағы, яғни Тәуелсіз Қазақстанның жастары Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алып, ел игілігі жолында қызмет етуде. Бүгінде «Нұр-Мүбәрак» университеті екі елдің діни саладағы алтын көпіріне айналды. Біздің халқымызда: «Елдестірмек – елшіден» деген нақыл сөз бар. Сіз бауырлас елдердің байланысын арттыруға ықпал етіп келесіз. Біз де өз тарапымыздан ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз», – деді.

Кездесу соңында тараптар діни ағарту, білім саласындағы өзара әріптестік байланысты арттыруға уағдаласты.

Толығырақ ...

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ ДҮНГЕН ҰЛТЫНЫҢ ОТБАСЫНА КӨҢІЛ АЙТТЫ

     іslam-atyrau.kz/18 ақпан, 2020 жыл. Жамбыл облысына арнайы келген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қордай ауданы, Сортөбе елдімекенінде қайтыс болған Рамазан Харсановтың үйіне арнайы барды.

 Әлі де абыр-сабыр күй кешіп отырған әулетке басу айтып, сабырға шақырды.

«Мұсылманның  мұсылман алдындағы  міндеттері бірі – бауырына мейірімді болу. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. Адамның бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады» деген. Міне, біз де соған сай амал етуіміз керек»  деді Бас мүфти қара жамылған отбасыға көңіл айта барып.

Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы осы сапарында Сортөбе елдімекенінде тұратын дүнген ұлтының өкілдерімен де кездесіп, бірлік, татулық турасында уағыз айтты.

 

 
Толығырақ ...

БАС МҮФТИ: ЖЕРЛЕУ РӘСІМІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ АШУ ҚАЖЕТ (+ ФОТО)

    іslam-atyrau.kz/18 ақпан, 2020 жыл. Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Орталық аппарат жиналысында мүфтият жанынан жерлеу рәсімін жүзеге асыратын орталық ашу қажеттігі сөз болды.

«Біздің қоғамда зират және жерлеу рәсіміне қатысты мәселе көп. Біріншіден, бұл салада шариғат талаптары ескерілмесе, екіншіден, діни салттық қызметті кәсіпке айналдырғандар халықтың жағдайымен санаспай келеді. Осыдан кейін қазалы үй қаражат іздеумен сарсаңға түседі. Біз осы мәселені ескеріп, мүфтият жанынан жерлеу рәсімін жүзеге асыратын орталық ашуды қолға алуымыз қажет» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ Төрағасының бұл ұсынысын Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары мен мүфтият ұжымы қолдап, оң пікірін білдірді.

Толығырақ ...