Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Алладан кешірім сұраудың маңызы

«...Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді». («Бақара» сүресі, 222-аят).

Адам баласы  әуел бастан қателік жасауға бейім тұрады. Кейде, тіпті қай тұста шалыс қадам жасап қойғанымызды білмейміз де.  Сондықтан, кейде ойламаған жерден күнәлі іске қадам басып қойсақ, кейде сол істің күнә екенін біліп тұрсақ та, сол қателікті жасаймыз. Үнемі қателесіп тұрамыз, күнә жасаймыз және артқа шегініп, өкінеміз.

Біз өзіміздің жасаған күнәмізға қалай қарап жүрміз? Жасаған күнәмізге өкінеміз бе, әлде ойланбастан сол күнәні жалғастыра береміз бе?  Шынайы мұсылман ешқашан  күнә мен қателіктерге жол бермейтіндігімен ерекшеленбейді, ол жасап қойған күнәсі үшін өкініп,  кешірім тілеп, тәубе ететіндігімен ерекшеленеді. Шынайы иман  Алла тиым салған барлық істерден тиылу, айналаңызға мейірімді болу, жақсылық жасау, күнәлі істердің Алладан алыстататынын түсініп, үнемі Аллаға ғана құлшылық етумен өлшенеді.

Адам баласы табиғатынан күнә жасауға биім жаратылған және ол  күнә мен қателік жасағандығы үшін емес, керісінше сол күнәларды жасаған кездегі қырсықтығы себепті айыпқа лайық. Егер де адам күнә жасап қойса, бірден тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауы қажет. Имам Муслим Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте  Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Жанымның Иесі болған Алла Тағаламен ант етемін, егер де сендер күнә жасамағанда, Алла Тағала сендерді күнә жасайтын және Раббысынан жарылқау тілейтін басқа адамдармен алмастырып, есесіне олар Алланың жарылқауына бөленер еді», - деген.

Күнә істеген адам өкініп, дәрет алып намаз оқыса және күнәсының кешірілуі үшін истиғфар айтса, Алла Тағала ол күнәны әлбетте кешіреді. Өйткені Алла Тағала Құран аятында  былай дейді: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сонсоң Алладан жарылқану тілесе, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді табар еді». («Ниса» сүресі, 110-аят). Шайтан адам баласын  азғырып, тура жолдан тайдырып жатса да, құлы Жаратушысынан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла құлын кешіреді. Ол – асқан кешірім Иесі.  

Алладан кешірім сұраудың ең жеңіл әрі  қарапайым дұғасы – Истиғфар айту, яғни, «Астағфируллаһ!» деп айту. Мағынасы: «Аллаһ мені кешірсін!».  Истиғфар – Алланың құлына деген үлкен мейірімі. Алла Тағала құлынан ешқашан бетбұрмайды, Оның  кешірім есіктері үнемі ашық. Алла – Кешіруші, кешіргенді жақсы көреді. Сондықтан, тәубе етуді кейінге қалдырмай, дәл қазірден бастап  Алланың кешіріміне ұмтылуымыз керек. 

Алладан кешірім сұрау истиғфар айтып, күнә жасауды қайтадан жалғастыра беру деген сөз емес. Алладан жүрекпен (көңілмен) де, тілмен де шынайы кешірім сұрау, өкініп, тәубе ету және енді сол күнәні енді жасамауға ниет ету – шынайы тәубе ету болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Истиғфар (әстағфируллаһ) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Аллаһ Тағала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтарға қауыштырады» (Бәйһақи), - дейді. Және де:  «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады» (Тирмизи), - деп те айтып кеткен.

Кешірім туралы Құран аяттарында да:

«...Алладан жарылқау тілеңдер. Шын мәнінде Алла, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді». («Музәммил» сүресі, 20-аят).
«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін көркем түрде пайдаландырады да, әрбір мәрхамет иесіне артық сыйлық береді. Егер жалтайсаңдар, расында сендер туралы ұлы күннің азабынан қорқамын». («Һуд» сүресі, 3-аят).

 

«...Сондықтан сол бағытқа жөнеліңдер әрі Одан жарылқау тілеңдер. Аллаға серік қосқандарға нендей өкініш» де» («Фуссиләт» сүресі, 6-аят), - деп баяндалады.   

Алланың мейірімінің шегі жоқ. Әр адам күнәсі үшін теубе етіп, кешірім сұрағаны үшін төмендегі үлкен нығметтерге бөленеді:

  • Алланың кешіріміне ие болады
  • Дүниелік істерде таршылық көрмейді
  • Қанағатшыл, сабырлы болады
  • Күнә істерді жасаудан өзін тыяды
  • Аллаға жақындай түседі
  • Дұғаларының қабыл болуына себеп болады
  • Рухани тазарады
  • Жүрегі жұмсарып, мейірімді болады.

Истиғфардың пайдасы туралы имам Ахмад ибн Ханбалдың басынан өткен  мына оқиғаны тілге тиек ете кетсек.

Имам Ахмад ибн Ханбал бір қаладан екінші бір қалаға сапарға шығады. Қалаға келген соң, мешітте құптан намазын оқып болып, мешіттің бір бұрышында жатса, мешіт күзетшісі жүгіріп келіп мешітте ұйықтауға болмайды дейді. Мен ұзақтан келдім, мешітте түнеп шығайын десе де, күзетші рұқсат етпей имам Ахмадты мешіттен шығарып жібереді. Имам Ахмад мешіттен шығады да, мешіттің сыртқы есігіне сүйеніп, мешіттің табалдырығында отырады. Мешіт күзетшісі тағы да жүгіріп келіп,  мешіттің табалдырығында отыруға болмайды, бұл жерден кет деп тағы да қуып жібереді. Мен мешіттің ішінде отырған жоқпын ғой, сыртында отырмын ғой, сонда да мені қуасың ба дейді. Ол заманда адамдар ғалымдардың атын білгенімен, көрмегеннен кейін түрлерін танымайтын еді. Әлгі қарауыл дөрекілік танытып, имам Ахмадтың екі аяғынан ұстап, жолдың ортасына дейін сүйреп апарып тастайды.

Сол кезде мешітке қарама-қарсы жолдың арғы бетінде бір наубайханашы өзінің тірлігін істеп жүр еді.  Оқиғаның мән-жайып көріп тұрған наубайханашы имам Ахмадқа барып, жататын орның болмаса менің наубайханама кел, мұнда жататын бір кісілік орын бар дейді. Имам Ахмад наубайханаға кіріп, жайғасады. Әлгі наубайханашының тірлігіне қарап отырып, оның қамыр илеп жатқанда, қамырды көмбеге жауып жатқанда, отын дайындағанда, тіпті әр істе «Астағфируллаһ» деп үнемі айтып жүретінін байқайды.

Имам Ахмад оған қарап, тамсанып, бұлай зікір етуді қашаннан бастадың, қиын емес пе деп сұрайды. Сонда наубайханашы: осылай зікір етуді бастағаныма біраз жыл болып қалды, маған қиын емес, үйрендім дейді. Имам Ахмад сұрағын тағы жалғастырып,  осы айтып жүрген зікіріңнің берекесін сезінесің бе деп сұрайды.  Иә, сезінемін, әрдайыи истиғфарды айтқан сайын әр ісіме береке кіреді, Алладан не сұрасам, Алла маған соның бәрін береді дейді наубайханашы.

Барлық дұғаларыңды қабыл етіп,  сұрағаныңның барлығын береді ме деп сұрайды тағы да имам Ахмад. Сонда наубайханашы былай деп жауап береді: осы уақытқа дейін барлық сұрағанымды беріп, дұғаларымды қабыл етіп жатыр, бірақ бір ғана дұғам қабыл болмай келеді дейді. Имам Ахмад: ол қандай дұға?,  - деп сұрағанда, наубайханашы: Имам Ахмад ибн Ханбал деген ғалым кісіні бір көрсем ғой деп дұға қыламын, бірақ бұл дұғам қабыл болмай жатыр дейді.

Сонда имам Ахмад ағыл-тегіл жылап, міне сен дұға еттің,  үнемі истиғфар айтасың, Алла сенің бұл дұғаңды да қабыл етті. Сен көргің келген сол  имам Ахмад ибн Ханбалды Алла Тағала сенің наубайханаңа екі аяғынан сүйреп тұрып алып келді, мені мешіттен қуып, екі аяғымнан сүйреп көшеге шығарып тастаған  мешіт күзетшісі емес, Алла Тағала екен ғой. Сол имам Ахмад менмін деген екен.

«Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар».  («Бақара» сүресі, 152-аят).

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

 
Толығырақ ...

Мұрат ЖҰРЫНОВ: БІЛІМДІ ОЗҒАН, БІЛІМСІЗ ТОЗҒАН ЗАМАН

ҰҒА президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрыновпен білім саласының бүгіні мен болашағы жайлы сұхбаттасқан едік. Сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Мұрат Жұрынұлы, сіздіңше адамның интеллектуалдық өресі туғаннан пайда бола ма, әлде өзін дамыту арқылы қалыптаса ма?  

– Адамзат баласы жер бетінде пайда болған дәуірден бері оның ақыл-ойы, сана-сезімі, бүкіл болмысы білім алуға бейімделе бастаған. Ізденіс, зерттеу, әр іске ой жүгірту – адам табиғатында әу бастан көрініс тапқан құбылыстар.

Өйткені, Алла Тағала адамға ерекше сана берген. Құранды ашып оқысақ, көптеген сүреде білім алудың артықшылығы туралы айтылған. Тіпті, хадисте «Білім алу – мұсылман баласына парыз» деп жазылған.

Пайғамбарымыздың хадистеріне қарасаңыз, әр мұсылманды білім алуға шақырған. Сондықтан, білім алу – мәңгібақи күн тәртібінен түспейтін мәселе. Неге? Білімді озған, білімсіз тозған заман. Бұл аксиоманы өмірдің өзі дәлелдеумен келеді. Ал сұрағыңызға қатысты менің жауабым: үнемі ізденіс пен зерттеудің арқасында адамға білім қонады. Кей тұлғалар тума талант болуы мүмкін. Бірақ оны шыңдап отырмаса, темірді тот басқандай, талант деген қабілет өздігінен төмендей береді. Барлық нәрсе еңбекпен келеді емес пе?    

– Бір сұхбатыңызда «біздің халық 100 пайыз сауатты» депсіз...

– Бізде білім алуға мүмкіндік бар. Халқымыз өзге елдің азаматтары секілді сауатсыз емес. 1995 жылдары Білім және ғылым министрі болып тұрған кезімде АҚШ-қа іс-сапармен бардым. Сол кезде америкалық әріптесім: «Сіздерде халықтың қанша пайызы сауатты?» деп сұрады. Мен: «100 пайыз сауатты» деп жауап бердім. Расында солай ғой. Біздің елде оқи алмайтын, жаза алмайтын адам жоқ. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу.

Сонда әлгі америкалық әріптесім таңқалды. Мен де сұрастырып көрсем, ол жақта халықтың 8 пайызы хат танымайды екен. Бұл көрсеткішті санмен есептесеңіз «Америкада 16 миллион халық сауатсыз» деген сөз. Бұл біздің халықтың санымен бірдей.

Пәкістанды мысалға келтірейін. 100 миллионнан астам халқы бар осы елде небары бір ғана техникалық оқу орны бар. Қалғаны – гуманитарлық бағытта оқытатын оқу орындары. Біздің елде 20-дан астам техникалық бағытта оқытатын университет пен институт бар. Алайда бұл көрсеткішпен тоқтап қалуға болмайды. Біз үшін ең басты мәселе – саннан сапаға көшу.

– Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады?

– Соңғы кездері мені мазалап жүрген бір мәселе – оқу орындарын жабу немесе жекеменшікке өткізу. Оқу орнын жабуға негізгі себеп ретінде білім көрсеткішінің төмендігін алға тартады. Бұл қалай болғаны сонда? Институттың немесе университеттің рейтингі төмен болса оған ректор кінәлі емес пе? Не үшін ол оқу орнын жауып тастау керек?

Ректор нашар жұмыс істеген соң оқу орнының білім көрсеткіші төмен болатыны – заңды құбылыс. Сондықтан, мен институтты жауып тастаудан бұрын ректорды жұмыстан босату керек деген ұстанымды алға тартамын. Институтты шетінен жауып тастай берсек, ертең ондай оқу орындарын таппай қаламыз. Басшының немқұрайлығынан үлкен оқу орны жабылып жатса, онда білім алып, ғылыми ізденіп жүрген студенттің, жұмыс істеп, отбасын асырап отырған мұғалімнің не жазығы бар? Обал емес пе? Бір адамның немқұрайлығы қаншама жанның тағдырына әсер етеді...

Осы ретте біздің министр оқу орнын жауып тастағаннан гөрі мәселеге талдау жасап, білім сапасын көтеруге пәрмен беруі керек деп ойлаймын.   

– Еліміздегі білім сапасын көтеру үшін бізге қандай қадам қажет?

– Біз әлемде ғылым және технологиялық даму дәрежесі бойынша 107-орында екенбіз. Бұл – үлкен мәселе, ойланатын жағдай. Екіншіден, білім саласын бизнеске айналдыруға болмайды. Кез-келген оқу орны табыс табудың құралы болмауы тиіс. Үшіншіден, ғылым қашан да мемлекеттің қамқорлығын қажет етеді. Әлем елдерінде ғылым академиясы мен ғылыми институт мемлекеттік мәртебеге ие. Бұл – көңіл бөлетін өзекті мәселе. Төртіншіден, білім мен ғылым қаржының күшімен дамиды. Мұнайдан түскен қаржының белгілі бөлігі міндетті түрде ғылымға жұмсалуы керек. Онсыз ғылыми жобалар жүзеге аспайды. Бесінші, білім саласындағы басшыларды тағайындау жүйесіне өз басым қарсымын. Басшылар конкурс немесе әділ сайлау арқылы қызметке қабылдануы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда білімнің көсегесі көгермейді.

– Бүгінгі заманның жастары көп жағдайда ғалымға емес, әртіске еліктейді. Неге?

– Оның өзіндік заңдылығы бар. Өйткені, қазір ғалымдардың емес, әртістердің дәурені жүріп тұр. Олардың жеке өмірінің жарнамасы да телеарнаны, интернетті «жарып» тұр. Қазір теледидардың қай арнасын басып қалсаңыз да әртістерді көресіз. Олардың 3-4 арнайы арнасы бар емес пе? Барлық өсек-аяң, жалаңаштық, әдепсіздік, қазақшалап айтқанда, жын-шайтанның ісі сол жерде насихатталып жатыр. Ал еңбек озаттары қайда? Ірі зауыттарға табысты басшылық жасап жүрген директорлар, дүниежүзін мойындатқан ғалымдар мен жазушылар қайда? Оларға ерген талантты жас мамандар қайда? Міне, бізді осы сұрақтар ойландыруы керек. Қай заманда болсын, әр салада жетістікке жеткен адамдар қоғамның абыройлы тұлғаларына айналған. Сондықтан біз білім озаттарын көбірек насихаттауымыз керек. Адами құндылықтар қашан да біліммен, әдеппен, адамгершілікпен өлшенген.

– Құндылықтар дегеннен шығады, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумын өткізді. Осы форумда «Жеті рухани қазық» құжаты қабылданды. Жеті рухани қазықтың бірі «білімділік» деп аталады. Сіз қашан да білім мен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын айтып жүресіз...  

– Ислам озық ой мен прогрестің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да адамзатты білімге, оқуға үндеді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға үлкен сабақ.

Ислам діні қоғамдағы кез келген келеңсіз мәселені шешуге қауқарлы. Қазір әлем елдері қарақшылықтан, ұрлық-қарлықтан, жезөкшелік пен нашақорлық дертінен айығудың жолын таппай, сарсаңға түсуде. Ал Ислам діні мұндай қатігездік пен күнәға жол бермейді. Сондықтан біз өз ата дінімізге деген көзқарасымызды түзеуіміз керек.

Сұхбаттасқан Алғадай АРЫН

«Мұнара» газеті, №6

 
Толығырақ ...

Имандылық - рухани қазығымыз

Иман дегеніміз – Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне сену һәм Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, Ахирет күніне, жақсылы-жаманды тағдырға, өлгеннен соң қайта тірілуге кәміл иман ету.

Иманның осы аталған парыздарымен бірге оның кемелділігін білдіретін бөліктері де бар. Ол туралы имам Мүсілім жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Иман жетпіс бірнеше бөліктен тұрады. Ең абзалы – «Алладан басқа құдай жоқ», ең төмені – жолда көлденең жатқан затты алып тастау. Ұят та иманның бір бөлігі», - деген. Демек, иманның парыздарын жүрегімізге орнықтырғанымыздан кейін оның толықтыратын ізгіліктерді атқарсақ, нағыз кемел иманға, имандылыққа жете аламыз.

Имандылық ұғымы «иман» сөзінен туындайды. Бұлар бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Имандылық бар жерде иман бар, иман бар жерде міндетті түрде имандылық болуы тиіс. Иманды ғұмырлық ұстанымына айналдырған мұсылман тіршілігіндегі барлық істерін иман негізінде қарастырады. Осылайша имандылық оның ажырамас сипатына айналады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында былайғы жұрт өзгеге жайдары жүзбен, риясыз көңіл, ізгі ниетпен қарым-қатынас жасайтын жақсы жасты көргенде: «Әп-бәрекелді, жүзі жылы, иманды, тәрбиелі бала екен» деп сүйсініп жатады. Міне, бұл отбасымен, әулеттегі дұрыс та түзу тәрбиенің жемісі. Имандылық – көркем мінездің, биік ахлақтың, бекзаттықтың өзегі әрі діңгегі. Имандылық жоғалғанда жақсы мінез де, барлық адамгершілік те бірге кетеді.

Қадым заманнан бері қазақ қоғамында имандылық мінез-құлықтың өзегіне айналған. Қазақилық сипат дегеннің өзі имандылықпен мағыналас. Қазір жаһандану заманында имандылықтан да, қазақылықтан да алыстай бастаған бәзбіреулер бой көрсете бастады. Мұны ұлттық әрі имани тәрбиенің кемшіндігінен деуге болар.

«Имандылық» сөзі қазақ халқының ұғымында иманды, салауатты жан дегенді білдіруімен қатар, бүкіл адамзатқа ортақ адамгершілік қағидаларын сақтау, өзгенің ақысын жемеу, қоғамға қайырлы азамат болу дегенді де білдіріп, жалпы мораль деген ұғымға да саяды. Имандылық – жеке тұлғаның қоршаған ортадағы, күнделікті тіршіліктегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адамның ар-ұжданын, биік ахлақтық ұстанымын, рухани-ахлақтық бет-бейнесін, қоғаммен берік қарым-қатынасын көрсетеді. Бұл жағынан алғанда имандылықтың мәні «Ең қайырлы адам – өзге адамдарға пайдасын тигізетін жан» деген хадис шәріппен үндес.

Имандылықтың аясында біз діни қағидаттармен бірге баланың ата-анасымен, жұбайымен, қоршаған ортамен игі қарым-қатынасын, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлауын, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды құрамдас мәселелерін де қарастырамыз. Біздің асыл дініміз әрбір ізгілікті имандылықтың аясында қарастырып, оны жоғары бағалайды. Мысалы, хадис шәріпте әбден қаталап, өлуге айналған итке су берген жанның жұмақтық болғаны айтылады, келесі риуаятта бір әйел мысыққа жасаған жақсылығы үшін жәннаттық атанған. Ақылсыз жануарға жасаған жақсылық үшін көрсетілген құрмет осыншалықты биік болса, адамзатқа жасаған игіліктің сауабының байыбына бара беріңіз.

Имандылық – мұсылманның бет-бейнесі. Қазіргідей сынаптай сырғып, сағат сайын өзгеріп, қарыштап дамып бара жатқан дегбірсіз дүлей заманда қатардағы мұсылман қалай имандылығына берік болып қалмақ? Мұсылманшылығымыз тек тілімізде болып қалмай, ділімізге терең сіңуі үшін не істеу керек? Ол үшін ең алдымен имандылық тәлім-тәрбиесі қажет. Өскелең ұрпаққа иман негіздерін үйретіп, оның бөліктері туралы да оқыту керек. Құдайға шүкір, ол үшін біздің имандылық ордалары – мешіттеріміздің есігі әрдайым ашық. Онда діни дәрістер үзбей жүргізіліп келеді.

Ұрпаққа имани тәрбие беру ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан қорғаңдар!» деп бұйырған. Имам Хәкім жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Балаларыңның тілін «Лә иләһә иллал-ламен» ашыңдар», - дейді. Ал басқа бір риуаятта: «Кісінің өз баласына әдеп үйретуі көп садақа бергенінен қайырлы» делінген (Термези риуаяты).

Имандылық тәрбиесі – ең алғашқы әрі маңызды білім. Алаш арысы Міржақып Дулатұлы айтқандай:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.

Шарттарын исламның кәміл білсең,

Ахиреттік азық берер шын ғылымың.

Бұйырған, тыйған ісін шариғаттың,

Секілді парыз, уәжіп мұны ұғуың.

Хат жазып, түркі танып, Құран оқып,

Қырағат қағидамен жүргізуің.

Аталған жәйт, негізінен, жеткіншек ұрпаққа қатысты. Ал үлкендер жағы, жалпы қоғам имандылықты сақтауда қандай қарекет жасауы қажет? Әрине, ол үшін бізге ата-бабамыздан аманат болып қалған дәстүрлі имани һәм ұлттық құндылықтарымызға оралып, оны жандандыруымыз керек.

Имандылық тұрғысынан қарастырған болсақ, қоғамда қордаланған көп мәселенің түйіні оңай шешілер еді. Рухани қазық болып табылатын имани тұрлаулылық пендені жаза бастырған емес-ті.

Исламның әрбір ғасырға да лайықты дін екендігін ескерсек, заманына сай салиқалы да салауатты ғұмыр кешу әрбір мұсылманға сын. Имандылық қазіргі заманда қатардағы мұсылманнан бұрын ең алдымен діни қызметкерлердің бойынан міндетті түрде табылуы тиіс сипат. Әлбетте, діни қызметкер иманның жайын басқалардан гөрі жақсырақ біледі. Дегенмен, имани қағидаттарды, адамгершілік нормаларын қатаң сақтай алған жан ғана діннің атынан сөйлеуге, халыққа уағыз-насихат жүргізуге құқылы. Діни қызметкер – дініміздің ай-насы. Былайғы жұрт имам-молдаларға қарап діннің қадір-қасиетін бағалайды. Сондықтан да әрқашан жұртты иман жолына үгіттеп, тікелей ағартушылықпен шұғылданатын шынайы діндар атына лайық болғанымыз жөн. Шын мәнінде, халықты имандылыққа, тәлім-тәрбиеге, парасаттылыққа шақыратын, жамағатты рухани іліммен сусындатып, тура жолға бағыттайтын рухани орын, ол – мешіт.

Жуырда Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Алқалы жиынның қорытындысында ел діндарлары «Жеті рухани қазық» атты мұсылман тұғырнамасын қабылдады. Аталмыш жеті қазық дегеніміз әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты – имандылықты, отаншылдықты, білімге құштарлықты, бірлікқұмарлықты, еңбекқорлықты, мәде­ниеттілік пен әділдікті қамтиды. Бүгін соның алғашқысы – имандылық жәйлі әңгімеледік. Келесі жолы өз ретімен басқа қазықтарға тоқталамыз.

Жаратқан Жаббар Иеміз имандылықты мызғымас рухани қазығымыз еткей! Қауымымызды имандылық салта-нат құрған қоғамға айналдырсын! Әумин!

Толығырақ ...

Атырауда мешіттердің жылдық жоспары нақтыланды

 іslam-atyrau.kz/27 қаңтар, 2020 жыл. Атыраудың орталық «Иманғали» мешітінде қала және аудан имамдары бас қосты.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы төрағалық еткен жиында мешіттердің жылдық жұмыс жоспары талқыға түсіп, нақтыланды.

Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасымен бекітілген негізгі төрт бағыт – сауат ашу, қайырымдылық, жат ағымдармен күрес және үгіт-насихат бағыттары бойынша атқарылатын жұмыстар сараланды.

Сонымен бірге, «30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара» жобасы аясында да нақты жоспарлар бекітілді. Айталық, аталмыш жоба аясында Атырауда Құран жарысы, Абайдың қара сөздерін жатқа айтудан облыстық бәйге және көкпар өтеді. Жылыой ауданында еріктілердің конференциясы ұйымдастырылады деп күтілуде.

«Біздің мақсатымыз – қоғамды бірлік туының маңына біріктіру. Біздің іс-шараларымыз бұқаралық сипатты қамтиды» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

ҚАЖЫЛЫҚ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСУДА

Сауд Арабия Королдігіне арнайы іс-сапармен барған қазақстандық делегация 2020 жылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары бойынша бірқатар ресми кездесулер өткізді.

Қазақстандық делегация Сауд Арабиясының Азаматтық авиация комитеті, Түркия және Еуропа қажыларының қажылығын ұйымдастыру басқармасы, Көлік қатынастары кәсіподағы, Қажыларды топтастастыру мекемесі, Электронды жүйе кеңсесі, Біріккен өкілдер кеңсесі сынды қажылықты ұйымдастыруға жауапты бірқатар мекеме өкілдерімен жүздесіп, келісім жүргізді.

Делегация құрамында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Досымжан Нұрбаев,  Бас мүфти кеңесшілері Бижігіт Қойшиев, Балтабай Мекежанов, Қазақстанның Жидда қаласындағы консулдық басшысы Талғат Шалданбай, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов болды.

Кездесулерде 2019 жылғы қажылық маусымы кезінде кездескен кейбір қиындықтар талқыға салынып, ондай мәселелердің алдын алу бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ 2020 жылдың қажылық маусымында қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша жасалып жатқан жаңа талаптар мен ережелер талқыланды. Кездесулер нәтижесінде қажылыққа жауапты әрбір мекемемен жеке-жеке келісімшарт жасалып, қол қойылды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бастаған делегация Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрінің орынбасары Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшаттың қабылдауында болған еді. Басқосуда Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшат Қазақстанның қажылары үшін 2020 жылға 3000 қажыға орын бөлінгенін хабарлады.

 
Толығырақ ...

Атырауда "Иманғали" орталық мешіті Абайдың қара сөздерін жатқа оқудан бәйге жариялады

  іslam-atyrau.kz/27 қаңтар, 2020 жыл.   ҚМДБ Атырау өкілдігінің ұйымдастыруымен Хакім Абайдың қара сөздерін жатқа оқудан ерікті жастар арасында облыстық сайыс өтеді.


Сайысқа 12-35 жас аралығындағы Атырау облысының кез-келген тұрғыны қатыса алады.

Үміткерлерді тіркеу және іріктеу 4.02.2020 - 9.03.2020 аралығында өтеді.

Қатысушылардың саны шектеулі, яғни, 30 үміткер ғана қатыса  алады.

БАС ЖҮЛДЕ - Кіші қажылық (Умра)
І орын - 150 000 тг
ІІ орын - 100 000 тг
III орын - 50 000 тг

Ынталандыру сыйлығы - 20 000 тг (үшеу)

Әрбір қатысушы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Өтетін уақыты: Наурыз айы, 2020 жыл.

Нақты күні қосымша хабарланады.

Барлық сұрақтар бойынша: +7 708 524 9894 Мақсат Қайратұлы

"Иманғали" орталық мешітінің әкімшілігі

Толығырақ ...