Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ислам және отбасы

 Отбасын құрып, бала сүю – адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті, адами тұрғыдан алғанда парыз болып саналады.

«Ақ неке», «киелі неке», «ақ отау», «қасиетті шаңырақ» сынды тіркестер арқылы да, ата-бабаларымыз  отау құрудың маңызын асқақтатып, қасиетін ұғындырып отырған. Ең алдымен, неке – Алланың алдындағы аманат. Осы ретте бүгінгі тақырыбымызды имандылық пен ізгіліктен бастау алатын Ислам дініндегі некенің шарттарына арнағанды жөн көріп отырмыз.

Шариғат бойынша неке қиюда үш бірдей негізгі талап орындалуы керек. Біріншіден, неке қию үшін қалыңдықтың әкесінен рұқсат алынуы міндетті. Әкесі қашанда қызының бақташысы, яғни, оны бағып-қаққан адам. Әкесі болмаса, күйеу жігіт тарапы әкесінің ағасынан не інісінен рұқсат алуы керек. Қазақта да «ата-ананың батасын алу» деген керемет дәстүр бар. Ислам ғалымдары да осы үрдісті басшылыққа алуды бұйырады. Екіншіден, некенің қиылуына қос куәгер керек. Және ол куәгерлер жұбайлардың жақын туыстары болғаны абзал. Неге? Айталық, жұбайлардың мінездері үйлеспей немесе бір-бірімен түсініспей қалған жағдайда, оларды татуластыратын ең алдымен куәгерлері болады. Одан кейін әйелдің хақысы, яғни, сыйлық берілуі керек. Осы үш шарт орындалғаннан кейін ғана неке қиылады.

Ерекше назар аударарлық тағы бір мәселе - Құранда ер адамдардың әйел адамдарға қарағанда үстем екендігі айтылады. Бұл жерде «үстем» деген сөз ер адамның отбасын асыраушы, қорған ретіндегі роліне маңыз беру мағынасында қолданылып отыр.

Қай заманда да ер азамат нәпақа табушы, отбасын барлық керек-жарағымен қамтамасыз ететін адам ретінде айтылып келді. Демек, өзінің қанатының астындағы балапанды құстар қалай қорғаштаса, ер адам да отбасына солай қарауы керек. Ал, әйелдің басты парызы – отбасының берекесін келтіру, күйеуіне мойынсұну және балаға тиісті деңгейде тәрбие беру.

Қасиетті Құранда: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» деген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасынының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс. Әйел болмысы басшылық не қаттылыққа емес, керісінше, мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттілікке бейім.

Асылында, Алла Тағаланың алдында пенде еркек немесе әйел болғандығымен, байлық, мансабымен емес, иманының деңгейімен өлшенеді. Олай болса, некені сақтап, салиқалы ұрпақ тәрбиелеудің басты құпиясы – өзара сыйластықта жатса керек.

Назарбай АБДУРАМАНОВ, Атырау қалалық Құспан молла мешітінің наиб имамы.

 

 

Толығырақ ...

Әһлу сүннет ақидасын жүйеге келтірген имам ағзам Әбу Ханифаның еңбегі

Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, жол бастар етуші, Алланың Елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) және оның сахабаларының ақида (сенімін) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер «Әһлу суннет уәл-жамағат» деп аталады. Әһлу сүннет уәл-жамағат қазақша мағынасы – «сүннет халқы және жамағат». Яғни сүннетті ұстану – Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жүрген жолын ұстануды білдіреді.

Ал, мұның Әһлу сүннет уәл-жамағат деп аталу себебі Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмметі жайлы айтқан мына дүниеден бастау алады:

«Яһудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жаннатқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», - дейді. Сонда қасында тұрған сахабалардың біреуі тұрып: «Я, Расулуллаһ! Жаннатқа баратын топ қайсысы?», - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап береді.

Әһлу сүннеттің ақидасына қатысты алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың бірі – имам ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Ол ханафи мәзһабының негізін қалаушы. Сонымен қатар ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі.

Әһлу сүннет мәзһабы адасушы мәзһабтарға (әһлу бидғат) қарағанда мынадай өзіндік ерекшеліктерге ие және ақидасы да осы қағидалардың төңірегінде құрылған:

1. Барлық әлем мен тіршілік иелері кейіннен жаратылған.

2. Әлем босқа жаратылмаған, оның өзіндік мән-маңызы мен ерекшелігі бар.

3. Әлемдер мен күллі тіршілікті жаратушы – Алла.

4. Алла жалғыз, бастауымен соңы жоқ. Ол тумаған, туылмаған. Ол уақыт, мекен һәм тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес және Одан басқа тәңір жоқ.

5. Алланың әзәли (бастауы жоқ), әбәди (соңы жоқ) затынан бөлінбейтін сипаттары бар.

6.  Алла ақыретте мүминдерге көрінеді.

7. Тағдыр (қадар) хақ. Бірақ, құл іс-қимылдарын мәжбүрлікпен емес таңдау еркі арқылы жасайды.

8. Пайғамбарлардың муғжизасы, әулиелер және олардың көрсеткен кереметтері хақ. Бірақ, ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәрежә тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.

9.Алланың кәләмы әзәли (басы жоқ). Алланың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.

10. Ақырет және ондағы болатын жағдайлар хақ (жаннат, тозақ, таразы).

11. Пайғамбардың (с.ғ.с.) кейін ең ұлы кісі Әбу Бәкір, одан кейін кезегімен Омар, Осман және Әли. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады және оларға тіл тигізуге болмайды.

12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады. (Мәлики, Шафиғи, Ханбалидің пікірі бойынша, амал иманның бір бөлігі. Бірақ амал етпеген діннен шықпайды, ондай жан күнәһар болады).

13. Бір әмірші тағайындау мұсылмандарға парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлау арқылы жүзеге асады.

14. Алла Тағала адамдарды жаратқан секілді, олардың іс-амалдарын да жаратады. Пенде қандайда бір істі істеу үшін өз еркімен таңдау жасайды, ал Алла Тағала оның таңдауына сай ісін жаратады.

15. Жақсылық жасағанға – сый, жамандық жасағанға – жаза беріледі. Бірақ, Алла қалаған мүмин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.

16.  Ислам дінін қабылдаған, әрі мүмин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:

а) Алла Тағаланы жоққа шығарса;

б) Аллаға серік қосса;

в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етсе;

г)Харам екендігі нақты білінген (аят пен хадис арқылы бекітілген үкімдерді) нәрсені халал деп не керісінше халалға харам деп сенсе.

 

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

Жылыой мұсылмандар мешітінің ұстазы.

 

 

 

Толығырақ ...

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Әділін айтқанда, елімізде әр азаматтың тұрмыс-тіршілігі мен игілігі үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, жұмыс жүйелі жүзеге асуда.      

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселесіне басымдық берді. Жекелеген азаматтардың өтініш-тілектері мен талаптары міндетті түрде орындалатынын мәлімдеді.

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым талап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», – деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.

Осындайда халық даналығында айтылатын:

«Жаман ердің қайғысы,

Өз отының қасында.

Жақсы ердің қайғысы,

Ауылының басында», – деген орамдар ойға оралады...

Президент қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беру қажеттігін атап өтті. Расында, бұл – өте өзекті мәселе. Біз тәуелсіздік жылдарында қандай асудан асып, нендей белесті бағындырсақ та бірлігіміздің арқасында қол жеткіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем мойындаған ғұлама әл-Фарабидің 1150, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырды. Бұл бастаманы еліміздегі дін ғалымдары мен мұсылман қауымы да үлкен қуанышпен қабылдады. Ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, т.б. тұлғаларымыздың өмірі мен өшпес мұрасы құнды құрал бола алады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр жылы» бастамасы аясында уағыз-насихат жұмыстарында қазақ халқының би-шешендері мен ақын-жырауларының, ғұлама-ғалымдарының ұлағатты сөздерін, тағылымды тұжырымдарын насихаттап келеді. Бұл игі іс әрдайым жалғасын таба бермек.

Мемлекет басшысы Жолдауда экономикалық әлеуетімізді арттырумен қатар, білім сапасын көтеруге айрықша мән берді.

Иә, білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білімде. Ғылымнан асқан қымбат дүние жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, әлемнің ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе – елге қосқан үлесі осы болмақ.

Алла Тағала мемлекетіміздің болашағын баянды етіп, халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы игі істерімізге береке бергей! Әмин!

 

Серікбай қажы ОРАЗ, 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Толығырақ ...

"Мектепке жол": Жұлдыз мешітінде 36 балаға оқу құралдары тапсырылды

islam-atyrau.kz/3 қыркүйек, 2019 жыл.  Оқу жылының басталу құрметіне Жұлдыз мешітінде бір топ мектеп оқушыларына сыйлық үлестірілді.

Әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлықты қажет ететін  отбасылардың балаларына таратылған сөмкелердің ішіне мектепке қажетті оқу құралдары  салынған. Барлығы 36 отбасының баласы қамтылған қайырымдылық акциясы кезінде Жұлдыз мешітінің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы білім алу мәселесі исламда ер мен әйел баласына бірге парыз етілгендігін атап өтті. «Қандай жағдай болмасын, отбасы, мектеп, қоғам болып бірлесіп, баланың білім алуына жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі қайырымдылық шарасы республиканың түкпір-түкпіріне шарлаған «Мектепке жол» акциясына мешітіміздің қосқан үлесі болып отыр» деді ұстаз Ардақ Жұмабекұлы.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...