Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ (ФОТО)

 islam-atyrau.kz/27 қыркүйек, 2019 жыл.  Еуразия шығармашылық одағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Оразды «Полиэтникалық Еуразияның руханиятын сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін» номинациясы бойынша арнайы сертификатпен және бағалы сыйлықпен марапаттады.

Марапаттау рәсімі Алматы қаласында Ресей Федерациясының Бас консулы кеңсесінде өтті.

Бұл – тұлғалардың өнер, әдебиет, ғылым, спорт және әлеуметтік маңызды жетістіктері үшін Еуразиялық шығармашылық одақ тарапынан берілетін марапат.

Аталған халықаралық жоба 2013 жылдан бері жүзеге асып келеді. Еуразиялық шығармашылық одақ – тұлғалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін қолдау мақсатында құрылған коммерциялық емес қоғамдық ұйым.

 

 
Толығырақ ...

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКИЯ МҮФТИІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

   islam-atyrau.kz/27 қыркүйек, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Мәскеу қаласында өткен "Ислам жаһандық әлемде: мұсылмандық мирас пен мәдениетаралық диалог" атты халықаралық конференция аясында Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, профессор, доктор Әли Ербашпен кездесті.


Кездесуде бауырлас елдердің руханият саласындағы байланысы сөз болды. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан және Түркия мұсылмандары діни басқармалары арасында қабылданған әріптестік меморандум аясында жүзеге асып жатқан жобаларды талқылады. Атап айтқанда, дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін арттыруға бағытталған ортақ келісім туралы сөз болды.

Өз кезегінде Бас мүфти Серікбай Сатыбалдыұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан Әли Ербашқа, Түркия Дін істері басқармасы ұжымына айрықша алғыс білдірді.

Кездесу соңында алдағы аптада Бас мүфтидің Түркияға жасайтын ресми сапары пысықталды.


 
Толығырақ ...

Жылыой орталық мешітінде жамағатқа жаңа кітаптар таныстырылды

islam-atyrau.kz/27 қыркүйек, 2019 жыл. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарық көргені белгілі.

Сонымен қатар, «Пайғамбар ақидасы» және «Негізгі діни мағұлматтар» атты кітаптар жұмаға жиналған дүйім жұртқа таныстырылды. «Аталған кітаптардың әрбірі өзіндік ерекшелікке ие» дейді Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев.                  

       - Жамағат арасында ақида мәселесінде талас-тартыс бары жасырын емес, оның соңы бөлінуге, дау-жанжалға апарады. Мұсылманның ақысын өтеуге тосқауыл болып, дұшпандыққа жол ашады. Мүминнің татулығы оның сенімімен тікелей байланысты. Сенімі бір болса, барлық жақсылық сонда басталады, бізге жетіспей тұрған бір кем дүние осы. Біз таныстырған кітаптар жамағат ауызбіршілігін арттырады деп сенеміз» дейді Жылыой ауданының бас имамы Арман Исаев.                  

         Атап өтер жайт, алдағы уақытта мешіт ұстазы Дастан Сүлейменов осы кітаптардан жүйелі түрде дәріс жүргізетін болады.

 

Жылыой аудандық мешітінің  баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Исламдағы нағыз ер жігітке тән сипаттар

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Алла бізді жоқтан бар етіп сансыз нығметтер берді. Онымен қоса ақ пен қараны ажыратып жәннаттың жолын адамзатқа көрсеткен Пайғамбарлар (с.ғ.с) жіберді.

Нағыз ер дегенде көз алдыңызға кімді елестетесіз? Биалогоиялық тұрғысынан мықты адамды нағыз ер деп ойлайды көпшілік қауым. Шындығында олай емес. Өз нәпісінің құлы болып, болмашы нәрселерді әдетке айналдырып, әлсізге

әлімжеттік жасап, өзін нағыз ермін деп жүргендер қаншама. Өзі қоғамға сыймай, көлігі көшеге сыймай, түртіп кеткенге жұдырығы дайын тұратын, болмашы нәрсені абырой санап, намыс санап сол үшін шамасы келсе қол жұмсап ұратын жастардың қарасы көбейіп барады.

Ақан Сері атамыздың:

Жігіт боп гауһар тастай асыл болса,

Әлсізге жаны кілең ашыр болса.

Әрқашан жігіт сондай тәуір болмас,

Не пайда шүберектей жасыл болса.

Көзі де, көңіл де соқыр қараңғының,

Несі адам түк білмейтін масыл болса - деген өлең жолдары ойлантады.

Ақынның өлеңінен анық байқағанымыздай, ер жігітке тән сипаттардың бірі ол - білімді болу. Білімнің ең абзалы - Алланы танып білу дейді ғұламаларымыз. Себебі, Алланы және оның пайғамбарын таныған адам әлсізге араша боп,  еліне, жұртына пайдалы, көзі ашық көкірегі ояу болмақ.

 Алла Тағала Тәубе сүресінің 108-ші аятында "Алғашқы күннен тақуалық негізде салынған бұл мешітте намаз оқуың әлдеқайда артық. Ол жерде тазалануды жақсы көретін нағыз ерлер бар. Алла да тазаланғандарды жақсы көреді",

 Бұл аяттағы "رجال" сөзін "нағыз ерлер" деп аударуды жөн санадық. Ұлы Алла мешітке келіп тазалануды қалаған адамдарды "нағыз ерлер" деп атап отыр. Міне, Алла Тағала жүрегін мешітке байлап, бойына тек жақсы сипаттарды сіңіріп, жаман сипаттардын арылу үшін намазын оқып, оған қоса мешіттің құрылыс немесе әртүрлі қажетіне жарап жүрген адамды нағыз ер деп атап отыр.

Ер жігітке тән ерекше сипаттардың және біреуі үнемі Алланы еске алуы. Тілін жаман сөздерге әуес қылмай, жақсы, мәні мағынасы бар Алланы еске алатын сөздерді көп айтуы. Ұлы Жаратушымыз бұл жайында Құран Кәрімде былай дейді: «(Бұл нұр) Алланың жоғары бағаланып, ішінде өз атының зікір етілуіне рұқсат берген үйлерде болады. Ол жерде ертелі кеш Алланы дәріптейді. Сондай ер-жігіттер бар, олардың күн көріс көзіне айналған саудалары да, алу-сату істері де оларға Алланы еске алуына, намазды толық орындауына зекетті үзбей беруіне кедергі бола алмайды» (Нұр сүресі. 27/36-37).

 Алланың үйіне Құдайдан қорқатын ықыласты адамдар жиналады. Өткінші дүниеге алданбай, ризықты тек Алла беруші деп сеніп, Алланы көп еске алып, зікірде болған жандарды Алла Тағала нағыз ерлер деп атаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенетін болса, көршісін құрметтесін, кімде кім Аллаға және ақырет күніне сенетін болса, қонағын күтсін, кімде кім Аллаға және ақырет күніне сенетін болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген.

Демек, жақсы сөздердің ең ұлысы әлбетте Алланы еске алу мақсатында айтылған сөздер. Алла Тағала бізді Құранда баяндағандай жандардан болуды нәсіп етсін. Әмин.

А. АБДИРОВ,

Қ. Мұңайтпасов мешітінің наиб имамы.

Атырау қаласы, Жұлдыз ықшамауданы.

Толығырақ ...