Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ізгілік іздері: Мәулімберген мешітіндегі игі іс

 islam-atyrau.kz/14 тамыз, 2019 жыл.   Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылының тұрғындары қасиетті Құрбан айт мерекесі кезінде ізгілікті істің куәсі болды.

Айт намазы кезінде мешіттің ішкі залымен бірге, ауласы жамағатқа лық толған Мәулімберген мешітінде мереке күндері қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.

Мәселен, аталмыш мешітте әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отыз шаңыраққа құрбан малының еті таратылды. Соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық пакеттерін аталмыш мешіттің бас имамы бастаған топ өз қолымен тапсырды.

"Құрбан айт - ізгі амалдар арқылы Аллаға жақындайтын мереке. Бұл күндері құлшылықпен бірге, қайырымдылық амалдарын да көптеп жасағанымыз абзал" дейді Мәулімберген мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов. 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Құрбан айт: Атырау қалалық Құспан молла мешітінде бірнеше отбасыға қаржылай көмек берілді

 islam-atyrau.kz/13 тамыз, 2019 жыл. Құрбан айт мерекесі Атырауда жоғары дәрежеде аталып өтті.

Бұл күні бір ғана Атырау қалалық Құспан молла мешітінде 150-ге жуық отбасыға құрбан малының еті таратылып, бірнеше отбасыға қомақты көлемде қаржылай көмек көрсетілді.

"Құрбан айт барша мұсылманды біріктіретін ұлық мереке. Бұл мереке кезінде біз көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, асыраушысыз қалған мүгедек жандарға көбірек назар аударып, негізінен осы санаттағы қамкөңіл азаматтарымызға қолдау көрсеттік. Қасиетті мереке кезінде жамағат  бірлігіне тағы бір мәрте куә болдық. Себебі, мешіт ұйымдастырған барша ізгі істердің бастауында жамағат тұрды" дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров. 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Ислам – береке-бірлік негізі

Ислам сөзі – «амандық, есендік, мойын сұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни, ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз.

Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы Пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107) делінген.

Қасиетті Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса назарда насихаттайды.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда:   

 «Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13 аят), - деп бұйырса, Пайғамбарымыз  да былай дейді: «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Хз. Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ, осыны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хз. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Хз. Пайғамбарымыз мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын Хз. Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Хз. Пайғамбарымыз  көйлегін береді. Міне осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Хз. Пайғамбардан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни, қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жеткізді.

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:

1. Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз  былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Аллаһ та оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).

2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бірқалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).

3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Мұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

4. Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз  бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,-деген.

5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199)

 Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.  Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

 

Ерболат БОХАНОВ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.  

Толығырақ ...

Отан – оттан да ыстық

Отанды сүю – қоғам қауіпсіздігін, тұтастығын сақтау.

Қоғамның бірлігі, әлеуметтің бір сөзділігі Отанның қуаттылығының жарқын белгісі болып табылады. Жаратқан Ие бізді бір-бірімізбен тату болуға бұйырады. Ағайынның алтыбақан алауыз болмай, айрандай ұйыған ауызбірлікті болуына үндейді.

Алла Тағала былай дейді: «Аллаға және Оның Елшісіне бойсұныңдар, дауласпаңдар! Олай етсеңдер, бірліктерің кетеді. Сабыр етіңдер, Алла сабырлылармен бірге!» (Әнфал, 46-аят).

Мысалы, өзіне қатысы жоқ істер туралы, саясат туралы, жеке бір тұлғалар туралы негізі жоқ әңгімелерді айту, ел арасында күдік-күмәнді көбейтетін қауесеттер тарату исі мұсылманға жат қылық.

Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың елшісі былай деген: «Адамның мұсылманшылығының көркем белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы».( Тирмизи хадистер жинағы)

Мұсылман баласы қоғамның қауіпсіздігі, елдің игілігі үшін бір жақсылық жасай алмаса, онда бір зиян тигізбегенінің өзі жақсылыққа жатады.

Бұхари мен Мүслім жеткізген риуаятта ардақты сахаба Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарға : «Уа, Алланың Елшісі! Егер жақсылық жасай алмайтындай болсам не істеймін?» − деп сұрадым. Сонда ол (с.а.с.): «Адамдарға еш жамандық қылмауға тырыс. Расында, солай етуің өз-өзіңе берген садақа», − деді».

Отаны бірдің — тілегі бір, жүрегі бір

Дін және отан – өте қасиетті ұғымдар. Ел игілігіне тілектес діндарлар үшін де отаннан қымбат ештеңе жоқ. Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Қазірде елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар, мемлекетшіл мұсылмандар қажет.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы терең. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді. Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Себебі ынтымақты, иманды елді жау ала алмайды.

Алла Тағала былай дейді: «Алланың жібінен (дінінен) түгел ұстаңдар да, бөлінбеңдер!» (Әли Имран, 103-аят).

Біздің Отанымыз – Қазақстан

 Қазақстан елде тұратын 17 миллионнан астам адамның отаны. Сырт елдерде жүрген 5 миллиондай қазақтың жалғыз Отаны. Одан басқа Отан жоқ.

Еліміз жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында, ал мұсылман әлемінде ең үлкен аумақты мемлекет. Ислам әлемінің солтүстік және шығыс шекарасы Қазақстанмен аяқталады. Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың, бірнеше конфессиялардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл біздегі биліктің жүргізіп отырған дұрыс саясаттың нәтижесі.

Отан бізге не берді емес, біз Отанға не бердік

 Біз ортақ үйіміз, Отанымыз – Қазақстан үшін, еліміздің бірлігі үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Мемлекет бізге не береді деп емес, біз осы елдің дамуы үшін не істей аламыз деп жұмыс жүргізуіміз қажет.

Отанды қорғау – құрметті парыз

Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолындай қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

Алланың елшісі : «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз», – деген. (Тирмизи хадистер жинағы)

Отанымыз - біздің алтын шаңырағымыз. Әрдайым шаңырағымыз биік бола берсін! Алла отанымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, өмір бойы мәңгілік бақытқа жеткізе бергей! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

 

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

Құрбан айт: Жылыой ауданында мереке құрметіне ұлттық спорттық ойындардан жарыс өтті (+ФОТО + ВИДЕО)

 islam-atyrau.kz/13 тамыз, 2019 жыл.  Жылыой ауданында үш күн бойы Құрбан айт мерекесі тойланды.

 Айттың бірінші күні Жылыой мұсылмандар мешітінде Айт намазы оқылып, Құрбан айт туралы уағыз айтылды.

Жылыой ауданына қарасты ауылдық мешіттердің барлығында қазақша күрес, қой көтеру, қол күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеру, садақ ату, ләңгі тебу, асық ату ұлттық ойындары бойынша жарыс ұйымдастырылды.  Сонымен бірге, кішкене сәбилер үшін арнайы батут құрылып, тәттілер таратылды.

Айттың екінші күні құрбандық шалынып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Айттың үшінші күні мешіт жамағаты Құрбан айт мерекесінің құрметіне  дастарқан жайды.

Мереке күндері Теңіз кентінде «Сенімді Құрылыс», «Денхолм Жолдас» мекемелерінде Айт намазы оқылып, құрбан шалынды.

 

 «Жылыой мұсылмандар» мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...