Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Рамазан айшықтары: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте бүлдіршіндер арасындағы Құран жарысы өз мәресіне жетті

 islam-atyrau.kz/2 маусым, 2019 жыл.  Бүгін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте бүлдіршіндер арасындағы Құран жарысы өтіп, өз мәресіне жетті.

Қасиетті айдың соңғы күндерінде ұйымдастырылған сайыс негізінен Атырау қаласы аумағын қамтыды. Барлығы алпыс бала тіркелген сайыста үміткерлер үш номинация бойынша бақ сынасты.

Отыз пара бойынша Құран жарысында Дарын Ринатұлы топ жарды. Бірінші орынды иеленген бүлдіршінге 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Екінші орын және 75 мың теңге көлеміндегі сыйақы Рамазан Аманжолұлына бұйырды. Абдулла Даниярұлы үшінші орынды және 50 мың теңге көлеміндегі сыйақыны иеленді.

"Дұха" мен "Нәс" сүрелері бойынша бірінші орын Мұхаммед Мұхтарұлына бұйырды. Осылайша, жүлдегерге 75 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Абдулла Серікұлы мен Алтынбек Қадырбекұлы екінші және үшінші орындарды өзара бөлісіп, 50 мың теңге және 30 мың теңге көлеміндегі сыйақыны алды.

Құранды мәнерлеп, көркем оқу номинациясында ылғи қыз балалар жоғары деңгейден көрінді. Арайлым Қасымқызы бірінші орынға лайық деп танылды. Осылайша, оған 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды. Жансая Аманқызы мен Зайнаб Қалыбекқызы екінші және үшінші орындарды иемденді. Бұл жүлдегерлерге 30 мың және 20 мың теңге көлеміндегі сыйақы берілді. 

Бұдан бөлек, ынталандыру сыйлығы есебінде он бір үміткерге велосипед таратылды. Және жарысқа қатысқан өзге де бүлдіршіндерге самокат сыйға берілді. 

"Жүлденің жалпы қоры 1 миллион теңге құрады. Бұл жерде атсалысып отырған демеушімізге алғысымыз шексіз. Жарыстың мақсаты - қасиетті Рамазан айында жас буынды Құранға баулу, рухани тәрбие беру. Сайысқа қатысу арқылы, бүлдіршіндеріміздің жүрегінен Құранға деген махаббатты оята алдық деп сенеміз. Қатысушы үміткерлер бұл сайысқа бір ай бойына дайындалды. Балалардың сауатын ашуға мешітіміздің ұстаздары тікелей атсалысты" дейді Атырау қаласы, Жұлдыз едімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

Айта кетелік, бүлдіршіндер арасында өткен рухани бәйгеге орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев, орталық мешіттің ұстаздары Хусейн Кая және Ерболат Боханов, сондай ақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы қазылық етті. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Сұлтан Бейбарыс мешітінде саяси қуғын-сүргін құрбандары мен аштық құрбандарының рухына дұға бағышталды (+ФОТО +ВИДЕО)

islam-atyrau.kz/2 маусым, 2019 жыл.   Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде саяси қуғын-сүргін құрбандары мен қазақ даласын бірнеше мәрте жайпап өткен аштық құрбандарының рухына дұға бағышталды. 

 

"Ашаршылық, репрессия қазақ халқының басына түскен нәубет еді. Қазақ тарихындағы қанды оқиғалар туралы бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Саяси қуғын, ашаршылық құрбандарының рухына дұға жасау арқылы, біз өткенге салауат айтып отырмыз" дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.

Қасиетті Рамазан, Қадір түнінің кереметтері туралы уағыз айтылған тамаша түн осылайша жамағаттың жүрегіне жылулық ұялатты. 

Бір үйдің баласындай бірлікпен сап түзеген жамағат Тарауық намазын оқып болғаннан кейін, Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев Құран хатым дұғасын жасады.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Толығырақ ...

Рамазан айшықтары: Қадір түні Мəулімберген мешітінде Құран-Хатым жасалды

islam-atyrau.kz/2 маусым, 2019 жыл.   Сансыз сауап пен нығметке толы қасиетті Қадір түні Мəулімберген мешітінде  Құран-Хатым жасалды.

"Бұл түні құлшылық етуге келген жамағат санында шек болмады. Және бұл күнгі ауызашардың мешітіміздің белсенді жастары атынан берілгенін ерекше атап өткеніміз жөн. Бұл имандылыққа бет бұрған жастар жамағаты қатарының артқанының басты көрсеткіші. Ал, Құран-Хатым жасаған қарилар Ислам  Қаюпов пен Айбек Шəкиданиге мешіт атынан құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат жасалды. Соның ішінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың "Тəпсір Тұнығы" кітабын ерекше сый ретінде атап өтуге болады" дейді Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылында орналасқан Мәулімберген мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Толығырақ ...

Қасиетті Қадір түні жамағат бірлігін паш етті

 islam-atyrau.kz/2 маусым, 2019 жыл. Қасиетті Қадір түнін Атырау халқы ерекше тақуалық жағдайда атап өтті.

Бір  ғана Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте бұл түні бес жүзден астам жамағат дұға жасап, құлшылық етті. 

"Бұл түні жамағат үшін қосымша киіз үй құрылды. Тарауық намазы оқылып, кейін балалар арасында викториналық сұрақтар өтті. Білімін үздік көрсеткендерге Рамазан сыйлықтары берілді. Осындай викториналық сұрақтар ересектер арасында да өтті. Бір ғана  сәресі 500 адамға берілді. Бұл түні жамағат бірлігін паш етті" деген Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы ғалымдардан қалған "Құдайшыл болыңдар, рамазаншыл ғана болып қалмаңдар" атты  қанатты сөзді еске алды.  

Яғни, бұл сөз жыл он екі ай жақсылық жасаушы болуға шақырады. "Демек, Рамазанда, қасиетті Қадір түнінде қандай ізгі ниетте болсақ,  қалған айларды да пендешілікте өткізіп жіберуге болмайды. Қадір түнінің рухани шарапатын қай кезде де есте сақтағанымыз жөн" деді Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

"Рамазан керуені" эстафетасын Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт жалғастырды

     islam-atyrau.kz/2 маусым, 2019 жыл.   Мың түннен де қайырлы қасиетті Қадір түнінің, айлардың сұлтаны Рамазанның құрметіне Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіт Нұр - Сұлтан қаласынан бастау алған "Рамазан керуені" қайырымдылық эстафетасын  жалғастырды. 

Осылайша, мешіт әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы елу отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. 

"Шариғатымыз бекіткендей, мұсылманның мұсылман алдындағы парыздары көп. Мәселен, жетімдерге жақсылық – оларға балиғатқа жеткенше бас-көз болу, басынан сипау, оң-солын танығанша малдарына ие болу. Мұқтаждарға жақсылық – материалдық көмек көрсету. Жақын көршіге жақсылық – оның үйіне, иелігіне қарайласу, жақсы қарым-қатынас жасап, құрмет көрсету. 

Әсіресе, жақсылық жолында адам өз бауырынан ешнәрсе аянбауы керек. Бұл да оның міндеті. Мейлі ол кішкене ғана амал болса да.  Әркімнің өз міндетін білуі мен оны орындауы ақыретіне де дүниесіне де пайдалы. Ақыреттегі пайдасы оған ол садақа-сауап болып жазылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): "Барша буын үшін адам күннің арайлап атқан әр күн сайын бір садақа борышты. Екі адам арасында әділ төрелік айту да – садақа, атына міну үшін біреуге көмектесу немесе қоржынын артысу да – садақа. Жақсы, ұнамды сөз айту да – садақа. Намазға бара жатқандағы әр адымы да – садақа. Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да – садақа" – дегені жетті. (Бухари мен Муслим).  "Рамазан керуеніне" үлес қосу арқылы, осы мәселелерді жеткізгіміз келді" дейді Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекенінде орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...