Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Алла разылығы деген не?

    Әдетте, адам бойында өзі жақсы көрген жанның көңілін табу, қуаныш сыйлау, разы ету қасиеті бар. Ал, Алланы қуанту,  Алланы разы ету ше? Бұл өзі терең түсінікті құрайды. «Алла разылығы» деген ұғымды көбіне діндар кісілердің аузынан естиміз. Демек, ол көңілі үнемі Құдайда жүретін кісілердің бір ерекшелігі.  

   Алланың разылығын көздеу – ең таза кіршіксіз сезім.  Өйткені, онда Жаратушыны тану, іштей жақсы көру, терең шүкіршілік сезімдері басым тұрады. Адамзат таңдаулылары пайғамбарлардың бәрі де өмірде Алланы разы етуді мақсат еткен. Оны ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғаларынан да байқаймыз. Соңғы Елшінің (с.ғ.с) бірнеше дұғаларында «Уа, Алла Тағалам, кешіріміңді және разылығыңды сұраймын», «Раббым, өзіңе ұнамды істерді бізге ұнатқыза гөр» деген мағынадағы тілектер кездеседі.  

   Алланың разылығына жету – мұсылмандар үшін өмірдегі ең биік мақсат, сондықтан да пайғамбарлар сол жолда отқа да, суға да түскен. Халықтың келеке-мазағына ұшырап, қанша құқай көрсе де осы діттеген мақсатынан таймаған.

   Алла күллі ғаламның, бұл дүние мен ақыреттің де егесі болғандықтан, оның жанында басқа мақсаттар, тіпті жұмақты мақсат етудің өзі де тым қарабайыр. Тақуа кісілерден Жүнәйд Бағдади тозақтан қорқып құлшылық жасағандарды «абдун-нар» (оттың құлы), ал жұмақты аңсап құлшылық жасайтындарды «абдул-жәннат» (жұмақтың құлы), құлшылықтың ләззатына ынтықтарды «абдул-ләззат» (ләззаттың құлы) деп атайтын. Ондағы ойы адамдарға бір Алладан қорқып, Жаратушының разылығы үшін ғана құлшылық жасау керектігін ұқтыру болатын.

   Алланың разылығына жетуді тасаууыф іліміндегі «нафси мұтмаинна» (көңілдің толық қанағат табуы) дәрежесімен де түсіндіруге болады. Бұл туралы қасиетті Құранда Жаратушы ие «Әй, көңілі толық қанаған тапқан пендем (нәфсі мұтмаинна), Раббыңа сен одан разы, ол сенен разы болған күйде орал» деген (Фәжір сүресі, 27-28-аяттар).

   Бұл аят Алла тағаланың кей құлдарына разы болатынын анық білдіруде. Бұндай биік дәрежеге сахабаларымыздың жеткенін білеміз. Өйткені ол кісілер туралы Құранда «Алла оларға разы, олар да Аллаға разы» делінген (Бәйинә сүресі, 8 -аят).

   Алланың разылығын табуды өмірлік мақсат тұтқандар басқалардан ерекшеленіп тұрады. Өйткені олардың көңілі үнемі Жаратушыда болады.  Не істесе де бар махаббатын салып, таза ниетпен істейді, көз  қылудан, риядан барынша сақтанады, жасаған жақсылығы үшін ешкімнен ештеңе (ақша, атақ, мансап т.б.) дәметпейді, өзі секілді басқа бір пендеге жағынып, жарамсақтанбайды. Адамдықты берік ұстанып, ықыластылықтан таймайды. Құдси хадисте бұндай кісілер жайлы былай делінеді: «Мен ізгі құлдарыма ақыретте бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің қиялына келмеген тосын сый-сияпаттар әзірледім».

   Аббасидтар кезеңінде болған мынандай бір оқиға бар.

   Харұн Рашидтың уәзірлерінің арасында Жағфар Бермеки де бар еді. Халыққа сыйлық таратқан бір күні Харұн Рашид Жағфарға да сыйлық ұсынады. Алайда Жағфар бұл сыйлықты алмайды. Патша «Әй, адал уәзірім, кел, саған да берейін» десе де, уәзірі «Керек емес» деп бас тартады. Патша «Онда саған көбірек, тіпті байлығымның ширегін берейін» дейді. Уәзірі әуелгі сөзінен танбайды. Тағы біраз ұсыныс айтса да, уәзірінің әуелгі пікірінен қайтпағанын көрген Харұн Рашид «Сонда сен не қалайсың?» деп сұрайды. Сонда уәзірі «Алдияр тақсыр, маған сіз ғана керексіз, басқа ештеңе де керек емес, көңіліңіздің разылығы ғана керек. Өйткені сіз маған разы болсаңыз, онсыз да менен байлығыңызды аямайсыз. Ал, сіз маған разы болмасаңыз, ол байлықты мен қайтпекпін?» деп өзінің адалдығына тағы да бір рет патшаны тәнті еткен екен.

   Уәзірдің жауабында терең шындық жатыр. Мұсылман кісі бар жақсылықты ісі, шын пейілімен Алланы разы ете білсе, өмірінің мәнді де мағыналы өткені. Онда өзге жайттарды аса уайым етпесе де болады...

 

 Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,    

Хан Ордалы Сарайшық мұсылмандар мешітінің                                                                                                                               имамы.

 

   

                                                                                                                                                                   

 

Толығырақ ...

АЛМАТЫДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТУДЕ (+ ФОТО)

   islam-atyrau.kz/5 желтоқсан, 2019 жыл.  Алматы қаласында Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен 2019 жылдың кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтуде.

Мәжіліске бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Бас мүфти кеңесшілері – Балтабай Мекежанов, Бижігіт Нұржігітұлы, ҚМДБ бөлім басшылары мен республикалық маңызы бар қалалар мен облыс имамдары қатысуда.

«Төралқа мәжілісінің негізгі жұмыс бөлімі – бас имамдардың жылдық есеп беруі. Осы жылы бас имамдардың жұмысын балдық жүйемен бағалаймыз. 2019 жылы атқарылған іс-шаралардың есебі электронды нұсқа негізінде, яғни бейне, фото, слайд бойынша қабылданады» деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Айта кетсек, бас имамдар уағыз-насихат, пәтуа беру, қайырымдылық, халал стандарттау, деструктивті ағымның ықпалында жүрген азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ақпараттық насихат, мешіт істері, діни білім және кадр даярлау, т.б. бағыттар бойынша есеп беруде.

Кеше басталған Төралқа мәжілісі бүгін аяқталады.

 
Толығырақ ...

«ӘЗ ПАЙҒАМБАР ХАҚ ЖОЛЫ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

  islam-atyrau.kz/5 желтоқсан, 2019 жыл.   Жастар жылы аясында Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен «Әз Пайғамбар хақ жолы» атты кітап жарық көрді.

ҚМДБ-ға қарасты «Имам Матуриди» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген бұл кітап – Осман мемлекетінде өмір сүрген ханафи мәзһабының ғалымы, имам әл-Биркауидің «Әз Пайғамбар хақ жолы» атты кітабының аудармасы.

MUFTYAT баспасынан шыққан еңбекте рухани кемелдікке жетудің саналуан тәсілі мен жолы көрсетілген.

Кітаптың тұсаукесерінде Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы: «Бұл еңбек иманға, исламға шөліркіген жанның шөлін басатын құнды құралына, сонымен қатар, пайғамбардың хақ жолын көрсететін бейнебір бағдаршамына, рухани кемелдікке ұмтылған мұсылманның өмірлік серігіне айналады деген сенімдемін» деді.

Кітап рухани кемелдікті іздеген барша оқырман қауымға арналған. Құнды еңбектің жалпы редакциясын басқарған – Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай мен Нұр-Мүбәрак университетінің ұстазы, белгілі ғалым Бауыржан Әлиұлы.

Кітап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті тарапынан жүргізілген дінтану сараптамасының және ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі тарапынан жүргізілген сараптаманың оң қорытындысын алған.

 

Пікірлер (0)

Толығырақ ...