Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

РИЯШЫЛДЫҚ – КІШІ СЕРІК ҚОСУ

Қазақта риясыз махаббат, риясыз сүйіспеншілік, риясыз сезім деген сөз тіркестері сирек те болса да айтылып жатады. Қазақ мұны қалай түсінген? Риясыз дегеннің мәнісі қандай?

Әлбетте, бұл сөз төл тілімізде сирек қолданылатыны рас. Алайда,терең мағыналы сөз. Риясыз дегені – шынайы, таза деген мағынаны білдіреді. Шынайы, ықыласпен атқарылған әрбір іс – риясыз атқарылған іс болып табылады екен. Тілімізге енген «рия» сөзінің қайдан келгеніне, сөз төркініне үңілсек, «рия» араб тілінен енген сөз. Жалпы, Ислам діні қазақ даласына келгелі бері тіліміздің сөздік қоры араб сөздерімен толыққаны бәрімізге белгілі. Рия да сол уақыттан бері тіліміздің төрінен мықтап орын алды. Бірақ ауыз екі тілде рия сөзі сиректеу қолданылады. Интернет беттерін ақтарғанда, бірлі-жарым «риясыз» тіркесімен келген сөздерді кездестіреміз. Мысалы, «риясыз махаббат», «риясыз сүйіспеншілік», «риясыз сезім». Ал, рия сөзін кездестіру қиындау. Өйткені, рия сөзін діни ұғымға анағұрлым жақын деуге болады.

Шын мәнінде рия – жасырын серік қосудың нақ өзі. Жасырын серік қосудың ақыр соңы – мәңгілік қасірет. Адам сырт көзге көрсетіп жасаған құлшылығынан қалайда рухани сауап күткенмен, ақыретте Алланың алдына барғанда үлкен жазаның иісін сезе бастайды, сол уақытта Алланың құзырына қолында түк жоқ, құр алақан келгенін байқайды.

Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

     Сендерді ойлап, қатты қорқатыным – кіші серік қосу еді, – деді.

Жанындағылар:

     Кіші серік қосу дегеніңіз не, уа Алланың Елшісі? – деп сұрады.

Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап берді:

     Рия, яғни сырт көзге көрсетіп жасау. Қиямет күні адамдар өз амалдарының игілігін көріп жатқанда, Алла Тағала риякер адамдарға:

     Пәни жалғанда амалдарыңды адамдарыңа көрсетуге құштар едіңдер ғой! Көрейік, олардан көмек таба алар ма екенсіңдер? – дейді.

Рия деген – ақыреттің орасан зор пәлекеті. Мына бір хадис-шәріп риякерлікке әбден еті үйренген пенделердің ақыретте басына келер аянышты халін кеңінен баяндап береді:

«Қиямет күні ең бірінші есебі қаралатын адам – шейіт болып өлген адам Тәңірдің құзырына әкелінеді. Алла Тағала оған (пәни жалғанда) берген игіліктерін, нығметтерін есіне салады. Ол да еске түсіріп, сол игіліктерге қол жеткізгенін айтады

Хақ Тағала сонда:

– Жарайды, осыларға қол жеткізу үшін не тындырдың? – деп сұрайды.

Әлгі адам:

– Шейіт болып, жанымды бергенше, сенің жолыңда аянбай күрестім емес пе?!», – деп жауап береді.

Хақ Тағала:

– Өтірік, жалған айтып отырсың! Сен ел-жұрт «Неткен батыр адам!» деп айтсын деп соғыстың. Солай айтылды да, – дейді. Содан кейін ол адамды бет-жүзімен сүйретілген күйі жәһаннамға лақтыруға бұйрық беріледі.

Келесісі болып, ғылым, білім үйренген әрі Құран оқыған адам (Алланың) алдына әкелінеді. Алла Тағала оған да өзінің берген игіліктерін есіне салады. Ол адам да еске түсіріп, мойындайды.

Алла Тағала:

– Жақсы, осы нығметтерге жету үшін не істеп едің? – деп сұрайды.

Әлгі адам:

– Ғылым үйрендім, (өзгеге) үйреттім және сенің ризалығыңа ие болу үшін Құран оқыдым, – деп жауап береді.

Хақ Тағала сол кезде:

– Жалған айтып отырсың! Сен: «Ғалым адам» деп айтсын деп ғылым үйрендің ғой. «Құранды қандай тамаша оқиды!» десін деп Құран оқыдың. Сен туралы ол сөздер айтылды да. Содан кейін ол адамды да ет-бетімен сүйретілген бойда тозаққа лақтыруға бұйрық беріледі.

(Содан кейін) Алла Тағала мал-мүлік пен әр түрлі мүмкіншіліктер берген бір адам әкелінеді. Алла Тағала өзінің оған берген игіліктерін есіне салады. Ол кісі де өзіне берілген иігіліктерді есіне алып, мойындайды.

Хақ Тағала:

– Ал жарайды, сен сол игіліктерге ие болу үшін не жасадың? – деп сұрайды.

Әлгі пенде:

– Сен бер деген жерден, сен риза болатын еш жерден аянып қалмадым ғой, тек сенің ризалығыңды табу үшін бердім ғой, – дейді.

– Айтып отырғаның жалған! Сен бар жасаған тірлігіңді «Мынау неткен жомарт адам!» десін деп жасадың. Сен жайлы ондай сөз айтылып та қойды, – дейді. Сөйтіп оны да жәһаннамға етбетімен сүйретілген күйі лақытыруға бұйрық беріледі.

Көріп отырғанымыздай ықылас жоғалса, жойылса,Алланың ризалығы да жойылады. Нәтижесінде не Алланың ризалығына бөленбейді, не адамдардың көңілінен шықпай қалады. Өйткені әрбір ісін көзге көрсету үшін жасаған адамның ниетін Жаратушы Алла әшкерелеп, адамдар арасында абыройын түсіріп масқаралайды. Бір адамның риякерлігі байқалып қалса, одан адамдардың көңілі суып бастайды. Алла Тағала риякер адамның басқаларға көрсетіп жасауға кұмар болған амалдарын адазамтқа естіртіп, әйгілейді. Дегенмен, ақыреттік даңқын жай ғана дүнияуи бір даңқтың дәрежесіне түсіріп жібереді.

 

Махсат АЛПЫСБАЙ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

Әт-Тақуа мешітінде ислам және отбасы тақырыбында уағыз айтылды

   islam-atyrau.kz/4 желтоқсан, 2019 жыл.   Ислам және отбасы. Осы тақырып Атырау қаласындағы Әт - Тақуа мешітінде кеңінен насихатталуда.

  Жуырда аталмыш мешітте ақсақалдар құптан намазынан кейін жастар арасында уағыз айтты. Онда жас отбасыларға және отбасын құрғысы келіп жүрген жастарға ақыл-кеңестерін айтқан ақсақалдар өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

  Осындай сипаттағы уағызды аталмыш мешіттің наиб имамы Молла Қанағатұлы Рахматолла жалғастырды. «Отбасы құндылықтарын жастарға сіңірудің маңызы зор. Себебі, отбасы – шағын мемлекет» дейді Әт - Тақуа мешітінің наиб имамы Молла Қанағатұлы Рахматолла.  

 

   Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Алла Елшісінің (с.ғ.с) өмір жолы насихатталды

 islam-atyrau.kz/4 желтоқсан, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев жастармен кездесті.

Мәуліт айының құрметіне өткен іс-шара кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің өмірі, оның жанына ерген жас сахабалардың болмысы туралы айтылды. «Айшадан (р.а) төмендегі оқиға риуаят етіледі: «Пайғамбар өзі бір амалды жасап, оны өзгелерге істеуге рұқсат береді. Бір топ сахаба оның берген рұқсатын пайдаланғысы келмейді. Мұны естіген Пайғамбар хұтпа оқып, Алла Тағалаға мақтау айтып: «Бір топ адамға не болған, менің ісімнен бас тартатындай не көрінді оларға?! Алла атымен ант етемін, расында мен Алланы олардан да жақсы танимын. Әрі оларға қарағанда, Алладан қатты қорқамын», – деді (Бұхари, Муслим). Шын мәнінде ешбір мұсылман пенде Пайғамбардан артық тақуа болып, Аллаға жақын бола алмайды. Сондықтан, Алла Тағаланы шынайы тану немесе одан шынайы түрде қорқу Алла Елшісінің тәлімі мен үйреткен жолымен ғана болады» дейді ұстаз Ержан Қағазғалиев.

  Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Турашылдық пен шыншылдық

    Бізді жоқтан бар етіп жаратқан, бізге сансыз нығметтер берген, сол нығметтердің ең ұлысы болған иманды берген Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Екі дүниенің сардары, адамзаттың асыл тәжі пайғамбарлардың сұлтаны болған соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың сәлемі мен игілігі болсын.

Асыл дініміз Ислам діні әрбір бұйрықтарымен тиымдарында қоғамға, адамға тек пайдалы болатыны ақиқат. Себебі бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Жаратушы иеміз ненің пайдалы ненің зиянды, қайсы бір істе хайыр бар немесе жоқ екенін бізден әлде қайда жақсы білуші. Тек жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтарған асыл дініміз турашыл болуды, өтіріктің ауылынан алыс жүруді үнемі ескерткен. Шыншыл болудың маңыздылығы сонша Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады: «Уа иман келтіргендер, Алладан қорқыңдарда шыншылдармен бірге болыңдар» - Тәубе сүресі, 119 аят. Яғни Алланың әмірлерін орындап тиғандарынан тиылыңдар, сондай-ақ ниетімен де ісімен де сөзімен де турашыл, шыншыл болған кісілермен бірге болыңдар. Қазанға жақындасаң қарасы жұғады дейді атам қазақ. Міне сондықтан да біз кіммен бірге жүргенімізге, кіммен дос болғанымызға назар салып, зер салып қарауымыз керек екен. Себебі қарға өлексеге алып барғанындай, өтірікші де сізбен бізді жақсылыққа сүйремейді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.у) бұл турасында Ибн Масғудтан келеген хадисте былай деп бұйырады: «Шынында турашылдық, иесін жақсылыққа жетелейді. Ал жақсылық болса жәннатқа жетелейді. Үнемі шыншыл болған жан, Алла Тағаланың құзырында шыншыл деп жазылады. Ал өтірік болса адамды күна жасауға итермелейді. Күнә болса иесін тозаққа апарады. Үнемі жалған сөйлеген адам Алла Тағаланың құзырында өтірікші деп жазылады». Имам Бухари және имам Муслим жеткізген. Хадистен ұғатынымыз ашық және айқын нәрсе. Ол қандай жағдайда болмасын шындықты айту. Кейде пендешілікке салынып өтірік айтуға тура келді, айтпасам болмайтын еді деген сияқты алдамшы сөзер айтамыз. Негізінде Алладан «Иа Алла, мені өтірік айтудан сақта» деп дұға жасап, сонымен қатар қандай да бір жерде болмасын өтірік айтпауға тырысатын болсақ, Алла Тағала бізге жәрдем беріп қояды екен. Ал Алланың жәрдемі бір құлына келетін болса оның орындалуында күман жоқ нәрсе. Біз шыншыл болуға тырыссақ Алла Тағала бізді қандай да бір қиын сәттерден де өтірік сөйлетпей, жалған айтқызбай сол қиындықтан шығарып қояды. Сондықтан да мен өтірік айтпасам болмайтын еді, ол жерде амал жоқ жалған сөйлеу керек еді деген сияқты сөздер мен істерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек екен.

Сафуан ибн Сүлеймен (р.а) былай дейді: «Біз Уа Алланың елшісі, мумин қорқақ бола ма?» - деп сұрадық

«Ия» деп жауап берді пайғамбарымыз (с.ғ.у). «Біз және мумин сараң бола ма?» - деп сұрадық, пайғамбарымыз (с.ғ.у) «Ия» деп жауап қатты. Біз және «Уа Алланың елшісі, мумин өтірік айта ма? – деп сұрадық. Бұл сұраққа Пайғамбарымыз (с.ғ.у) «Жоқ» деп жауап қайтарды. Имам Малик«Муатта». Міне бұл хадистен де түсінетініміз мумин ешқашан жалған сөйлемейтіндігі. Ия мумин қорқақ болуы мүмкін, сараң болуы мүмкін бірақ ешқашан өтірік айтпайды, жалған сөйлемейді. Себебі өтірік айту екі жүздінің белгісі. Алла Тағала баршамызды өтірік айтудан сақтап өзінің шыншыл құлдарының қатарынан қылсын. Әмин!

Айтжан АБДИРОВ,

Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің бас  имамы.

 

Толығырақ ...