Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау: Таңдай ауылында мешіт салынады

 islam-atyrau.kz/20 қараша, 2019 жыл.  Таңдай ауылында мешіт салынады. Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы бүгінгі Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында мәлімдеді.

Таңдай ауылына арнайы ат басын тірегенАлтынбек  Ұтысханұлы аталмыш елдімекеннен құлшылық үйін тұрғызу – заман талабынан туған қажеттілік екенін айтты. «Ерекше атап өтерлігі, мешіт құрылысын толықтай жергілікті кәсіпкер жүргізгелі отыр. Сондай ақ, кәсіпкер мешіт имамына баспана салып беруді, имамға жалақы төлеуді толықтай өз жауапкершілігіне алды. Бұл – асыл дінімізге деген ерекше қамқорлықтың көрінісі. Осынау сауапты істі қолға алып отырған бауырымызға Алла разы болсын» деді ұстаз  Алтынбек  Ұтысханұлы.

Мешіт тұрғызылатын орынмен танысып, құлшылық үйінің жобасын көрген Бас имам қазіргі уақытта қажетті жобалық-сметалық құжаттың жасақталып жатқанын айтты.

Есімін атамауды өтінген кәсіпкер жергілікті азамат. Жақында ғана орталық «Иманғали» мешітімен бірлескен жоба – «Луфер» қайырымдылық дәмханасын ашқан кәсіпкер осылайша, Таңдай ауылынан мешіт тұрғызуды қолға алып отыр.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Бас имам Махамбет ауданының жұртшылығымен жүздесті

islam-atyrau.kz/20 қараша, 2019 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы бүгінгі Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында жергілікті Мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесті.

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Света Аманшина жүргізген кездесуде мұнайлы өлкенің Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы жұртшылықты ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасымен таныстырды.

«Иманым – жиғаным» деп, бақытын исламнан іздеген бабаларымыз сан ғасырдан бері салт пен сүннетті үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырды. Аллаға шүкір, ізгілердің ізін басқан бүгінгі ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етті. Имандылық бастауы болған ұят, ар, намыс, обал, сауап, ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында әдемі әдетке айналды. Тәлімдік құжаттың алғашқы ұстынында имандылықтың көріністері баяндалады» деп атап өтті ұстаз Алтынбек  Ұтысханұлы өз сөзінде.

Кездесу соңында Бас имам жергілікті жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, жастар және жергілікті ауыл тұрғындары қатысты. 

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданы әкімінің орынбасарымен кездесті

  islam-atyrau.kz/20 қараша, 2019 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы бүгінгі Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Света Аманшинамен кездесті.

Кездесу барысында елдегі, аймақтағы діни ахуал, жастар тәрбиесі, білім-ғылым мәселесі және мүфтият тарапынан қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасының маңызы талқыланды.

«Ислам діні - тұнған ғылым. Қасиетті Құран Кәрімнің өзі «Оқы!» деп басталады. Яғни, дүниеге келгеннен кейін адам баласына білім алу, іздену парыз. Дінді ұстану – қоғамнан бөліну дегенді білдірмейді. Керісінше, діни білімі бар адам, ілімін дүниелік ғылымдармен дамытып, қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс. Біздің мақсатымыз - жүрегінде иманы бар ұрпақ қалыптастыру» деп атап өтті өз сөзінде  Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданына сапарын Сарайшық музейінен бастады

  islam-atyrau.kz/20 қараша, 2019 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы бүгін Махамбет ауданына жұмыс сапарымен барды.

Қасиетті өңірге сапар Сарайшық ауылынан басталды. Бұл ауылда Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы «Сарайшық» тарихи музей кешеніне арнайы ат басын тіреді. Аталмыш музейдің тарихымен танысқан ұстаз тарихи кешенге қолтаңба қалдырды.

«Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өзіміз тарихты ұлығылау арқылы,  жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелей аламыз. Жақында ғана ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасының да басты мақсаты – рухы биік, намысты ұрпақ қалыптастыру» дейді Бас имам Алтынбек  Ұтысханұлы.

Және де жергілікті мешітке арнайы барып, құлшылық үйінің тыныс-тіршілігімен танысты.  

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

НАМАЗДАН БАСҚА ТАҒЫ ҚАНДАЙ ЖЕРЛЕРДЕ ДӘРЕТ АЛЫНАДЫ?

  Сұрақ: Намаздан басқа тағы қандай жерлерде дәрет алынады? Және ол қандай амалға жатады?

 

Жауап:

Дәрет араб тілінде «таһарат», яғни тазалық деген сөзден шыққан. Оны бізде кіші дәрет деп те атайды. Дәрет алғанда екі қолы мен бетін жуады, аузы мен мұрнын шаяды, басына масих тартады, соңында екі аяғын жуады. Дәрет алудың парыз, уәжіп және нәпіл орындары бар. Парыз бен уәжіп үкімдері өтелуі міндет, ал нәпіл (мұстахап) әркімнің өз еркімен орындалатын сауапты іс саналады. Намаз оқығанда, нәпіл болса да, жаназа намазын өтегенде, тиләуат сәждесін жасағанда, Құран ұстау үшін, тіпті бір аят болса да, дәрет алу парыз.

Қағбаны тәуап ету үшін дәрет алу – уәжіп. Дәретпен ұйықтау үшін, ұйқыдан оянғанда, әрдайым дәретті болу үшін, Аллаға жақын болу (құрбат) үшін, ғайбат, өтірік, қауесет және әрбір күнә істен кейін, әдепсіз өлең оқығанда, намаздан тыс бар даусымен қарқылдап күлгенде, өлікті жуындырғаннан кейін, мәйітті көтеру үшін, әр намазға (дәреті болса да), ғұсыл алудан бұрын, жүніп адам жеу, ішу және әйелімен қайта қосылу үшін, ашуланғанда, Құран оқу, хадис оқу және оны риуаят ету үшін, діни ілім үйренгенде, азан, қамат және құтпа оқығанда, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиярат етуде, Арапада тұрғанда, Сафа мен Маруа арасында жүргенде дәрет алу мұстахап саналады[1].

[1] «Марақи әл-фалах», 69-72 беттер.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=929

Толығырақ ...

Қазақ балалары қандай ойыншықпен ойнады?

Қазір ойыншықтың да, қуыршақтың да неше атасы бар. Қалтаңа қара да, қалағаныңды ала бер. Ал бұрын ше? Біздің ата-әжелеріміз бала кезінде қандай ойыншықпен ойнады?

Әрине, ол заманда жарыған ойыншық болмағаны белгілі. Төңкеріс болды, аштық болды, соғыс болды, балалар ерте есейді. Алайда, соның өзінде бала мен ойыншық бір-бірінен ажырамағанын байқаймыз. Бәріміз бұрынғы балалардың ойыны дегенде асық, тоғызқұмалақ, дойбыны ғана білеміз. Ал қуыршақтардан ше?

Журналист Қарагөз Смәділ: «Бірде апамнан: «Сіздер де бала күндеріңізде қуыршақ жасап па едіңіздер, ұлдар қандай ойыншық ойнайтын, олардың мылтық ойыншықтары болды ма?» – деп сұрағаным бар еді. Сөйтсем, ол кісілер ойнаған қуыршақ мүлдем басқа екен. «Мал қырыққанда бір уыс жүнді жинай жүретінбіз. Әлгі жүнді жұмырлап, бас шығарып, денесін жасап, қолдан қуыршақ істедік. Оған аналарымыздың құрағынан қалған қиындыларды құрап, көйлек-көншек жасадық. Жазға салым киіз басқанда біздің құдайымыз беретін. Киізден жасалған кішкене қуыршақтарымыз көп еді. Ол аз болғандай, сабаннан ұзыншалап та қуыршақ істеп алатынбыз», – деген болатын», – дейді.

Шынында, бұрынғының балалары қуыршақты өздері жасап алатын. Ал қазір баласына ойыншық әпермейтін, «Балаға ойыншық әперуге болмайды», «Бұрынғы қазақтар ойыншықпен ойнамаған» деген түрлі алыпқашпа әңгіме тарататын қуыршаққа жанымен қас адамдар шықты. Асыл дініміздің өзінде қуыршаққа тыйым салмаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамыздың (р.а) қос қанатты пырақ ойыншығын көргенде, онымен ойнауға тыйым салмай, керісінше жаны жадырап қоя берген.

Бала ойыншықпен ойнамаса, тәрбиесі ақсамайды. Өйткені сәбиінде ойыншықпен ойнаған баланың зейіні артатыны дәлелденген. Себебі бала ойын арқылы өсіп-өнеді, жетіледі. Ресейдегі Кунсткамера музейінде біздің ата-әжелеріміз ойнаған сан түрлі ойыншықтар сақталған. Соның бірқатарымен таныстырып өтсек.

Мәселен, мына суреттегі қолдан жасалған қуыршақ қыз (үстіңгі екі сурет) музейге XX ғасырдың басында Ақмола облысының Петропавл уезінен жетзіліліпті. Қуыршақты музейге этнограф Клавдий Щенников өткізген екен. Жоғарыдағы Қарагөз Смәділдің айтып отырған «жүнді жұмырлап, бас шығарып, денесін жасап» дайындалатын қуыршақ осы.

Негізі ағаштан, киімдері матадан жасалған. Ең ғажабы, қуыршақтың бет-жүзі көрсетілмепті. Керісінше қуыршақтың басына орамал таққан. Ұзын етек, кең көйлек кигізген. Осыған қарап-ақ біздің ата-бабаларымыздың балаға нағыз мұсылманша тәрбие бергенін байқауға болады.

Суреттегі екінші қуыршақ қыз (астыңғы екі сурет) XIX ғасырдың соңында жасалыпты. Ақмола облысы Атбасар уезінен алынған. Мұны да музейге Клавдий Щенников өткізген. Мұндай қуыршақтармен бұрын 3-10 жас аралығындағы қыздар ойнаған. Байқағандарыңыздай, ойыншықтардың бәрі де қолдан жасалған.

Музейдегі қазақ балаларының арасында қуыршақ жігіт те жүр екен. Бұл қуыршақ XX ғасырдың басында Петропавл уезінен алыныпты. Бұрынғы қазақтың кішкентай қыздары «үйлену тойы» ойынын ойнаған екен. Сол кезде әлгі қыз бен жігітті лайықтап киіндіріп, «тойға» дайындаған көрінеді.

Ол кездің қуыршақтарының киімі де өзгеше екен. Сол заманның адамдары өздері қалай киінсе, қуыршақтарын да солай «киіндірген». Мәселен, төмендегі суреттегі (екеуі де) камзолды таза барқыттан тіккен екен. Қуыршақтардың киімдерін қыздардың өздері тіккен. Киімдерді зерлеп, кестелеп те дайындаған. Бұрынғылардың осылайша балаларын тігіншілікке, ісмерлікке баулығанын байқаймыз.

Ол кезде қуыршақтардың «жиһаздары» да болған екен. Оның дәлелі – мына суреттегі ойыншық кілемше мен жастықша (астыңғы екі сурет). Осы кереует пен жастықшаға балалар қуыршақтарын отырғызып-жатқызған екен. Кереует пен жастықшаның тысын да қолдан тігіп, жиі ауыстырып отырыпты.

Бұрынғы қазақ балалары сондай-ақ түрлі жиһазшалар, кілемшешелер, төсек орындары, ыдыс-аяқтар секілді ойыншықтармен ойнапты. Кейбірін өздері қолдан жасап, шеберлігін байқатқан. Кейде ойыншықтарды жасауға жасы үлкенірек аға-апалары да көмектескен. Кейбірін ата-әжелері жасап берген. Осылайша, үлкендер ойыншықтар арқылы баланы жастайынан дұрыс тәрбиеге, танымын кеңейтуге баулыған.

Сондай-ақ бұрынғы балалардың ойыншықтарын салып қоятын арнайы сөмкесі болған. Жиналмалы сөмкеге балалар ойыншықтарын ұқыптап салып, киіз үйдің қабырғасына іліп қойған. Осы арқылы бабаларымыз баланы ұқыптылыққа, тазалыққа баулып отырған. Міне, біздің бұрынғылар қандай. Олардан өнеге алу – бізге мұрат.

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

Толығырақ ...

МӘУЛІТ МӘРТЕБЕСІ

Мәуліт – дана халқымыз қадым замандардан бері мерекелеп келе жатқан ұлттық мейрам десе болады. Ардақты Елшінің ﷺ мәулітін жырмен жырлап, ұйып тыңдайтын ғұрпы бар еді. Діннен жырақтап кеткен жетпіс жылда ұлт жадынан ұмытыла жаздаған жағдайы бар. Бүгінде осынау игі дәстүрді қайта жаңғыртып жатырмыз.  

Мәуліт сөзі арабша туылу, туылған уақыты деген мағыналарды білдіреді.

Бұл – адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед ﷺ пайғамбардың туған уақытына байланысты тойланатын мейрам. Пайғамбардың ﷺ көзі тірісінде тойланбаған, ол дүниеден өткеннен кейін бірнеше ғасырлардан соң аталып өте бастаған игі бастама. Сондықтан да шариғат ғұламаларының басым бөлігі Мәулітті бидғат хасана, құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы уәждері де бар.

Сахих хадисте Пайғамбардың ﷺ:

«Дүйсенбі күні ораза тұтамын. Себебі мен сол күні туылғанмын әрі сол күні маған пайғамбарлық берілді»,деп, пайғамбарлықпен бірге өзінің өмірге келгені үшін жыл емес, ай емес, апта сайын Раббысына шүкіршілік ретінде қосымша құлшылық орындайтынын жеткізген. Бұл үмметі үшін де үлкен үлгі.

Олай болса, ғаламның Жаратушысы: «Біз сені әлемдерге мейірім-рақым ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят) - деп куәлік еткен Елшіні ﷺ қалайша ұлықтамаймыз?! Қазіргі заманда адамзатқа өзара мейірім, рақым, шапағат жетіспейді. Қоғамда орын алып тұратын небір келеңсіздіктер, дау-дамай, талас-тартыс, кикілжің, текетірестердің түпкі негізі бір-біріне деген рақымшылық пен кешірімділіктің жетіспеуі, тіпті жоқтығы десе де болады. Күллі әлемге мейірім, рақым ретінде жіберілген Пайғамбардың ﷺ салып кеткен сүннет жолын берік ұстанғанда ғана алуан түрлі түйткілдің түйіні оңай тарқатылары хақ.

Біздің қазіргі жағдайымызда Мәуліт мерекесін тойлау міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың ﷺ аты-жөнін де жөнді білмейтін, дін ұстындарын дұрыс түсінбейтін жандар баршылық.

Сондықтан Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар ﷺ туралы, Оның ﷺ алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтап жалғастыру жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары туралы үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті қалт жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Ендеше адамзаттың Ардақтысының ﷺ:

«Қашан мені бала-шаға, ата-ана және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше имандарың кәміл болмайды»,- деген өсиетіне амал етіп, иманымызды толықтыруға барынша тырысайық.

Жаратқан Ие Құран Кәрімде былай дейді:

«Шын мәнінде, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер, сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!»(«Ахзаб» сүресі, 56-аят).

Аятта атап өтілген салауат сөзі Алла Тағаланың рақым-мейірімі әрі Пайғамбарды ﷺ періштелеріне мадақтауы, ал періштелерден жарылқау тілеу, ал адамдардан дұға, тілек айту дегенді білдіреді.

Әлқисса, қазіргі қазақ тілінде салауаттылық сөзінің мағынасы көшелілік, парасаттылық, ұлағаттылық деген мағыналарды да қамтиды. Сонымен қатар, теріс әдеттерден ада, денсаулығын күтіп ұстайтын ар-ұятты жанды салауатты өмір салтын ұстанушы деп атайды.

Шынтуайтында, бұл сөздің түпкі мағынасы дініміздегі Пайғамбарға ﷺ салауат айту деген мағынадан өрбиді. Абыз жыршы Әбубәкір Кердері айтқандай:

Ағузі мен бісміллә – әрбір сөздің бастауы,

Әлхамдулилла, салауат – мұсылман пенде аузынан дұрыс емес тастауы.

Ақиқатында, Пайғамбарға ﷺ көп салауат айтатын жан – нағыз парасатты мұсылман, мақтаулы үмметке лайықты ардақты һәм ұлағатты жан. Мұндай адам халық арасында да дұғасы қабыл болатын салауатты, салиқалы мүмін деп сипатталған.

Салауат Пайғамбарға ﷺ деген құрметтің, сүйіспеншіліктің, ыстық ықыластың, адалдықтың белгісі. Салауат айтуымыз Пайғамбардан ﷺ бұрын өзіміз үшін қайырлы. Әнәс ибн Мәліктен жеткен риуаятта Алла Елшісі ﷺ:

«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он мәрте салауат жолдайды да, оған разы болады. Оның он күнәсін кешіреді», - деген.

Пайғамбарға ﷺ салауатты алуан түрлі жолдармен айтатындар, өлеңге қосып өрбітіп, термемен, ән-жырмен жеткізетіндер бар. Дегенмен, ең қысқа түрі: «Аллаһумма салли уа сәллим алә сәйидинә Мухаммәд уа сәллим».

Ақиқатында, Алланың Елшісі ﷺ жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді, көңілдердегі кірбіңді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен асқанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жасампаздыққа, жарқын болашаққа бастады. Артындағы бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Алла Тағаланың кәләмі – Құран Кәрім мен өзінің сүннетін – түні де күндей жарқыраған, рухани соқырдан өзге жан адаспай табатын сара жолды қалдырды.

Оны ﷺ досымен бірге дұшпаны да мойындады. Есімі аталғанда еріксіз құрметпен бас иді. Оның ﷺ бетіне басатын ешбір айыбын, кемшілігін таба алмады. Сөзі мен ісінің шынайылығына қарсы ешбір уәж айта алмады.

Өйткені Ол ﷺ – екі дүниенің сардары, әлемдерге жіберілген иләһи рақым нұры, адамзат ұрпақтарының ішіндегі ең абзалы, Жаратқан Иенің ең сүйікті құлы әрі ардақты Елшісі ﷺ.

Ендеше ардақты Елшінің ﷺ шарапатты Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болғай! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісінің ﷺ сын-сипатын жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп еткей! Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылық пен бауырмалдықтың арта түсуіне, Пайғамбардың ﷺ әміріне бойсұнып, тыйымынан тыйылуға бір сеп болғай!

Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты мырзамыз Мұхаммедке ﷺ Жаратушының жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болатындай сансыз салауаты мен сәлемі болғай!

Толығырақ ...

Бейімбет Майлин: Терең де байсалды сынға зəруміз

 Қазақтың қайраткер ұлы, заманының заңғар жазушысы Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толды. Осы орайда Биағаң айтқан бірқатар маңызды сөздерді жинап-теріп ұсынып отырмыз.

Kөpші елімізде «Арғынбай қажы» дейтіннің медресесі болатын. Біздің ауылдан да бірен-саран адамдар сол медіреседе оқып жүретін. Солардың демдеуімен медресеге кірдім. Ауыл медресесі ғой, ішерлік тамақ болса, басқа қаржыға ділгерленбеуге болады екен. Сол медреседе eкі жыл оқыдым. Бұрынғыдан гөpі өлеңге кеңірек таныстым. Көмектің өлеңінен басқа да өлендер бар екенін білдім. Абай өлеңдері, Ахметің «Қырық мысалы» қолға түcті. Осы жылдары «Айқап» журналы шығып тарады. «Айқапты» құмартып оқитын болдым. «Айқапта» басылған өлеңдерді еліктеп жазатын болдым. Бірсыпыра өлең жазып «Айқап» басқармасына жіберсем де, «басылмайды» деген жауап алдым. Сосын «Айқапқа» өлең жазуды доғардым.

***

Біp жылы қаңғалаңдап «Ғалия» медресесіне барып іліккенмін ғой. Төрт ай оқып, ауырып шығып кеткенмін. Аздап татар əдебиетіне танысқанмын. Əңгіме, өлеңдерін қолға түcіpіп, оқып жүретінмін. Соған еліктеп əңгіме жазу, пьеса жазуға əурелендім. 18-19 жылдардан бастап ұсақ əнгімелер жазатын болдым. Сол кездері жазған əңгімелерімнің біpі «Шұғаның белгісі» еді. Бастап жазғанымда ұзақ еді, 22 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына басарда өңдеп, бірсыпыра қысқартып тастадым.

***

Əдебиеттегі керекті жанрдың біpі қара сөз болса, сол бізде кешеулеп өpіc ала алмай келді. Оңай өлең жазып əдеттенгендерге қара сөз жазу ауыр көрінді. Біpaқ оқушылардың тілегі күннен күнге өcіп, көркем шығарманы керексінді. Оқушыларымыздың бұл тілегін елемеу бізге үлкен күнə еді. Мен қара сөзге айналдым. Сонда осы олқылыққа түгел тығын болдым деп мақтанатын кісің мен емес, менікі – шығармамның түрін біp өңкей соған қарай аударып көру еді. Аудардым да. Жаман болсын, жақсы болсын сол 30-жылдан бepі қара сөзбен едəуір нəрсе жазып тастаған сияқтымын. Бұдан былай да қолымнан келгенше, күшті осы қара сөзге салсам ба деймін. Өлеңнен гөрі іcтелуі ауыр болғанмен, икемім осыған ауды.

***

Менің бұл күнге шейін жазған тақырыбым — ауыл туралы ғана болып келді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен əлі күнге шейін кіpіce алғаным жоқ. Өйткені — əлі күнге өндіріс өмірімен таныстығым жоқ. Жазуымдағы басты кемшілігімнің біpі осы деп білемін. Ендігі біp тілегім – осы кемшілігімді жоюға күш салу...

***

Тіл ұстарту мəселесіне енжар қарау – біздің басты мініміз. Сөз саралауда қанша талпыныс болғанмен, кедір-бұдырлық, дөпбаспаушылық, əлі де жеткілікті. «Қырманда» повесін күнделікті ішінapa түзетулерін былай қойғанда, қаламды батыра қайтадан бес-алты рет қарап шығып, жөндедім, өзгерттім.

***

Жақсы көрсең – жер-көкке сыйғызбай мақтайсың; жек көрсең – жер-жебіріне жетіп даттайсың. Терең де байсалды сынға зəруміз. Ол бізгe өте қат. Біз оған сусап отырмыз.

***

Қазақ баласы «қазақ тілін білмейді» деп айтудың өзі де ерсі. Тілі шыққаннан бастап қай қазақ баласына орысша сөйлетіп үйретіпті дейсіз. «Əже» деп айтпа, «мама» деп айт» деп баласын ұратын «сыпайы» бəйбішелер, бірен-саран хан, төре тұқымдарында болмаса, қара қазақтың ішінде бұрын болмаған. Олай болса, осы күнгі жүрген «азамат», «азаматшалардың» бəрі де жасында ел ішінде өскендер, қазақ тілін судай сіміріп үйренгендер. Ендеше, олардың бəрі де қазақша білуі керек қой.

***

Қазақстанда кеңес үкіметі бастап құрылған жылдары Байтұрсынұлы большевик партиясына кіpіп, облыстық комитет атынан «қазақ туысынан коммунист, қазақта мал ортақ, жан ортақ, қонақасы ортақ» деп жазды. Ізденіп ойға түскен жастардың бұ да басын қатыратын, адастыратын жұмыстың біpі еді. Шынын айту керек, адастық қой...

***

«Балалар әдебиеті неге жоқ? Балаларды ескеретін күндерің бар ма?»

Бұл – қазақ жазушыларын қызартатын сұрау. Балалар әдебиетіне атсалыса алмай жүргеніміз рас. Әр жазушының өзінше сылтауы болуға мүмкін. Сәкен өкпелейді: «Қалада тұрған қазақтардың балалары бір ауыз қазақша білмейді, кітапты кімге жазамыз», – деп. Осы пікірге қосыла алмаймын.

Жақсы, қызықты кітап жазылса, өндірістегі жұмысшылардың, қырдағы колхозшылардың балалары түгін түсірмей оқығалы отыр. Қаладағы Шайқының қызы қазақша білмейді деп өкпелеп, балалар әдебиетін ақсатуымыз тым оғат, Сәкен!

Алдымен бастап сен қозғал, балалар әдебиетін байытайық.

***

Қазір күз болды. Октябрь, ноябрь іші жаз боп өтетін жер бар. Сол елдің бозбалалары осы күні ауыл қыдырумен жүреді. Орыс бозбалаларын алсаң, осы күні жер жыртып, қара бидай себумен әуре. Күз сепкен қара бидай ендігі жыл жазғы егіннен 20 күн, бір ай бұрын піседі. Ұны жоқ қазақтар оны да сатып алып, ұн қылады. Бірақ өздері себуге мойындары жар бермейді, көзге көрініп тұрған оңай олжа емес. «Ертеңгіні есек қайғырады» деп қазіргі сағатын ғана ескереді.

***

Бұрын қазақ тілді елемейтіндер, қазақ тілімен сөйлеуді ар көретіндер, осы күні тілі жаңа шығып келе жатқан баладай, балдыр-бұлдыр сөйлейтін болып жүр. «Так сказать», «ызыначитті» түйдектеп соғып, өзінше қазақтың алты ай мінсе арымайтын төл сөзіне ие болдым деп жүр.

«Ғыйбадатты тіліңмен емес, көңліңмен істе!» деп баяғыда молдалар өсиетін айтатын. Сол айтқандай, біз олардың тілінің бұдырын жаба тоқып, ниетіне риза боламыз.

 

Дереккөз: "Мүфтият.кз"

 
Толығырақ ...

«Адамзаттың ардақтысы» атты мүшайра жарияланды

   islam-atyrau.kz/20 қараша, 2019 жыл. Ардақты Алла Елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың туған Мәуліт айының құрметіне Нұр-Сұлтан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті «Адамзаттың ардақтысы» атты мүшайра жариялайды.

Мүшайраға кез келген талапкер төмендегі екі номинация бойынша қатыса алады.

1. «Үздік мәнерлеп оқушы» номинациясы

Бұл номинацияға мектеп жасындағы оқушылар қатыса алады.

Шарттары: Ақын, дін қайраткері, қази Сәдуақас қажы Ғылманидың «Мәуліт» кітабынан үзінді оқып, бейне-ролик жолдау; Уақыт өлшемі: 2-5 минут аралықтан аспау; Бейне-роликтің сапасы мен мәнерлеп оқуға мән беріледі.

Бәйге жүлделері:

І-орын – 50 мың теңге
ІІ-орын –  30 мың теңге

ІІІ-орын  – 20 мың теңге

2. «Үздік Мәуліт жыршысы» номинациясы

Бұл номинацияға кез келген ақын қатыса алады.

Шарттары: Бір ақын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы бір өлең және діни еркін тақырыпта бір өлең жолдайды.

Туынды Times New Roman 14 әрпімен жазылып, үш беттен аспауы тиіс. Сондай-ақ, шығарма бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болуы керек. Өлең авторының қысқаша өмірбаяны және суреті қоса жіберілуі шарт. Хат соңында байланыс телефонын көрсетіңіздер.

Бәйге жүлделері:

І-орын – 70 мың теңге
ІІ-орын –  50 мың теңге

ІІІ-орын  – 30 мың теңге

Шығармалар 8 қарашадан 22 қараша аралығында қабылданады. Мүшайра жеңімпаздарын марапаттау салтанаты Нұр-Сұлтан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде өтеді.

Материалдарды This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. электронды поштасына жолдау қажет.

Анықтама тел: 87013413839

 
Толығырақ ...

БАС МҮФТИ ШЫМКЕНТТЕ АЙМАҚТЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ (+ ФОТО)

  islam-atyrau.kz/20 қараша, 2019 жыл.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Шымкентте аймақтық имамдар форумына қатысты. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 800 имамының басын қосқан форум жұмысына қала әкімі Ерлан Айтаханов, мемлекет және қоғам қайраткерлері - Шалатай Мырзахметов, Сайлаукүл Барақова, белгілі ғалым, профессор Досай Кенжетай, т.б. зиялы қауым өкілдері, медресе-колледж шәкірттері қатысты.

Форумды ашқан Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

"Өздеріңізге белгілі, 23 қазанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқа төсінде, Елорда төрінде ІІІ республикалық имамдар форумын өткізді. Форумға арқау болған тақырып – «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі». Дін қызметкерлерінің дәстүрлі басқосауына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің игі тілегі мен құттықтауын жолдады.
Шарада сөз алған Премьер-министр орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, зиялы қауым өкілдері мемлекеттің мерейін үстем ететін рухани құндылықтардың мәні мен маңызын айрықша атап өтті. Сайып келгенде, лауазымды тұлғалардың мазмұнды баяндамалары мен жүрекжарды жолдаулары форумның мәртебесін асқақтатып, мәнін арттыра түсті.
Осынау ізгі-шарада «Рухани жеті қазық» Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы тәлімдік құжаты қабылданды. Имандылық, отаншылдық, еңбекқорлық, мәдениеттілік, ауызбіршілік, білімділік, әділеттілік сынды жеті ұстынды арқау еткен құжатты жамағатқа насихаттау үшін аймақтық имамдар форумын ұйымдастыру туралы бастама көтердім.
Арқа төсінен арнайы келіп, алдарыңызда сөз бастауым – игі бастаманың сәтті сабақтастығы", - деп атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған қала әкімі Ерлан Қуанышұлы: "Дін - адам тарихының үлкен тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымызда, мемлекетіміздің өсіп өркендеуінде діннің алатын орны ерекше. Өйткені, дін адамгершілік, әділдік, төзімділік кепілі. Діні, тілі, ділі жоқ халықтың болашағы жоқ. Дін арқылы елді біріктіруге болады", - деді.

Форумда баяндама жасаған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қоғамда рухани құндылықтарды қалыптастырудың тетіктерін сөз етті.

Форум соңында Үндеу қабылданды.

 

Толығырақ ...