Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

БАС МҮФТИ: МӘУЛІТ МҮБӘРАК БОЛҒАЙ

  islam-atyrau.kz/11 қараша, 2019 жыл.  Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды Мәуліт мерекесімен құттықтады. 

 

Құрметті бауырлар! Ардақты ағайын!

Осы күндерде жер-жердегі мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға салауат айтылып, дұға жасалуда. Ал мәдениет үйлерінде Алла Елшісінің өнегелі өмірін насихаттайтын рухани кештер өтуде.

Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айында ұйымдастырылатын рухани жиындар жыл сайынғы дәстүрлі ізгі іс-шарамызға айналды.

Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеудің орайлы бір сәті.

 

Алла Тағала қасиетті Құранда пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

«Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» ("Қалам" сүресі, 4-аят), – деп сипаттайды.

 

Тағы бір аятта: «Расында сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят), - делінген.

Пайғамбар есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс.

 

Қадірлі жамағат!

Мәуліт мүбәрак болсын! Осынау қасиетті айда Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып, мол сауапқа бөленуді Жаратқан Иеміз нәсіп еткей!

Әр отбасына бақ-береке, ынтымақ пен бар жақсылықты тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Әмин!

Толығырақ ...

Мақат аудандық орталық мешітінде 20 отбасыға азық – түлік таратылды

  islam-atyrau.kz/11 қараша, 2019 жыл.  Қасиетті Мәуліт айының құрметіне Мақат ауданының орталық мешітінде қайырымдылық шарасы өтті.

Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықовтың бастамасымен және жамағаттың  ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық акциясы аясында 20 отбасыға азық – түлік таратылды.

«Акция аясында негізінен әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасыларға көмек көрсетілді. Алла Тағала бұл дүниеге біздерді сынақ ретінде жіберді. Осы өмірде адамшылығымызды жоймай, мұқтажардарға көмек көрсету - мұсылманның міндеті.  Алдағы уақытта осындай қайырымдылық шаралар тұрақты түрде жалғасады деген ниеттеміз» дейді Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов.

Іс-шара барысында бас имам аудан тұрғындарын Мәуліт айының келуімен құттықтап, қасиетті айдың ерекшелігі туралы уағыз айтты.

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...