Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әр адам жолдасының дінінде болады

Қазақ достықты ерекше құрметтейтін халық. 

Ертеректе халқымыз достасу, достық сөздерімен бірге тамыр болу, анда дос болу деген сөз тіркестерін де көбірек қолданған. Екі жігіт қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішкен. Айнымас достықтың белгісі болсын деп бір-біріне қымбат бағалы бұйымдар ұсынған. Дәйім тығыз қарым-қатынаста болып, арадағы байланыс үзілмеген. Жақсы жолдастар кейде өзара байланысты одан әрі нығайту үшін ұл-қыздарын үйлендіріп, құдандалы адамдарға айналған. 

Бұл сөзімізді абыз жырауларымыздан қалған өлең шумақтары қуаттай түседі. 

Екі жақсы дос болмас,

Дос болса түбі бос болмас.

Екі сырттан ит болса,

Қой жібермес қорадан,

Екі жігіт тең болса,

Ат жібермес арадан.

Сондай-ақ, халық арасында достықтың қадірі жайлы мынадай мақал-мәтелдер тараған. «Айрылмастай досыңа қайрылмастай сөз айтпа». «Айтулы достың малы бір, кемедегінің жаны бір». «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». «Досың көңіліңді суытып айтады, қасың ойыңды жылытып айтады».

Осы айтылған ер-азаматтар арасындағы алғаусыз адал достық пейіл, мәрттік мінез жалпы мұсылмандық пайымдағы мүмін атаулыға меймандос көңілмен бір арнада тоғысады. Алла жолында дос болып, бауырласқан жандар түбінде жұмаққа да бірге кіреді. Оның ең ұлы мысалы ретінде Меккеден көшіп келген мүһәжірлер мен Мәдиналық ансарлар арасындағы бауырмалдықтан алға тартуға болады.

Алла Тағала: «Ал жұртты (Мәдинаны) және иманды тұрақ еткендер (ансарлықтар) болса, өздеріне көшіп келгендерді жақсы көреді де, оларға берілген нәрселер үшін көңілдерінде дық сақтамайды. Тіпті, өздерінде таршылық болса да, оларды өздерінен артық көреді. Ал кімде-кім өзінің сараңдығынан сақтанса, солар – табысқа жеткендер» деген.

Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дос таңдауда қателеспеуге, жақсы жанмен жолдас болуға шақырады. Өйткені, мұсылман – мұсылманның айнасы, дос арқылы адамның ғұмырлық ұстанымын, қадір-қасиетін бағамдауға болады.

Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын)  жеткен риуаятта Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Әрбір адам жолдасының дінінде болады. Сондықтан да сендердің әрбірің кіммен жолдас екендігіне қарасын» деген.

Жақсы жолдас қасыңда болса, көмегі мен кеңесін аямайды, сыртта болса, сыртыңнан тілеулес болады.

Бір кісі: «Уа, Расулалла! Жолдастардың ең жақсысы қандай?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсысы – егер атың аталса, саған болысып, ал егер ұмытылсаң есіне алатыны», – деген

Дүние  үшін немесе күнә жолында дос болғандар Қиямет күні бір-біріне дұшпан болады. Бір-бірінен ақысын даулап, бірін-бірі айыптайды. Ол туралы қасиетті аяттарда айтылған.

Алла Тағала: «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады» дейді.

Арақ ішу, құмар ойыны және басқа да Алланы еске алудан алыстататын күнәлі істер жолындағы достық ақиретте опық жегізеді.

Бұл туралы Алла Тағала: «(Қиямет күні залымдар былай дейді) Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаған болсам еді. Ол мен өзіме жеткен зікірден (Құраннан) алыстатты. Шайтан адамға опық жегізеді» дейді. 

Ал, бір-бірімен Алла разылығы үшін бауырларға айналған тақуа мүмін жандар Қияметте сол имани байланыстарының пайдасын көреді.

         Мақсот  БАҒЫТЖАНОВ,

        Мәулімберген мешітінің бас имамы.

 

Толығырақ ...

Ұстаз Өсімхан Тілеуов студент жастармен кездесті

 islam-atyrau.kz/31 қазан, 2019 жыл.   Дәстүрлі емес ағымдардың зияны. Осындай тақырыпта республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, облыс орталығындағы Әт Тақуа мешітінің мешітінің имамы Өсімхан Тілеуов студент жастармен кездесіп, уағыз айтты.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде Музыка және өнер мамандығына оқып жатқан студент жастармен кездесу кезінде ұстаз Өсімхан Тілеуов исламның өлшемі иман екендігін айтты. 

"Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар: "Адам досының дінінде болады. Сол үшін әрқайсысыңыз дос таңдағанда аса назар аударсын". Шыны керек қай кезде де ортаның әсері ықпалды болады. Сондықтан, жастар жас шағын бос әрі қор етіп өткізбеу үшін жанұясы, оқитын жері, араласатын қоғамы, өмірдегі достары, қызметтік ортасы секілді мәселелерге мән беруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбие, адами құндылық немесе жаманшылық пен азғындық та осы ортаға қарай қалыптасады. Демек, жастық шақты білімді игеруге, дін мен дәстүр құндылығын бойға сіңіруге арнағанымыз абзал" деді ұстаз Өсімхан Тілеуов кездесу кезінде.  

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Парасат. Прогресс. Көзқарас

    Расында, тіршіліктің құлшылықсыз, ал құлшылықтың тіршіліксіз мәні болмайтыны секілді, адамның өмір сүру салты мың құбылған мына заманда рухани құндылықтар маңызы күн санап артуда. Ізгілікке негізделмеген істің ілгері жүрмейтінін өмірдің өзі дәлелдеуде.  

Тұлғаның кісілік келбеті туралы жазылған еңбектерді тұжырымдай келе, адамның рухани әлемін екі ғылымға бөліп, қарастыруға болады. Біріншісі – ішкі рухани жан-дүние, екіншісі – сыртқы амал-әрекет. Екі негіз өзінің көркем үйлесімін тапқанда ғана хәкім Абай меңзеген «толық адам» деңгейіне жетеді.

Кісінің адамгершілік келбетін қалыптастыратын фактор – адам денесінің патшасы – жүрек. Мейірім, ынсап, ар мен ұят, жылулық жүректен тарайды. Адамның жұдырықтай жүрегі оның тұлабойындағы әрбір ағзаға әсер етеді.

Алла Елшісінің: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Ол – жүрек», – деген хадис-шарифінің пәлсапалық мәні осы.

Ойшыл ғалым Әбу Хамид әл-Ғазали: «Жүрек ауырса, өзіне қатысты амалды орындаудан мақұрым қалады. Жүректің орындауы тиіс амалы: білім алу, хикмет үйрену...» – деген екен. Ал Абайдың қара сөзінде келетін ғылымның: «...Мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды», – дегені бар. Сайып келгенде, ішкі рухани жан-дүниенің тазалығы жүрек дертін емдеумен тікелей байланысты.

Біріншіден, мен мына мәселені айрықша атап өткім келеді. Адам өз ойын жат пікірге толтырса, сана соның ықпалынан шыға алмай қалады. Біз көп жағдайда ертең болатын игі істің дәл қазір жүзеге асқанын қалаймыз.

Осылайша, Жаратқанның өз заңын ұмытып кетеміз. Әр нәрсе өз уақытында болады. Болашақтан үміт күткен адам әуелі проблемаларды ойламайды, керісінше мүмкіндіктерді қарастырады. Әр нәрсенің қайырын тілеп, мүмкіндікке ұмтылған пенденің өткінші мәселесі өздігінен шешіле бастайды.

Өйткені, мүмкіндік алғы шепке шыққан сәтте уақытша қиындықтар екінші орынға ығысады. Ақылды адам сынақты жақсылыққа айналдыра

біледі. Алла Тағала Құранда: «...Сендердің жақтырмайтын кейбір нәрселерің өздеріңе қайырлы болуы мүмкін...» («Бақара» сүресі, 216-аят) – дейді. Әр істің қайыры бар деп білген мұсылманға бұл аят үлкен жігер сыйлайды.

Екіншіден, психологияда «ынсапсыз менталитет» деген тұжырым бар. Бұл – өмірдегі сәтсіздіктерді өзгеден көру деген ұғымға саяды. Айналадағы адамдардың ғибратты ғұмырынан шабыт ала білетін кісіде «парасатты ойлау» психологиясы қалыптасады.

Бейнелеп айтқанда, біреудің мерейі тасып жатқанда, жігері құм болып, сергелдеңге әсте түспейді. Оны «неге?» деген сауалдан бұрын «неге болмасқа?» деген ойлар үмітіне қанат бітіреді.

Өмірдегі сынақты сабырлыққа жеңдірген жан парасат биігінде қала бермек. Рухани жан-дүниесі бай адам осы жолды таңдайды.

Үшіншіден, қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Пенденің бойындағы иман-сенім – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек.

Төртіншіден, ҚМДБ өзінің сан-салалы қызметінде төрт бағытқа басымдық береді. Ол – сауат ашу, шәкірт тәрбиелеу, қайырымдылық жасау, діни ағымдармен жұмыс. Біз бұл бағыттағы іс-шараларымызды бір сәтке де тоқтатпай, жандандыра түсеміз.

Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. Дін қызметкерлері мұны айтудан ешқашан жалыққан емес. Өйткені, пайғамбарымыз прогресске үндеген. Дамудың жолын көрсеткен. Керітартпа көзқарас алға жылжуды тежейді.

«Отанды сүю – иманнан», – деген аталы сөз бар. Бұл – тілге жеңіл болғанмен, жүрекке жылы тиетін нақыл. Отбасын ізгілікке тәрбиелеу, елдің игілігіне қызмет ету, тұрақтылық пен тыныштыққа тілеулес болу, міне, Отанды сүю деген осыдан басталады. Отаншыл адам өз ортасын береке мен бірлікке бөлеп, ізгілікке үндеп жүреді.

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Әйгілі Әйтеке бидің: «Өмірім – халықтікі, өлімім – өзімдікі», – дейтіні сондықтан. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың», – деп қоғамға шуағын шашып,

жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.

Осындайда халық даналығында айтылатын:

«Жаман ердің қайғысы,

Өз отының қасында.

Жақсы ердің қайғысы,

Ауылының басында», – деген орамдар ойға оралады...

Хадис тәлімінде айтылғандай, мұсылман қауымы бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған үйдің құрылысы секілді бір денеге ұқсайды. Жұбанса – жұбанады, қуанса – қуанады. Отанның қадіріне жетіп, елде болып жатқан жетістіктерге қуану да – мұсылмандық сипат.

Ғұламалар: «Ең жақсы өмір – жан-дүниенің тыныштығы. Дүние жамандықтарынан аман жүрек – сау жүрек. Сау жүректің иесі болу қандай бақыт?!» – деген екен. Расында, бұл дүниенің ләззаты имандылық жолы, рухани байлық. Рухы биік адам шынайы бақытқа бөленеді.

Алла Тағала Отанымызды, елімізді, жерімізді, халқымызды түрлі бүліктен сақтап, өз панасында сақтағай! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ,

Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

(мақала «Мұнара» газетінен алынды)

Толығырақ ...

МҮФТИЯТТЫҢ «МҰНАРА» ГАЗЕТІ ШЫҚТЫ (ФОТО)

    islam-atyrau.kz/31 қазан, 2019 жыл.  Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы – «Мұнара» газетінің тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, мүфтият қызметкерлері қатысты.  

«Рас, бүгінде адамның ой-пікірін бір арнаға бұруда бұқаралық ақпарат құралының маңызы артып келеді. Өйткені, болған оқиғаға әркім әр ракурстан қарайды. Оны өз деңгейінде қорытып, сараптайды.

«Мұнара» объективті ақпарат таратумен қатар, салт-дәстүр, тарих, білім, медицина, т.б. салалар бойынша ғалымдардың ізденістерін, зерттеу мақалаларын тұрақты түрде жариялайды. Өйткені, Ислам құлшылық пен тіршілікті үйлестіре отырып өмір сүруге үндейді.

 Біз иман ұғымын «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген бірауыз сөзге сыйдыра білген халықпыз. Ислам құндылықтарын қазақы таным-түсінік аясында насихаттау, бірлік пен ізгілікті ту ететін, елдің ертеңіне елеңдейтін ер-азаматтардың патриоттық сезімін ояту – «Мұнараның» басты мұраты», – деп атап өтті Серікбай Сатыбалдыұлы.

«Мұнара» – ҚМДБ-ның ресми рухани-танымдық газеті. Меншік иесі – «Мүфтият баспасы» ЖШС. Директоры – Мұрат Манапұлы. Бас редакторы – Серікбол Хасан, шеф редакторы – Ағабек Қонарбайұлы, ал шариғи редакторы – Хасан Аманқұл.

Газет айына екі рет шығып, 25 мың таралыммен тарайды.

 

Толығырақ ...

Басқаларға үлгі болудың мәні неде?

         Мұсылман адам - жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін үлгі боларлық мінез және тұлғалық көрсету қажет. Өйткені үлгі боларлық мінездермен өрнектелмеген ақиқаттар теория ретінде қалып қояды.

           Олай болса кез келген мұсылманның міндеті, әуелі оны өз өмірінде жүзеге асыруынан басталады. Өйткені айтқан сөзін, іс-әрекетімен қуаттай алмаған жанның өзгеге ықпал етуі мүмкін емес.

           Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй мүминдер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар.  Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» деп кісінің сөзі мен өзінің, сөйлегені мен әрекетінің қарама-қайшы болмауын ескертеді.  Саф сүресі 2-3 аят.

          Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай жандардың соңының қайғылы болатындығын ескертеді: «Қиямет күні бір кісі сүйреп әкелініп, тозаққа лақтырылады. Ішектері ақтарылып қалады, диірмен айналдырған есек тәрізді айналады. Тозақтықтар қасына келіп:      «Ей, пәленше! Мынаған қалай тап болдың? Сен жақсылық жасауды әмір етіп, жамандықтан тыйатын едің ғой?!»-деп сұрайды. «Иә, мен сендерге  жақсылық жасауды әмір етіп, өзім оны жасамайтынмын. Сендерді жамандықтан тыйып, өзім жасайтынмын», деп жауап береді».  (Бұхари)

           Өзгелерге жақсылықты әмір етіп, өзінің жағдайынан бейхабар болған жандардың ақыр-соңы қиын болатыны бәрімізге сабақ болуы тиіс. Өзіміз үйреніп өзгелерге насихат жасаған жақсылықтар мен игіліктер алдымен өзімізде көрініс табуы керек.

          Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келгеннен бастап айрықша өмір сүрген Исламды жаю міндеті жүктелмей тұрып-ақ, көркем мінезімен, әділеттілігімен, таза өмірімен өзгелерге үлгі бола білген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Пайғамбарлық міндеті жүктелген уақытта, жауапкешіліктің ауыр екенін сезініп тынышы кеткен сәтте, Хадиша (р.а.) анамыз былай деп жұбатқан болатын. 

          «Еш  қорықпа! Алла сені ешқашан қор қылмайды. Өйткені, сен туыстық қатынасты үзбейсің, тура сөйлейсің, шамасы жетпегендердің жүгін тасисың, пақырға жақсылық жасайсың, ешкімнің бере алмайтынын бересің, қонақты күтесің, хақ жолында болатын уақиғаларға жәрдем етесің, аманатқа қиянат жасамайсың. Әрі сенің ахлағың өте көркем». Бұл Алла Елшісінің көркем сипаттары еді.

          Сөздің тобықтай түйіні адам баласы өз көзі көрген нәрседен тәлім алуға бейім. Сондықтан исламды және көркем мінезді насихаттағанда, ол қасиеттің бойымызда көрінуі аса маңызды. Яғни, үйренгенімізді іс-әрекетімізбен өрнектей алсақ, құр сөзге қарағанда әсерлі әрі өтімді болары сөзсіз. 

         Нұрбек ИБАЙДУЛЛАЕВ,

       «Жылыой мұсылмандары»  мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

Жаман мінез және одан арылудың жолдары

       Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уасаллам) «Адамның денесінде бір ет бөлшегі бар. Ол жақсы болса, бүкіл мүшелер жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл мүшелер бұзық болады. Ол – көңіл» деп бұйырған. 

Яғни, біздің жүрек деп атайтын бір бөлшек етте болатын қуатқа ишарат етілген. Көңілдің жақсы болуы – жаман мінезден тазарып, жақсы мінезбен безенуі дегенді білдіреді.

Мінезді өзгертуге болады. Жаман мінездерден арылып, жақсы мінездермен безену арқылы өз-өзін тәбиелеу мүмкін нәрсе. Хадис шәрифте «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген. Ислам мүмкін болмаған нәрселерді әмір етпейді.

Жаман мінездің барлығы үшін ортақ шара – аурудың не екенін және оның зиянын және себебін және оның терісін және оған жасалатын шараның пайдасын білу болып келеді. Кейін бұл ауруды өзінде іздеу, табу өзіне диагноз қою керек. Бұл диагнозды әркім өзі жасайды. Немесе бір ғалымның, жол көрсетуші мүршидтің айтуымен түсінеді. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көруі қиын. Сондықтан сенімді досынан сұрап кемшіліктерін білсе болады.

Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де, өз айыбын, кемшілігін білуіне себеп болады. Өйткені дұшпан, адамның айыбын іздеп, бетіне басады. Ал, жақсы достар айыбын көрмейді. 

Біреу хазреті Ибраһим Әдхамға келіп айыбын, кемшілігін айтуы үшін жалынады. “Сен досымсың. Барлық халің, әрекеттерің маған әдемі көрінеді. Кемшілігіңді басқалардан сұра” дейді. Біреудің кемшілігін көргенде оны өзінен іздеп, өзінде де бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың шараларына жатады. «Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осы.

Яғни, өзгенің айыбынан, кемшілігінен өзінің кемшілігін көреді. Иса алейһиссаламнан “бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?” дегенде, «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым» дейді. Лұқман Хакимге «Әдепті кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деген екен. Сәләф-ус-салихиннің (алғашқы үш ұрпақ мұсылмандар), сахабалардың, әулиелердің “рахметуллаһи та’ала алейһим әжмаин” өмірбаяндарын, бастарынан өткен оқиғаларын оқу да жақсы мінез-хұлықты болуға себеп болады.

Өзінде жаман мінезі бар адам, оған шалдығуының себебін іздеуі керек, себебін жоюға және де оның терісін істеуге көп тырысу керек. Себебі адамда әдет болған нәрседен құтылуы өте қиын болады. Жаман нәрселер нәпсіге ұнамды келеді.

Жаман нәрсе жасап қойғанда артынша риязат жасау, яғни нәпсіге қиын келетін нәрсені жасауды өзіне әдет ету де жаман мінезден құтылуда пайдалы. Мәселен бір жамандық жасасам пәлен теңге садақа беремін немесе ораза тұтамын, түнде тұрып намаз оқимын деп ант етуі керек. Нәпсі мұндай қиын нәрселерді жасамау үшін бұларға себеп болатын өзінің жаман әдеттерін жасамайтын болады. Жаман мінездің зияндарын оқу, есіту де пайдалы шара. Бұл зияндарды білдіретін хадис шәрифтер де көп. Біразы мыналар:

               «Алла алдында жаман мінезден үлкен күнә жоқ». Себебі адам оның күнә екенін білмейді. Білмегені үшін тәубе етпейді. Жасаған сайын күнәсы қат-қат көбейе береді.

               «Адамдардың еш тартынбай, қысылмай жасайтын күнәлары – жаман мінезді болу».

               «Әрбір күнәнің тәубесі бар. Жаман мінездің тәубесі болмайды. Адам жаман мінезіне тәубе етпей, одан да жаманын жасайды».

               «Ыстық судың мұзды ерітетіні сияқты, жақсы мінез де қателерді ерітеді. Сірке суы балды бұзатыны сияқты, жаман мінез де жақсылықтарды жояды».

Жақсы мінезді болу үшін және мінез-хұлқын сақтай алу үшін, салих және жақсы мінезді адамдармен дос болу керек. Адамның мінезі досының мінезі сияқты болады. Мінез – ауру сияқты жұқпалы болады. Жаман мінезді адаммен дос болмау керек. Хадис шәрифте «Адамның мінезі, досының мінезі сияқты болады» делінген. 

Пайдасыз нәрселерден, ойындардан, әбес қалжыңдардан және дауласудан аулақ болу керек. Ілім үйреніп, пайдалы нәрселермен шұғылдану керек. Мінез-хұлықты бұзатын және шәһуатты оятатын ұятсыз, жаман кітаптарды оқымау керек және мұндай радио, теледидар көрсетілімдерінен сақтану керек. 

Жақсы мінездің пайдалары, харамның зияндары және жаһаннам азаптары әр уақытта есте болу керек. Байлық, мансаптың артынан қуғандардың еш қайсысы мұраттарына, мақсаттарына жете алмаған. Байлықты, мансапты жақсылық үшін іздегендер, қайырлы істерде қолданғандар бақытқа, берекеге қауышқан. Байлық, мансап мақсатқа айналмауы керек, игі істер жасау жолында құрал болуы керек. Байлық, мансап теңізге ұқсайды. Өте көп адамдар ол теңізде тұншығып батып қалған. Аллаһу та’аладан қорқу бұл теңіздің кемесі. Хадис шәрифте "Дүниеде қалушы емес, жолаушы сияқты өмір сүру керек! Өлетінін еш ұмытпау керек!" деп бұйырылған. 

Адам, оның өмірі мәңгі емес. Дүние зауқтарына берілген сайын, дерт-бәлелер, ренжумен қиындықтар арта береді. Төмендегі хадис шәрифтерді еш ұмытпау керек:

1- «Ғибадаты аз болған құл, қияметте жақсы мінезімен жоғары дәрежелерге қауышады».

2-  «Ғибадаттардың ең оңай және өте пайдалысы, аз сөйлеу және жақсы мінезді болу».

3- «Құлдың ғибадаттары көп болса да, жаман мінездері оны жаһаннамның түбіне апарады, кейде күпірге апарады».

4 – Біреудің күндіз ораза тұтатыны, түнімен намаз оқитыны, бірақ мінезі жаман болғаны үшін тілімен көршілеріне, достарына жәбір көрсететіні туралы айтылғанда, расулуллаһ алейһиссалам: «Бұлай болу жақсы емес. Баратын жері, жаһаннамның оты» дейді.

5- «Жақсы мінезді толықтыру, орнату үшін жіберілдім».

 Сәмауи (Аллаһтың) жіберген діндердің барлығында жақсы мінездер бар еді. Ислам бұлардың бәрін толықтыру үшін жіберілді. Бұл дін тұрғанда жақсы мінездерді үйрететін басқа деректердің, басқа адамдардың керегі жоқ. Сондықтан Мұхаммед алейһиссалам (с.ғ.с) ақырғы Пайғамбар (с.ғ.с).

6- «Мінезі жақсы адам дүние және ахырет бақытына қауышады». Себебі мінезі жақсы адам Аллаһу Та’алаға және құлдарына болған хақтары мен міндеттерін орындайды.

7- «Жүзі және мінезі жақсы болған адамды жаһаннам оты жақпайды».

8- «Өзінен алшақтағандарға жақындау, зұлым еткендерді кешіру, өзін махрұм еткендерге ихсан (жақсылық) ету жақсы мінезді болу дегенді білдіреді». Жақсы мінезді адам өзіне ренжігендерге жақсылық жасайды. Мал-мүлкіне, абыройына, денесіне зиян бергендерді кешіреді.

9- «Ашуланған кезінде жұмсақ мәміле танытқан адамның жүрегін Аллаһу Та’ала амандықпен иманға толтырады».

Қорқыныштан, қауіп-қатерден амандықта болады. Жамандық еткендерге жақсылық жасау, жақсы мінездердің ең үстемі. Кәміл адам екендігінің белгісі. Мұндай адамдардың дұшпандары досына айналады.

Нариман ЕРМАҒАМБЕТОВ,

Мәулімберген мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

Иман - ар-намыстың айнасы

.. Арсыз арам, асығыс айлакерлік,

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ. (Шәкәрім)

Адам болудың бір шарты - ұят деген ұғымды бойға сіңіру. Ұят дегеніміз - адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. 

«Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ»  деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. 

Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық», - дейді, Абай Құнанбаев отыз алтыншы қара сөзінде. 

Қазақтың қайнар көзі Абай атамыздың айтқан салмақты ойларының түпкі төркіні адамды ар-намыспен ғана рухани байытуға болатынын көздейді. Алла Тағала Құран Кәрімде ар-намыс туралы көптеген аяттар келтірген. Арлы адам ғана Алланың рақымына бөлене алатынын көреміз аяттарды оқи отырып.

Ілім дегенде біз діннің де ар ілімін қалыптастыруда өзіндік орны бар деп санаймыз.

Дін жолы - иман жолы, имандылық жолы. Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай. Өйткені ол дінсіздіктің нәтижесінде Құдайдан қорқу сезімінен ада. Шәкәрім мұның мағынасын терең түсінген ғұлама. Сондықтан да өз өлеңдерінде: "Қиянаты бардың иманы жоқ", - деп жазып кеткен. Хазіреті Омар «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ол өте айбатты болуына қарамай, әдептілігінен, ұяттылығынан Алла Елшісінің (с.ғ.с)  жанында өте ақырын сөйлейтін еді. Пайғамбарымыз да, бір адамның жанында тізерлеп отыратын, ол адамға құрмет көрсету үшін мүбәрак аяғын тік көтеріп отырмайтын еді. Әбу Саид Худри: «Расулуллаһтың ұяты, бойдақ ислам қыздарының ұятынан да көп еді» деген.

«Нұр» сүресінің 19-аятында Алла Тағала: «Иман келтіргендердің арасында жамандықтың, ұятсыздықтың таралуын қалағандар және ұнатқандар үшін дүниеде де, ақиретте де қайғылы азап бар» деген. Бойдағы нәпсі арсыз әрекеттерге бой алдырады. 

Соңғы уақытта батысқа еліктеушілік қазақ жастарының бойындағы ұятты шетке ысырып қоюына алып баруда. Тәуелсіздіктің таңы атып тұрғанда Ислам дініміз көркейіп жана бермек. Қанатын кеңге жайған діннің бір шетінен ұстап, жүрекке иман ұялатып, ар, ұятты сақтап қалу парыз. Шәкәрім Құдайбердиев «Үш анық» атты философиялық еңбегінде: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ» деген. Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «арлы адам, алдымен, Құдайына қараған, Құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар - әр адамның өз ісінің төрешісі».

"Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды".

«Ұяттылық, ар-намыстылық, тілге ие болу және ақыл – иманнан. Мұндай адамдардың ахирет қалауы көбейіп, дүние қалауы азаяды. Сараңдық, әдепсіздік, арсыздық – ұятсыздық пен екіжүзділіктен туындайды. Бұларда дүние қалауы көбейіп, ахирет қалауы азаяды», - деп ислам ғұламасы Бәйһақи ой тастаса, Тәбарани: «Ер адамдар ар-намыссыз, (жүргіш) болса, жақындары да жаман жолға түсуі мүмкін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Сендер арлы болсаңдар, әйелдерің де арлы болады» деген», - дейді.

Алла Тағала Құран Кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын, (зинақор) адамға жаһаннам азабын білдірген.

 Алла Тағала арсыздарды адам өлтірген адамдармен бір тұтқан. Мүминдердің сипаттары туралы айтқанда да былай деген: «Мүминдер намаздарын хушумен (ықыласпен) оқиды. Бос, қажетсіз нәрселерден аулақ болады. Зекеттерін береді. Ұятты жерлерін сақтайды. Аманаттарын қорғайды және уәделерінде тұрады» (Муминун 1-8)

Қайрат ХАЙРУЛЛИН, 

Мәулімберген мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

Нығметке шүкір ету иманнан

Алла Тағала Құран Кәрімде «Ибраһим» сүресі 7-аятта былай әмір етеді:

وَاِذْ تَاَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَاَز۪يدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ اِنَّ عَذَاب۪ي لَشَد۪يدٌ ﴿٧﴾

«Сол уақытта Раббыларың: “Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты” деп жариялады. (7)»

«Бақара» сүресі 152-аятта: 

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ 

«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар. (152)»

«Исра» сүресі 111-аятта Хақ Тағала: 

وَقُلِ الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي لَمْ يَتَّخِذْ وَلَدًا وَلَم يَكُن لَّهُ شَرِيكٌ فِي الْمُلْكِ وَلَمْ يَكُن لَّهُ وَلِيٌّ مِّنَ الذُّلَّ وَكَبِّرْهُ تَكْبِيرًا

«Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған сондай-ақ әлсіздіктен көмекшісі болмаған Аллаға лайық” де. Және Оны, өте ұлықта. (111)» - деп бұйырады.

 Біліп қойғың  «Шүкіршілік – тақуа құлдардың мақсат тұтқан жолдарынан», «Шүкіршілік – тек қана ауызбен «шүкір» деп айтып қоюдан ғана емес, ол – нығметті білу, сезу және шүкір етушіге сай амалдан тұрады, яғни, Алла сізге әсем тән берді , сол тәнмен намаз оқу, ораза ұстау, Құран оқу, Алланы еске алу және т.б. амалдардан тұрады. Алла сізге мал-мүлік берді ме? Онда сол малдан зекет, садақа беруің міне сенің шүкіршілігің».

Шүкіршілік  жайында  ғалымдар былай  дейді: 

Шәбли (Алла мейіріміне бөлесін) : «Шүкіршілік – нығметті көру емес, нығметті берушіні сезінуің»; Хаууас (Алла мейіріміне бөлесін): «Жалпы шүкіршілік  ішкен асыңа, киген киіміңе болады, ал жекешеленген шүкіршілік ішкі дүниемізге (иманға) болады»; Кейбір ғалымдар: «Шүкіршілік – нығметті берушінің сыйын мойындау, қабылдау», «Шүкіршілік – жақсылық жасаушының жақсылығын айтып мақтау», «Шүкіршілік – өз нәпсіңді кішкентай көруің» - деген екен. Ал Жүнейт әл-Бағдади болса (Алла мейіріміне бөлесін): «Шүкіршілік – өзіңді нығметке лайықты көрмеуің» - деген екен.

Алла Тағала шүкір етуші құлдарын  Құран Кәрімде  «Юнус» сүресі   10-аятта былай деп зікір етеді: 

دَعْوَاهُمْ فِيهَا سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَتَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلامٌ وَآخِرُ دَعْوَاهُمْ أَنِ الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ

Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады. (10)

Шүкіршілік ету ол мүміннің сипаттарынан. Оған дәлел ретінде мына хадисті келтірсек болады. 

Суһәйб ибн Синаннан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде, оның әрбір жай-күйі өзі үшін хайырлы болмақ, бұл – одан өзгеге бұйырмаған бақыт. Ол қандай да бір қуанышты жағдайға тап болса, шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін хайырлы. Ал басына бір қиындық түссе, сабырлылық танытады. Бұл да өзі үшін хайырлы болады», - деп айтты, - делінген. (Муслим, зуһд 64).

Шүкіршілік Алланы разы қылатын және құлына деген махаббатын арттыратын амалдардан. Ол жайында да ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Шындығында Алла – азығын жеп,  артынша  шүкір, Аллаға мақтау айтқан құлынан разы болады, сусынын ішіп, артынша шүкір, Аллаға мақтау-мадақ айтқан құлынан разы болады» (Муслим)

Алла құлына берген нығметті құлының бойынан көргісі келеді. Ол жайында да Пайғамбарымыз (с.а.с): 

«Ақиқатында Алла өзінің нығметінің әсерін құлының бойынан көруді жақсы көреді»(Тирмизи).

Қадірменді жамағат, бауырлар қазақта «судың да сұрауы бар» демекші Алланың бізге берген нығметтерінен сұралатынымызды ұмытпайық. Алла не берді бәрінен сұраламыз, мал-мүлік, денсаулық, білім, абырой, мақам, бедел, баршасынан сұраламыз. Оның дәлелі «Тәкәсүр» сүресі 8-аятта Алла Тағала былай бұйырады:  

﴿ ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ ﴾

«Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар. (8)» - яғни қарынның тоқтығы, сусындармен шөл қандыруымыз, жаратылыстың арасындағы әділдік, тәтті ұйқы сияқты нығмет атаулының баршасынан сұраламыз. 

«Фатхул-қадир» тәпсір кітабында нығметтен сұралу жайында Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисін келтіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің мүбарак хадисінде былай дейді:

«Шындығында қиямет күні құлдан сұралатын нығметтен ең әуелгі нәрсе былай делінуі: сенің тәніңді сау қылмадық па? Салқын сумен суармадық па?»

Раббымыз нығметтерінің санына байланыстырып «Рахман» сүресінде:

فَبِأَیِّ آلاءِ رَبِّکُمَا تُکَذِّبَانِ

«Ендеше, (әй адамзат пен жын!) Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?» - деп бұйырады. Бір көңіл бөлетін жәйіт, бұл аят «Рахман» сүресінде 31 мәрте қайталанады екен. Демек Раббымыз бізге берген сан жетпейтін нығметтерін, санасақ та тауысып біте алмайтын нығметтерін еске алып, көп-көп сансыз мақтау-мадақ, шүкіршіліктер мен тәубеде болуымызды еске қайта-қайта салуда. 

Сондықтан қадірменді ағайын, бауырлар!  Раббымыз бізді Алланы көп еске алушы, нығметтерін  естен шығармаушы және нығметтеріне көп шүкір етуші пенделерден болуымызды нәсіп етсін!

 Айдын СЕРІКБАЕВ, 

Атырау қалалық «Құспан молла»

мешітінің наиб имамы.

Толығырақ ...

НАИБ МҮФТИ БҰҰ БІРЛЕСКЕН ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

 islam-atyrau.kz/31 қазан, 2019 жыл.   ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы елордада екі күнге жалғасқан БҰҰ жанындағы халықтың қоныстануы саласындағы қордың отырысына қатысты.

Наиб мүфтиден бөлек бұл шараға Ұлыбритания Елшілігіндегі саяси мәселелер жөніндегі хатшы Джеки Дэвис, қордың Қазақстандағы ұлттық координаторы Ғазиза Молдақұлова және дін саласындағы белді имамдар мен теологтар келді. Діни қайраткерлердің басын қосқан жиында бірнеше маңызды мәселелер көтерілді.   

Атап айтқанда жұмыс тобының отырысында ана және репродуктивті денсаулықты қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру және жастарды экстремистік діни ағымдардан сатқтау жайы кеңінен талқыланды. Бүгінгі отырыста негізінен әйелдің қоғамдағы рөлі, отбасындағы құқығы кеңінен айтылды. Өйткені соңғы 6 жылда жүргізілген зерттеулер нәтижесі әйелдерге жасалған зорлық-зомбылықтың артқанын көрсетіп отыр. БҰҰ жанындағы халықтың қоныстануы саласындағы қор ендігі кезекте дін өкілдерімен бірлесе осы мәселенің алдын алмақ. Жиын соңында кешенді оқу-әдістемелік бағдарламасын дайындау туралы келісімге келді.

«Соңғы 7 жылда аталған қормен белсенді жұмыс істеп келеміз. Дінімізде әйелдің құқығы, оның дәрежесі, ана ретіндегі рөлі ерекше көрсетілген. Анаңа жақсылық жасағандай, әйеліңе де тек қарау дініміздің бір шарты. Сондықтан әйел адам отбасында, қоғамда қысастық көрмеуі тиіс. Бүгінгі жиында аналардың айналадан қысым көрмеуін болдырмау мақсатында көптеген ұсыныстар айтылды. Осы бағыттар бойынша бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз»,- деді наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы.

 
Толығырақ ...