Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Сұлтан Бейбарыс мешітінің жамағатымен кездесті

    Қасиетті жұманың Құптан намазынан кейін жамағатпен жүздескен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өзінің өмір жолымен таныстырып, жамағатқа ауызбіршілік, білім алу, қоғамның тұрақтылығы, сананың рухани биіктігі хақында уағыз айтты. 

Қасиетті Құранның Әли Имран сүресі, 103-аятында «Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер» деген жолдар бар.  Осы аятты ғалым сахаба Абдулла ибн Масғұд р.а былай түсіндіреді:   «Уа халайық, сендерге басшыға бой ұсыну және көпшілікпен болу міндетті. Расында бұл Алла Тағаладан әмір етілген Алланың жібі» дейді.   Мінекей, күллі әлемнің сырын қамтыған, адам баласына ең үлкен жол нұсқаушы қылынған, ақ пен қараны айқын баян еткен қасиетті Құранда Алла Тағала біздер үшін бір болуды да әмір етті. Ал Құранда әмір етілгенінің өзі бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі Құдіретті Алла біздерді не нәрседен тыйса сонда қайыр бар, ал не нәрсеге бұйырса сол да біздер үшін ең дұрысы болмақ. Демек, мұсылмандар үшін бір болу Алладан келген әмір ғана емес, тағылымы мол іс екені шүбәсіз деді ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы кездесу барысында.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің басапсөз - қызметі.

Толығырақ ...

Жасаған жақсылығың өзіңді табады

Жақсылық – адамды игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы. Әлемге мейірін шашып, қуаныш сыйлауға ұмтылдыратын, жылуына бөлейтін, қоғамды адамгершілікке үндейтін асыл қасиет. Адам баласы дүниеге келгеннен кейін айналасынан тәлім-тәрбие алып, сана-сезімі қалыптасып, жақсылық пен жамандықтың мәнін түсіне бастайды. Бойындағы жамандықты, арам ойды жеңіп, біреуге жасаған жақсылықпен өзінің жүрегінің жылитынын сезген адам ғана, расында, өзгеден жақсылық көруден бұрын, біреуге жақсылық жасауға құмартып тұрады.

Жақсылық туралы әр қоғамның, мәдениеттің өзіндік көзқарасы болғанымен, жалпы айтқанда, сыпайы болу, мұқтаж адамдарға көмектесу, шыдамдылық және қамқорлық сияқты ұғымдар - бұл барлық жерде де жақсы болып саналады. Дегенмен, Алла Тағала Құранда бізге дәлірек анықтама береді: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса, әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар, әрі солар тақуалар» (Бақара сүресі, 177 аят).

Мейірімділердің ең Мейірімдісі Алла бір-біріне мейірімділік танытқан құлдарына есептеусіз береді және олардың бір-біріне қамқор болуларын тоқтатпайынша мейірімін жалғастыра береді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың ең мейірімдісі болған және ол бізге қоғамда өзін-өзі ұстаудың, адамдармен қарым-қатынас жасаудың айқын үлгісін қалдырды. Ата-анаға жақсылық жасаумен қатар, туыстарға көмектесіп, туыстық байланысты сақтау ризықтың көбеюіне әсер ететінін Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисынан байқауға болады: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари).

Жақсылық жасаудың сыры игі істерден бас тартпайтын және әлсіздер мен мұқтаждарға қамқорлық жасайтын асыл адамдарға белгілі. Біреуінен оның қалай байып жатқандығы туралы сұрағанда, ол: «Мен Алламен жарыстым. Мен басқаларға бердім, ал Ол маған берді, соңында Ол жеңді», - деген.

Мұқтаж адамдарға беретін садақа, біреуге қызмет ету, тіпті жай ғана жылы сөз айту немесе біреуге күлімсіреу сияқты игі амалдар бізге пайда әкелмейтіндей көрінгенмен, оның, әлбетте, қайтарымы болады. Мүмкіндігі бар кезінде байлығымен көмектеспеген бай адам немесе өзімшілдікке салынып өзгеге қол ұшын созбаған адамның бұл өміріне қайта орала алмай және қателіктерін түзете алмай қатты өкінетінін мына аяттан көреміз: «Сендерден біреулеріңе өлім келіп: «Раббым! Мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең де садақа беріп, ізгілерден болсам» деуден бұрын өздеріңе берген несібемізден тиісті орынға жұмсаңдар» (Мунафиқун сүресі,10 аят).

Расында, шынайы жақсы адамдарға Алла осы дүниеде де, ақыретте де мол сыйлық береді. Құранда Ол былай дейді: «(Мұхаммед ғ.с.): «Әй иман келтірген құлдарым! Раббыларыңнан қорқыңдар! Бұл дүниеде жақсылық істегендерге жақсылық бар. Алланың жері кең. Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады» деп айт» (Зумәр сүресі, 10 аят). Осы аятқа сәйкес, Алладан қорқу, Оны еске алу, Қияметті ойлау, сондай-ақ басқалармен жақсы қарым-қатынас жасау игі амал болып саналады. Әбу Заррдың жеткізген хадисында (екеуіне де Алла разы болсын) Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай жағдайда болсаң да Алладан қорық және жамандықтың артынша оны жоятын бір жақсылық жаса. Адамдармен қарым-қатынаста жақсы мінез-құлық көрсет», - деген (Тирмизи). Алла Тағала Құранда өзінің дініне сай жақсылық жасаушылар, Алладан қорқатындар үлкен жақсылыққа ие болатынын айтады: «Сондай Алладан қорыққандарға: “Раббыларың не түсірді?”,- делінсе, олар: “Игілік” дейді. Сондай-ақ жақсылық істегендерге бұл дүниеде жақсылық бар. Әрине ақырет жұрты тағы жақсы. Әлбетте тақуалардың қонысы нендей жақсы!» (Нахл сүресі, 30 аят).

Бірақ иман келтірген ең алдымен ақыреттің пайдасына ұмтылады. Үлгі ретінде дін үшін өз мүліктерін, отбасыларын, туыстарын тастап кеткен алғашқы мұсылмандарды айтуға болады.  Алла Тағала оларға билік пен байлық сыйлады, және бұл олардың Аллаға деген шүкіршіліктерін арттыра түсті. Алла Тағала Құранда: «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар. Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды» (Ән’ам сүресі, 160 аят). Алланың жомарттығы мен мейірімінің бір айқын көрінісі Ол осы дүниедегі ізгі істер үшін игіліктері мәңгі болатын бақытты уәде етеді: «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ, не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннәттік. Олар онда мәңгі қалады» (Юнус сүресі, 26 аят).

Бірақ барлық ізгі амалдар тек Алланың разылығы үшін жасалса ғана қабыл болады. Алғыс күтіп немесе жасағанын міндетсінсе, басқаға ұнау үшін амал риямен атқарылса, Алланың разылығынан басқа өзге ниет етілсе, ол бос әурешілік болып саналады. Таза ниетпен жақсылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді.

Жақсылық – күллі игіліктің түп бастауы болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, жақсы ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдау  жақсылықтың нышаны. Алланың разылығын іздеп, өзіміз үшін алдын ала қайыр істегеніміз Алланың қасында жақсы және ол үшін зор сыйлық бар екенін ескере отырып, жақсылық жасауда жарысайық!

 

 Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы.

Толығырақ ...

Кеңөзек округінде ақсақалдар бас қосты

islam-atyrau.kz/25 қазан, 2019 жыл.  Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылындағы Кеңөзек ауылдық округінің жергілікті əкімдік  үйінде ақсақалдар бас қосты.

Іс-шараны округ əкімі Ернар Есентемірұлы ашып, қарттардың асыл қазына екендігін атап өтті.

Жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Сағынаев қарттардың әркез сапта екендігін айтып, атқарылып жатқан шаралар жөнінде мағлұмат берді.

Қарттар өмірлік естеліктерінен сыр шертіп, бір кез əн-мен жырға кезек берді.

Арнайы шақырылған қонақтар арасынан «Мəулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов дін мен дəстүр, ұрпақтар сабақтастығы туралы уағыз айтты.

«Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Сондықтан, дін мен діл, дәстүр құндылықтарын саф күйінде ұрпаққа жеткізу парыз» дейдіимам Мақсот Бағытжанов.

«Мəулімберген» мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

«ЖЕТІ РУХАНИ ҚАЗЫҚ» ТУРАЛЫ ДӘРІС ӨТТІ (+ ФОТО)

   islam-atyrau.kz/25 қазан, 2019 жыл.  Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы «Астана» медресе-колледжінде оқып жатқан шәкірттермен кездесіп, ІІІ республикалық форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы» құжатын түсіндірді.

«Халқымыздың дәстүрінде жеті қазына қандай киелі болса, еліміздегі мұсылман қауымының тіршілігі мен құлшылығында жеті рухани қазық сондай қастерлі болуы керек. Ендігі мақсат – осы тұғырнаманы халыққа насихаттау. Жұма уағыздарында, жамағат намаздарынан кейінгі дәрістерде Рухани Тұғырнаманың мақсаты мен міндеттерін, тәлімдері мен ұстындарын ұлтымызға жеткізу – баршамыздың асыл борышымыз», – деп атап өтті Әнуар Елжанов.

Кездесу барысында Әнуар Ізімбайұлы маңғыстаулық шәкірттермен сұхбаттасып, оларға діни салада қызмет етудің маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, медресе тынысымен танысты.


 

Толығырақ ...