Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Атыраудағы Жұлдыз мешітінің имамын құрметпен шығарып салу рәсіміне қатысты

 islam-atyrau.kz/20 қазан, 2019 жыл.  Бүгін Атырау қаласына қарасты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы ауысты. Енді Жұлдыз мешітіне Айтжан Абдиров басшылық етеді. 

Бұған дейін аталмыш мешіттің бас имамы қызметін атқарған  Ардақ Жұмабекұлын Атырау облысының Бас имамы Алтынбек  Ұтысханұлы бастаған жергілікті жамағат құрмет көрсетіп, шығарып салды. 

Құптан намазынан кейін өткен қоштасу кешінде Бас имам  Алтынбек  Ұтысханұлы асыл дінімізді насихаттау, жергілікті жамағатты бірлік туы маңына топтастыру, ағартушылық бағыттарда атқарған ізгі істері үшін Ардақ Жұмабекұлына алғыс айтып, білімін жетілдіру мақсатында Түркия еліне аттанғалы отырған сапарына сәттілік тіледі. 

"Біз өмірге келіп, өмірден кеткенге дейін білім алуға тиіспіз. Себебі, біз терең білім арқылы ғана адам деген атқа лайықты боламыз. Білім арқылы Аллаға жақындай түсеміз. Білім арқылы біз Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) қандай мақсатпен келгендігін білуге көп мүмкіншілік аламыз. Алла Елшісінің (с.ғ.с) "Білім алу - ер мен әйелге парыз" деген өсиеті де бар. Ардақ бауырымыз осы уақытқа дейін қанша жерде білім алып шықты. Әйгілі Хасеки орталығында оқып шыққан. Қасиетті Құранды толық жаттаған. Бірақ, ол мұнымен шектеліп жатқан жоқ. Құранды қырағатпен оқудың тәсілдерін меңгеру мақсатында шет елге аттанғалы отыр. Бауырымыздың ниетін Алла сауаптан жазсын. Осындай білім жолындағы ізденіс баршамызға нәсіп болғай" деп атап өтті Бас имам Алтынбек  Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Ардақ Жұмабекұлы Түркия еліндегі Стамбұл қаласында «Хасеки» Ислами білімдер оқыту орталығында исламтанушы мамандығы бойынша білім алған. Елордадағы  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану мамандығының магистранты. Әр кезеңде Астана, Орал, Атырау қалаларында жауапты қызметтерді атқарды.  

Жұлдыз мешітінің бас имамдығына тағайындалған Айтжан Абдиров Түркия Республикасындағы  "Хасеки" жоғары діни мамандандыру орталығының түлегі.  Шымкент медресе колледжінде  жалпы білім беру пәндер бірлестігінің меңгерушісі болып, аталмыш мекемеде араб тілі, фиқһ пәндері бойынша ұстаздық еткен.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...

Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Атырау қаласының мешіттерін аралады

  islam-atyrau.kz/20 қазан, 2019 жыл. Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мұнайлы өлке орталығындағы бірқатар мешіттерді аралап, ішкі жұмыстарымен танысты.

Атырау қалалық Құспан молла мешіті, Әт Тақуа мешіті және Сұлтан Бейбарыс мешіттеріне арнайы барып, атқарылуы тиіс мәселелер жөнінде тапсырмалар жүктеді. 

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздегі мешіттерге жүктеген арнайы бағыттары бар. Біздің міндетіміз бүгінгі талап үдесінен шығып, жұмыс атқару. Және мешіттеріміздің материалдық, техникалық базасын жаңғырту да негізгі міндет болып қала береді. Сонымен бірге, жамағат бірлігін арттыру, қоғам тұрақтылығын сақтау мақсатындағы іс шаралар өз алдына бөлек тақырып" дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.  

Айта кетелік, қазіргі уақытта Атыраудағы 1500 орындық Сұлтан Бейбарыс мешітінде ғимараттың кіребесін кеңейту жұмыстары жүруде. Бұл құрылыс мешітке келушілерді аяқ киім жинақтау орнымен қамтамасыз етіп, баспалдақ маңындағы орынның кеңеюіне жол ашады деп күтілуде. Және мешіт төбесіне күмбез орнату жобасы жасалуда. 

Атқарылған істермен танысқан Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы құрылыс жұмысын жеделдету, жамағаттың діни сауатын арттыру мәселелеріне қатысты тапсырма берді. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Толығырақ ...