Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Батыржан МАНСҰРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі: «Мешіттің үлкен тәрбие ошағы екендігін ұмыт қалдырдық»

Бұған дейін Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың баспасөзге арнайы сұхбат бергендігін, соның ішінде Атырауда салынып жатқан мешіттер жайы, болашақ медресе жобасына байланысты мәселелер туралы хабарлаған болатынбыз. Бүгін аталмыш сұхбаттың толық нұсқасын жариялап отырмыз.

 

 

     - Елдегі  діни ахуалды қалай бағалайсыз?

- Ислам тарихына қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дәуірінде, кейін сахабалар дәуірінде де дінде айтарлықтай мәселе болған жоқ. Яғни, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге өмірге сүрген сахабалар дәуірінде діни ахуал қалыпты болды.

Кейін үшінші халифа Османның, төртінші халифа Әлидің тұсында түрлі жат ағымдар пайда болып, діни тұрақсыздықтың орнауы осы кезеңде басталған еді. Тарихи жағдайларды саралай отырып, сол кезеңде сырттай мұсылман болып көрініп, дін арасында іріткі салғандардың көп кездескенін көруге болады.

Ал, енді өзімізге оралар болсақ, кешегі 70-80 жылдар мен бүгінгі 21 ғасырдағы жағдайды салыстырып ақ, біраз дүниені саралауға болады. Рас, сонау 70-80 жылдары қоғамда дінді ұстануға тыйым салынды. Діндар қауымдар емін-еркін мектеп, медресе тұрғыза алмады. Небір сауатты ишандарымыз, ахундарымыз қудаланды. Осындай бір «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заманнан соң еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік таңы қазақ даласына діни еркіндікті ала келді.

Азаматтарымыз намазға, имандылыққа бет бұрды. Кезіндегі құлыптаулы клубтар сүріліп, орнына көркем мешіттер тұрғызыла бастады. Осындай елең-алаң тұсында даламызға діннің ішіндегі тармақтар проблемасы келді. Бұл 2000-шы жылдар еді. Осы аралықта орын алған проблемаларды санамалаудың өзі артық. Себебі, бұл жағын халық жақсы біледі. Яғни, бұл жағдай бір ағын еді. Аты айтып тұрғандай, ағым су секілді ағып барады, түбінде тазалық қалып жатыр. Ерекше атап өтерлігі, дәл қазіргі уақытта қоғамда діни мәселе бірізділікке түсіп келеді.

Неге? Себебі, тәуелсіздік таңында елімізде қайтадан діни мектеп қалыптасты. Медресе, колледждер есігіе ашты. Алматыдағы Нұр-Мүбарак университеті бірден-бір жоғарғы білім беретін оқу ордасына айналды. Жаңа кадрлар дайындалып, жетіліп келе жатыр.

- Сұхбат арасында өзіңіз айтып өткен жат тармақтар тақырыбы қазақ қоғамында ғана емес, күллі әлемде терроризм атты қауіпті проблеманы туындатып отыр. Бір ғана Таяу Шығыстағы жағдайлар терроризмнен келетін қауіптің ауқымы қандай болатынын көрсетті. Осы ретте ағымдармен күрес мәселесі туралы не айтып өтер едіңіз?

- Жоғарыда айтып өткендей, бүгінде халық дұрыс бағыт пен бұрыс бағытты біршама айыратындай деңгейге жетіп қалды. Ертеректе дінді ұстанғандарға «барлығы бірдей» деп қарайтындар көзқарас қазір аса бір өршіп тұрған жоқ.

Біріншіден, егер біздің уақытымыз да, біліміміз де, энергия, күш-қуатымыз бір ғана жат ағымдар мәселесіне  жұмсала беретін болса, онда біздің дұрыс бағыттағы  жамағатымыз қараусыз қалады. Сондықтан, жат ағым тақырыбын психологилық тұрғыда да өршіте беруге болмайды. Керісінше, жат ағымға альтернатива бола алатындай жастарымызбен арадағы жұмысты көбірек күшейтуіміз керек.

Екіншіден, теріс ағымдармен күресте бізге білім ғана көмекке келе алады. Әдетте, терең білім  - ислам шариғатындағы ең үлкен қару саналады. Қазіргі уақытта біз білімді, өмір сүру салты, дәстүрді дәріптеу арқылы, жат ағымдардың идеологиясымен күресіп келе жатырмыз.

- Ал, мешітке келмей, өзара топтасып жүретін жаңа топтармен арада байланыс бар ма?

- Мәселен, қазір хаддадиттер деп аталатын топ бар. Мұсылмандардың құбылаға қарап намаз оқитын қасиетті орны мешіт туралы Құранда айқын айтылғанына қарамастан, олар тіпті, мешітті намаз оқитын орын ретінде қабылдамайды.Мұндай қасаң түсінік бұрын-соңды ислам тарихында кездескен емес.

Осындай теріс түсінікте жүрген бұл топ үйді-үйге бөлініп, өзара сұхбат құруды әдетке айналдырып алған. Әрине, біз біреудің шаңырағын бұзып кіріп, отырыстарын бұза шақырмаймыз. Бірақ, халықты сақтандыру – біздің міндетіміз. Осы ретте діни білімі жоқ адамдарға бұқара арасында уағыз-насихат жүргізуге тыйым салынғандығын айрықша атап өткеніміз жөн. Сондықтан, қандайма кездесу, сұхбат алаңдарында жүрсек те, біз барлық жамағатты діни мәселеде дәрісті үйден емес, мешіттен алуға, ұстаздарға жүгінуге  шақырамыз.

- Бүкіл әлемді алақанға сыйдырып жіберген интернеттің мүмкіндігін қалай пайдаланып отырсыздар?

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында интернет желісімен жұмыс істейтін үлкен бөлімі бар. Аталған бөлім ақпараттық, насихаттық, сонымен бірге, діни ағарту жұмыстарын мүфтият мешіттеріне қарасты сайттарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларда үйлестіріп отыр.

Мәселен, мүфтияттан ай сайын облыстарға екі тақырыптан беріліп отырады. Тақырып аясында имамдар уағыз айтады. Уағыз Youtube каналына жүктеледі. Кейін ол видео уағыдар ықшамдалып, инстаграм желісіндегі ресми парақшаларымызда таратылады. Осылайша, бір айда қырыққа жуық уағыз ғаламторға жүктеледі екен. Біздіңше, бұл жаман көрсеткіш емес.

- 2000-шы жылдардағы жағдайдың дін мәселесінде қоғамды алатайдай бүлдіруінің бір себебі – сол кезде діни кадрлардың болмауы немесе жетіспеуі еді. Қазіргі кезде Атырауда діни маман мәселесі толық шешілді деп айтуға бола ма? Жалпы, кадр жайы қалай?

- Тәуелсіздік елең-алаңында Атырауда маман мәселесі өте өткір тұрды. Қазір бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарымыз бар. Әріге бармай ақ, осыдан бес жыл бұрынғы жағдайды алып қарасақ, ол кезде  35 кадр болды. Бұл өте аз көрсеткіш еді. Бүгінгі күнде білікті имамдар саны 75-ке дейін көбейді.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Нұр-Мүбарак университетінде және діни колледждерде Атыраудан 50-ге жуық маман оқып жатыр. Былтыр алғашқы төрт маманымыз қызметке келді. Биыл онға жуық кадр орналасты. Осы жерде діни маман дайындау мәселесіне қолдау білдіріп отырған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа, демеушілерге алғыс айтқым келеді.

Және атыраулық студенттермен арада жасалған келісім шарттың барын да атап өткеніміз дұрыс. Бүгінде студенттердің оқу ақысы, жатақхана ақысы және шәкіртақысы мешіт тарапынан төленуде. Диплом алған соң жас мамандар Атырауда қызмет ететін болады. Осылайша, білікті ұстаздардан ілім жатқан жастарымызға қолдау жасау арқылы, дәстүрлі бағыттағы жамағатымыздың санын ұлғайтып жатқан жайымыз бар.

 -   Бір кездері мешіттердегі  жамағаттың өзара бөлінуінің салдарынан имамдар намазды тоқтатуға мәжбүр болып жүрді. Қазіргі жағдай қалай? Мешіт ішінде жамағаттың өзара бөліну мәселесі әлі де бар ма?

- Беті әрмен, бірақ дінге бөліну - өте қауіпті құбылыс. Алла Тағала Құранда «Алланың жібіне жармасыңдар да, әсте бөлінбеңдер» деп, өсиет еткен. Мейлі рулық, діни тұрғыдан болсын бөліну соңында берекетсіздік әкеледі. Сондықтан, мұндай мәселеде абай болуымыз керек.

Тікелей сұрағыңызға келсем, бүгінде мешіт ішіндегі жамағат арасындағы қатынас бөлінушілікке емес, бірігушілікке келе жатыр. Қазір мешіттерде ынтымақ, бірлік тақырыптарында уағыздарымыз жиі айтылады. Күнделікті бес уақыт намаздың ішінде Бесін және Құптан намаздарынан бұрын бес минут хадис оқимыз. Діни басқарма бекіткен тақырып аясында күнделікті уағыз жүреді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жамағат бір-біріне құрметпен, мейіріммен қарай бастады.

- Сұхбатымызды қорытындыласақ...

- Жоғарыдағы мешіт мәселесінен шығады, барлығымыз мұсылман баласымыз десек те, расымен де Атырауда мешіт салу үрдісі бәсеңдеп қалды. Біз мешіттің үлкен тәрбие ошағы екенін ұмыт қалдырдық. Оның да себебі бар. 2000 жылдары елге кірген жат ағым өкілдері мешітті қорқынышты етіп көрсетіп қойды. Соның салдарынан «Балам мешітке барады» деген жаңалықты үреймен қабылдайтын жағдайға жеттік. Себебі, үлкендердің жүрегінде «балам қай бағытта жүр?» деген сұрақ тұрады.

Асылында, мешіт - Алланың үйі. Тәрбие ошағы. Мешітке барған адам имандылығымен, ибалылығымен ерекшеленіп тұруы тиіс. Яғни, біз мешітке барған адамның көркем қасиеттерін көбірек дәріптеуіміз керек.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Толығырақ ...

Толеранттылық пен диалог – бейбітшілік және келісімнің жаңа архитектурасының негізі

   islam-atyrau.kz/15 қазан, 2019 жыл. «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» Басқарма Төрағасы А.Әбибуллаев Эр-Рияд қ. Бүкіләлемдік мұсылман лигасының Бас Хатшысы Мұхаммад бен Абдукарим әл-Иссамен кездесті.

Кездесу барысында Бүкіләлемдік мұсылман лигасының Басшысы Қазақстан Республикасы конфессиялық және ұлттық тұрғыдан көптүрлі бірегей мемлекет болып табылады деп атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру бастамасына ерекше алғысын білдіре отырып:

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қарусыздандырудың жаһандық үрдісіне ауқымды үлес қосты. Әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде Н.Назарбаев барлық діндердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар және саяси қайраткерлер бас қосатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін шақырту бастамашысы болып табылады. Бұл жиын заманауи мәселелерді тиімді әрі жан-жақты шешуге ықпал ететін бірегей орын» – деді Мұхаммад бен Абдукарим әл-Исса.

Басқарма Төрағасы Бүкіләлемдік мұсылман лигасының басшысына әлемде дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі мен ұйым өкілдерінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерлерінің барлық алты Съезінің және Хатшылықтың жұмысына тұрақты қатысқаны үшін алғыс білдірді. Бүкіләлемдік мұсылман лигасы тарапынан берілген бастамалар мен ұсыныстар Съездің қорытынды құжаттарында көрініс тапқандығы ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында тараптар дінаралық толеранттылық пен диалогты алға жылжытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында өзге де халықаралық институттармен ынтымақтастық аясын кеңейтуге қатысты өз қызығушылықтарын білдірді. Өз кезегінде Орталық басшысы Бүкіләлемдік мұсылман лигасының басшысына Қазақстан Республикасы Парламент сенатының Төрағасы Д.Н.Назарбаеваның Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырту хатын табыстады.

Бүкіләлемдік мұсылман лигасы – 29 мемлекеттен ірі мұсылман қайраткерлерін біріктіретін ұйым, оның құрамына әлемнің түкпірінен 70 танымал ислам ғалымдары мен қайраткерлері кіреді. Аталған ұйымның штаб-пәтері Меккеде, ал бөлімшелері Медина, Эр-Рияд және Джидда қалаларында орналасқан. Ұйымның қызметі әлемде исламның адамгершілік құндылықтарын насихаттауға, мұсылман елдері арасында диалог пен бірлікті орнатуға, қоғамның әлеуеметтік қорғалмаған топтарына қайырымдылық көмек көрсетуге, сонымен қатар, мұсылмандарға қажетті ислами қоғамдық пікірді қалыптастыруға бағытталған. 

 
Толығырақ ...

«Мақат аудандық» орталық мешітінде айлық дастархан жасалды

 islam-atyrau.kz/15 қазан, 2019 жыл.   Мақат ауданы «Мақат аудандық» орталық мешітінде, аудан имамы Біләл Сағындықовтың  ұйымдастыруымен мешіт жамағаттарына айлық уағыз дастарханы жайылды.

Іс-шараға «Жылыой аудандық» орталық мешітінің бас имамы Арман Исаев және «Жылыой аудандық» орталық мешітінің ұстазы Дастан Сүлейменов, ауданға қарасты имамдар, ақсақалдар және облысқа қарасты мешіттерден келген жамағаттар қатысты.

«Мақат аудандық» орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықов осы көшпелі айлық уағыз дастарханы арқылы жамағат арасында ауызбірлік артып келе жатқанын айтты. Дастархан басында «Жылыой орталық» мешітінің бас имамы Арман Исаев мұсылмандарға тәлім тәрбиені және әдептілікті үйрететін «Хужурат» сүресінің аяттарын тәпсірлеп берді.

Алла Тағала Құран Кәрімде «Хужурат» сүресінің 6 аятында былай дейді: «Ей мүміндер! Сендерге пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) білмей, бір елге залал жеткізіп, істегендеріңе (ертеңгі күні) өкініп қаласыңдар» деген. Сондықтан, мұсылман адам сөздің байыбына барып, қандай да бір хабар келсе анықтап алған дұрыс екенін жамағатқа айтып сөзін аяқтады «Жылыой орталық» мешітінің бас имамы Арман Исаев.

Рухани кеште «Жылыой орталық» мешітінің ұстазы Дастан Сүлейменов «Дін үшін аянбай қызмет қылу», «Дін бауырларының сүйіспеншілігі» тақырыптарында уағыз айтты.

«Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жер бетіндегі күллі жаратылысқа жіберілген Пайғамбар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар бұрын (Мединеде) мекен деп, иманына берік болғандар (ансарлар) кейін оған көшіп келгендерді (мұсылмандарды) жақын көреді. Оларға берілген нәрселер үшін қызғанып өкпелемейді. Өздері мұқтаждық көрсе де, оларды өздерінен артық көреді. Кімдер сараңдықтан тартынса, солар мұратына жететіндер» деген  ұстаз Дастан Сүлейменов жамағатты бір-біріне көмектесуге шақырды.

 

     Мақат аудандық орталық мешітінің баспасөз – қызметі. 

 

Толығырақ ...