Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ЫҚЫЛАС - АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫНА ЖЕТКІЗЕДІ

Расулалла бір хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты...» (яғни іс-амалдың нәтижесі ниетке қатысты) деген. Осы тұрғыдан алғанда, ғибадаттан бастап, барлық ізгі амалдар ең алдымен Алла разылығы үшін жасалуы тиіс. Әрине, бұл тек шынайы ықылас арқылы ғана мүмкін болмақ. Басқаша айтар болсақ, амалдарды тек шынайы ықыласпен орындау арқылы ғана ғибадат дәрежесіне көтеру мүмкін. Сондықтан, амалдардың Алла құзырында қабыл болуының басты шарты – ықылас.

Ықылас – амалдарды тек Жаратушының разылығын тілеп орындау, оны нәпсілік мақсаттармен араластырмау деген сөз. Тән үшін жанның маңыздылығы қаншалықты болса, амал үшін де ықыластың маңыздылығы соншалық. Ықылассыз орындалған амал  құр шаршау, бос әурешілік.

Ықылас – Алла Тағалаға жақын болу мақсатымен жүректі әртүрлі дүниелік пайдалардан сақтау.
Ықылас – амалдардың рия (көзбояушылық), менмендік секілді түрлі рухани кірлерден тазартылуы. Өйткені, мұндай жаман қасиеттер ықыласты кірлетіп, оның жойылуына себеп.

Алланың разылығына жеткізбейтін әртүрлі мақсат-мұраттарды көңілден шығарып тастау – әрбір мұсылманның ең басты міндеті.

Бірақ, мынаған көңіл бөлген жөн. Ықыласты кісілер нәпсілерінің басым келуі нәтижесінде бұл жақсы қасиеттерінен айырылып қалу қаупімен үнемі бетпе-бет жүреді. Бағындырған шыңды ұстап тұру қандай қиын болса, ықыласты сақтап тұру да соншалықты қиын. Бұл жайында хазреті Зуннун әл-Мысридың мынадай сөзі бар:

«Ғалымдардан басқа бүкіл адамзат – өлі. Бүкіл ғалымдар ұйқыда, тек ілімімен амал етуші ғалымдардан тыс. Ілімімен амал етушілердің де алдану ықтималдары бар, тек ықыластылардан тыс. Ықыластылар да (дүниеде) әр уақыт қауіп-қатермен бетпе-бет жүреді...»

Қиындықтарға қарамастан, шынайы ықыластарын әрдайым сақтап жүретін құлдар Алланың көптеген жақсылықтарына кенеледі.

Қорыта айтар болсақ, ықылас құлдарды игі-қайырдың ең үлкені Алланың разылығына жеткізеді. Өйткені, Алла Тағала құлдарының амалдарын тек өзінің разылығы үшін, яғни ықыласпен орындалуын қалайды. Құранда былай делінген:

«(Ей, Расулым!) Күмәнсіз, Саған Кітапты (Құран) ақиқатпен түсірдік. Олай болса, сен де дінді тек Аллаға арнап шынайы ықыласпен құлшылық жаса!»  («Зүмәр» сүресі, 2-аят).
«Маған дінді тек Аллаға арнап шынайы ықыласпен құлшылық ету бұйырылды деп, - айт!»  («Зүмәр сүресі», 11-аят).

Ықылас мүмінді ең үлкен дұшпан шайтанның қулық-сұмдықтарынан құтқарады. Олай дейтініміз, шайтан ықыласы төмен  құлдарды тұзағына оңай түсіреді. Бұл турасында аятта былай делінген:

«Малғұн  (Шайтан): Уа, Раббым! Ант етемін! Мені адастырғаның үшін оларға жер бетінде (күнәларды) әсемдеймін де олардың барлықтарын адастырамын. Тек олардың ішінде ықыласты құлдарың мұнан тыс» («Хижр» сүресі, 39-40 аяттар).

Ықыласты құлдар тозақ азабынан құтылады. Ұлы Алланың: «(Азаптан) тек Алланың ықыласты құлдары ғана аман қалады»деген сөзі осы шындықты сүйіншілеуде.

Ықыласпен орындалған амал аз болса да, иесінің құтылуына жетерлік. Бұл жайында Алланың Елшісі де:

«Дініңде ықыласты бол! Егер осыны орындасаң, аз амалдың өзі саған жеткілікті болады», - деген (Хаким ІY, 341).

Ықылас Алланың жәрдемін шақырады. Пайғамбарымыз бір хадисінде:

«Алла бұл үмметке әлсіздердің дұғалары мен намаздары және ықыластары арқылы жәрдем етеді»,-деген (Нәсай, «Жиһад», 43).

Ықыластың басым түсетініне еш күмәнданбаған жөн. Ықыласпен  атқарылған іс  нәтижесін береді. Тарихта ықыласты да сабырлы жауынгерлер Алланың жәрдемімен өздерінен саны мен қару-жарағы жағынан әлдеқайда күшті жаудан басым түскен.

Тәбүк жорығында орын алған ғибратты бір оқиғаны Уасилә бин Әсқа былайша әңгімелейді:

– Тәбүк соғысына дайындық жүріп жатқан кез болатын. Алайда, менің жорыққа шығатын мал-мүлкім де, көлігім де жоқ еді. Бұл берекелі жорықтан қалып қоймайын деген оймен Мәдинада былайша көпшілікке үн қаттым:

–  Кімде-кім мені көлігіне мінгізіп соғысқа ала кетсе, соған үлесіме түскен олжамды беремін!

Ансарлық бір қарт түйесіне  кезектесіп мінуге келісіп, мені  ала кететінін айтты.

–  Олай болса, Алладан жақсылық  тілей отырып, жолға шығайық, - деді.

Осылайша қайырлы бір жолдаспен сапарға шықтым. Алла Тағала бізге үлкен олжа нәсіп етіп, үлесіме бірнеше түйе берілді. Оларды  алдыма салып, айдап отырып әлгі ансарлық қартқа әкелдім. Ол болса маған:

–  Түйелеріңді ал да, кері қайт, - деді.

–  Арамыздағы келісім бойынша бұлар сенікі, - десем де  қария:

–  Ей, бауырым! Олжаңды өзің ал! Мен сенің дүниелік үлесіңді сұрағаным жоқ. Мен сенің сауабыңа, яғни рухани табысыңа ортақ болуды ойлаған едім,– деп жауап берді (Әбу Дәуіт, «Жиһад», 113/2676).

Бар мүмкіншіліктерін Алланың разылығына ие болу үшін жомарттықпен жұмсай білген ардақты сахабалар Алла жолында күреске шығарда да, мүмін бауырына қол ұшын берген кезде де, шынайы ықыласпен орындауға аса мән беріп, Алла үшін істеген қайырлы амалдарын дүниелік пайдаларға айырбастауға  қатты көңіл бөлген.

muftyat.kz

Жоғарыға