Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Нығметке шүкір ету иманнан

Нығметке шүкір ету иманнан

Алла Тағала Құран Кәрімде «Ибраһим» сүресі 7-аятта былай әмір етеді:

وَاِذْ تَاَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَاَز۪يدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ اِنَّ عَذَاب۪ي لَشَد۪يدٌ ﴿٧﴾

«Сол уақытта Раббыларың: “Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты” деп жариялады. (7)»

«Бақара» сүресі 152-аятта: 

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ 

«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар. (152)»

«Исра» сүресі 111-аятта Хақ Тағала: 

وَقُلِ الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي لَمْ يَتَّخِذْ وَلَدًا وَلَم يَكُن لَّهُ شَرِيكٌ فِي الْمُلْكِ وَلَمْ يَكُن لَّهُ وَلِيٌّ مِّنَ الذُّلَّ وَكَبِّرْهُ تَكْبِيرًا

«Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған сондай-ақ әлсіздіктен көмекшісі болмаған Аллаға лайық” де. Және Оны, өте ұлықта. (111)» - деп бұйырады.

 Біліп қойғың  «Шүкіршілік – тақуа құлдардың мақсат тұтқан жолдарынан», «Шүкіршілік – тек қана ауызбен «шүкір» деп айтып қоюдан ғана емес, ол – нығметті білу, сезу және шүкір етушіге сай амалдан тұрады, яғни, Алла сізге әсем тән берді , сол тәнмен намаз оқу, ораза ұстау, Құран оқу, Алланы еске алу және т.б. амалдардан тұрады. Алла сізге мал-мүлік берді ме? Онда сол малдан зекет, садақа беруің міне сенің шүкіршілігің».

Шүкіршілік  жайында  ғалымдар былай  дейді: 

Шәбли (Алла мейіріміне бөлесін) : «Шүкіршілік – нығметті көру емес, нығметті берушіні сезінуің»; Хаууас (Алла мейіріміне бөлесін): «Жалпы шүкіршілік  ішкен асыңа, киген киіміңе болады, ал жекешеленген шүкіршілік ішкі дүниемізге (иманға) болады»; Кейбір ғалымдар: «Шүкіршілік – нығметті берушінің сыйын мойындау, қабылдау», «Шүкіршілік – жақсылық жасаушының жақсылығын айтып мақтау», «Шүкіршілік – өз нәпсіңді кішкентай көруің» - деген екен. Ал Жүнейт әл-Бағдади болса (Алла мейіріміне бөлесін): «Шүкіршілік – өзіңді нығметке лайықты көрмеуің» - деген екен.

Алла Тағала шүкір етуші құлдарын  Құран Кәрімде  «Юнус» сүресі   10-аятта былай деп зікір етеді: 

دَعْوَاهُمْ فِيهَا سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَتَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلامٌ وَآخِرُ دَعْوَاهُمْ أَنِ الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ

Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады. (10)

Шүкіршілік ету ол мүміннің сипаттарынан. Оған дәлел ретінде мына хадисті келтірсек болады. 

Суһәйб ибн Синаннан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде, оның әрбір жай-күйі өзі үшін хайырлы болмақ, бұл – одан өзгеге бұйырмаған бақыт. Ол қандай да бір қуанышты жағдайға тап болса, шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін хайырлы. Ал басына бір қиындық түссе, сабырлылық танытады. Бұл да өзі үшін хайырлы болады», - деп айтты, - делінген. (Муслим, зуһд 64).

Шүкіршілік Алланы разы қылатын және құлына деген махаббатын арттыратын амалдардан. Ол жайында да ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Шындығында Алла – азығын жеп,  артынша  шүкір, Аллаға мақтау айтқан құлынан разы болады, сусынын ішіп, артынша шүкір, Аллаға мақтау-мадақ айтқан құлынан разы болады» (Муслим)

Алла құлына берген нығметті құлының бойынан көргісі келеді. Ол жайында да Пайғамбарымыз (с.а.с): 

«Ақиқатында Алла өзінің нығметінің әсерін құлының бойынан көруді жақсы көреді»(Тирмизи).

Қадірменді жамағат, бауырлар қазақта «судың да сұрауы бар» демекші Алланың бізге берген нығметтерінен сұралатынымызды ұмытпайық. Алла не берді бәрінен сұраламыз, мал-мүлік, денсаулық, білім, абырой, мақам, бедел, баршасынан сұраламыз. Оның дәлелі «Тәкәсүр» сүресі 8-аятта Алла Тағала былай бұйырады:  

﴿ ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ ﴾

«Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар. (8)» - яғни қарынның тоқтығы, сусындармен шөл қандыруымыз, жаратылыстың арасындағы әділдік, тәтті ұйқы сияқты нығмет атаулының баршасынан сұраламыз. 

«Фатхул-қадир» тәпсір кітабында нығметтен сұралу жайында Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисін келтіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің мүбарак хадисінде былай дейді:

«Шындығында қиямет күні құлдан сұралатын нығметтен ең әуелгі нәрсе былай делінуі: сенің тәніңді сау қылмадық па? Салқын сумен суармадық па?»

Раббымыз нығметтерінің санына байланыстырып «Рахман» сүресінде:

فَبِأَیِّ آلاءِ رَبِّکُمَا تُکَذِّبَانِ

«Ендеше, (әй адамзат пен жын!) Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер?» - деп бұйырады. Бір көңіл бөлетін жәйіт, бұл аят «Рахман» сүресінде 31 мәрте қайталанады екен. Демек Раббымыз бізге берген сан жетпейтін нығметтерін, санасақ та тауысып біте алмайтын нығметтерін еске алып, көп-көп сансыз мақтау-мадақ, шүкіршіліктер мен тәубеде болуымызды еске қайта-қайта салуда. 

Сондықтан қадірменді ағайын, бауырлар!  Раббымыз бізді Алланы көп еске алушы, нығметтерін  естен шығармаушы және нығметтеріне көп шүкір етуші пенделерден болуымызды нәсіп етсін!

 Айдын СЕРІКБАЕВ, 

Атырау қалалық «Құспан молла»

мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға