Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Тәубе

Тәубе

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ол сондай Алла бізді жоқтан бар етіп, бүкіл махлұқаттың ішінде адам қылып жаратты. 

Соның ішінде маңдайы сәждеге тиетін мұсылман етіп жаратқан Аллаға сансыз мадақтар болсын! Екі дүниенің сардары, адамзаттың жанашыры, пайғамбарлардың сұлтаны, соңғы демінде де үмбетім  деп кеткен Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың сәлемі мен игілігі болсын! 

Атам қазақ "Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң" деп жастық шағында немесе қандайда бір жасында өмірдің өтпелі жалған қызығына белшесінен батып, адам атаулыға жат қылықтардың қырығын жасап, өмірдің нағыз мәні мен сәнін сезіне алмай жүріп қайта бақытқа жетіп Алласын танып, құлшылығын құлшына жасап кеткен адамға айтқан болар сәрі. Ұлы Жаратушымыздың құлдарына деген мейірімі шексіз ғой. Адамзат баласы өзіне қаншама нығметтер берген, адамзаттың ардақтысы етіп жаратып бұл дүниенің бүкіл жаратылысын өзіне бағындырып қойған Жаратушы иесіне қарсы келіп, бұйрықтарын орындамай, тиғандарынан тиылмай жүретін кездері кездеседі. Мейірімі күшті Алла қаншама үлкен күна жасасаңда тәубе етіп кешірім сұраған құлын кері қайтармайтыны ақиқат нәрсе. Сондықтан да Алланың мейірімінен үміт үзбей жасаған күнәлармыз үшін тез арада тәубе жасап, Алладан кешірім сұрау әрбір мұсылман баласы үшін уажіп. 

Ұлы Жаратушымыз қасиетті Құран Кәрімнің "Тахрим" сүресінің сегізінші аятында "Ей, иман еткендер, Аллаға шынайы түрде тәубе етіңдер" деп бұйырады. Әбу Хурайра (р.а) Пайғамбарымыздың (с.а.у) өзінің қасиетті хадистерінің бірінде: "Алланың атымен ант етейін, мен күніне жетпіс мәрте Алладан кешірім сұрап тәубе етемін" деп айтқанын есіттім дейді. Өткен және алдындағы бүкіл күналары кешірілген Алланың Елшісі (с.а.у) күніне жетпіс рет кешірім сұраған болса, біз күнахар пенделердің өте көп кешірім сұрап жалбарынуымыз керек екені айтпасада түсінікті. Ғалымдарымыз Аллаға қарсы күнә жасауды екі түрлі қарастырады:

1. Алла мен құлдың арасындағы күнәлі істер

2. Құлмен құлға қатысты күналы істер. 

Егер күнә Алла мен құлдың арасында болатын болса тәубенің қабыл болуы үшін үш шарт бар дейді. 

Біріншісі: күнәні жүрегінен суырып алып тастау,

Екіншісі: Сол харам істі жасағаны үшін қатты өкіну,

Үшіншісі: Ол арам қадамға қайта жоламауға нық шешім қабылдау.

Егер осы шарттардың біреуі орындалмаса ол тәубе қабыл етілмейді дейді ғалымдарымыз. Сонымен қатар егер қандай да күна құлмен құлдың арасындағы құқықтарға байланысты болатын болса, жоғарыдағы үш шартпен қоса төртінші және бір шарты бар. Ол құл қандайда бір құлдың ақысын жеген болса оған барып кешірім сұрауы керек екен. Мәселен бір кісі біреудің сыртынан ғайбат айтып қойған болса, тәубе етіп жоғарыдаға үш шарттан бөлек сол мұсылман бауырына барып кешірім сұрау керек. Немесе бір кісі біреудің малын ұрлап сосын тәубеге келген болса, сол ұрлаған затын егесіне қайтармайынша оның тәубесі қабыл болмайды дейді ислам ғұламалары. Әрбір мұсылман Алла Тағаланың ерекше мейірімді екенін ұмытпастан істеген әрбір күналары үшін көп уақыт өткізбей дереу тәубе етуге асығу керек. 

Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у)  "Алла Тағала жан алқымға келген уақытқа дейін тәубені қабыл етеді" дейді. Ұлы Алла баршамызды өзінің шынайы тәубе еткен құлдарының қатарынан жазсын, әмин!

 

   Айтжан АБДИРОВ,

Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің бас имамы. 

Жоғарыға