Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Имам әл-Матуридидің еңбектері мен ілімінің түп негізі

Имам әл-Матуридидің еңбектері мен ілімінің түп негізі

Әбу Мансұр әл-Матуриди саналы ғұмырын ағартушылықпен өткізіп, соңына теңдессіз еңбектер қалдырған. Өкінішке орай, оның еңбектерінің дені шапқыншылық, көшіп-қону, табиғи апаттар және басқа да себептердің салдарынан бүгінгі күнге дейін жетпеген.

       Ғалымның еңбектері негізінен «муғтазилиттер», «харижиттер», «шиттік» және оның ішінде «рафизиттер» мен «карматилер» сынды діни-пәлсапалық және діни-саяси ағымдардың сенімі мен тұжырымдарын сынға алып, терістеу мақсатында жазылған. 

           Сын – белгілі бір саланың шегі болып табылады. Кез-келген пікірді не сенімді сынау үшін, сол саланы терең меңгеру керек. Матуриди өзінің опоненттерін сынаған. Муғтазилиттердің ішінде әсіресе, әл-Кағби атты көсемін сынап, оған қарсы бірнеше кітап жазған. Бұл да болса имамның сол саланы терең меңгергендігін білдіреді. Имам Матуриди «Кәләм ілімі», «тәпсір және Құран ілімі», «Фиқһ және фиқһ методологиясы» деген тақырыптарда қалам тартқан.

          Кәлам ілімі бойынша:

         1. «Китәб ат-таухид» (Таухид – Алланы бір деп тану кітабы); 

          2. «Китәб әл-мақаләт» (Мақалалар кітабы) - Мұхаммед Әбу Заһра бұл кітаптың толық атын: «Китабу мақалат фи калам» - деп берген. Кітаптың мазмұны, түрлі ағымдарға жауап ретінде жазылған мақалалар жиынтығынан тұрады

         3. «Китаб әл-усул» - (Усулу әд-дин). Ақида кітабы. Толық аты «Китабу усул фи усулу әд-дин» деп те айтылады. Берлин кітапханасында түп нұсқасы сақтаулы деген дерек бар.

        4. «ар-Радд ῾алә әл-қарамита» (Карамиттерге жауап); 

        5. «Радд әл-усул әл-хамса ли Әби Мухаммад әл-Бәһили» (Әбу Мухаммад әл-Баһилидің «Бес негіз (қағида)» атты кітабына қарсы жауап); 

       6. «Радд ’әуә’йл әл-’әдиллә ли-л-Ка‛би» (Кағбидің «Дәлелдердің әуелгісі» атты еңбегіне қарсы жауап);

       7. «Радд тәһзиб әл-жәдәл ли-л-Ка‛би» (Кағбидің «Тартысты түзету» атты еңбегіне қарсы жауап);

      8. «Радд уа‛ийд әл-фуссақ ли-л-Ка‛би» (Кағбидің «Пасықтардың барар орны» атты кітабына қарсы жауап); 

      9. «Радд китәб әл-’имәмә ли ба‛д ар-рауафид» («Имамдық» кітабына қарсы жауап);

     10. «Бәйән уәһм әл-му‛тазилә» (Мұғтазилердің қиялын баяндау кітабы);

    Фиқһ ілімінің негіздері/методологиясы: 

«Китәб әл-жәдәл» (Тартыс кітабы);

«Китәб мә’хаз әш-шара’й‛» (Фиқһ негізіндегі шариғат көздері). Бұл кітап бүгінгі күнге жетпеген. Алайда, Ханафи мәзһабының “Усул” ғалымдары бұл кітаптан пайдаланғандарын өз еңбектерінде айта кеткен. Нәсәфи бұл еңбекті «әл-Мусаннаф фи Усули-л Фиқһ» (мәһазу-ш Шарай) деген атпен атайды.

 

Тәпсір және Құран ілімдері: 

«Рисалату фи мә лә йәжузу әл-уәқф ‘аләйһи фи-л Қуран» - Жалғыз параққа жазылған жазба. Мазмұны: “Бисмилламен” басталып, имам Матуридидің жазғанына байланысты бір-екі сөзден кейін, Құран Кәрімде әдейі тоқтауға болмайтын 52 жерді айтып, сондай-ақ, тоқтағандардың үкімін баяндайтын рисала.

«Китәб әт-тә’уиләт»/«Тә’уиләт әл-Қуран»/«Тә’уиләт әһл ассуннә» (Құранның жорамалы, түсініктемесі)

Бізге жеткен еңбектеріне келсек, олар бір ғана қолжазба нұсқасы сақталған «Китаб ат-таухид» және қырыққа жуық қолжазба нұсқасы бар «Китабу ат-тауилат» немесе «Тауилату аһли сунна». Дегенмен, аталмыш қос еңбек ғалымның ең негізгі, қомақты әрі тың туындылары болып саналады.

“Китаб ат-таухид” – “Матуриди мәзһабының” негізгі кітабы. Әбу-л-Му‛ин ән-Нәсәфи өзінің «Табсират әл-әдилләсында» және Әбу-л-Йуср әл-Паздауи «Усулу-д динінде» бұл еңбекті осылай атаған. Ал «Кәшф әз-зунун» және «Һәдият әл‛арифин» атты еңбектерде бұл кітап «Китәб ат-таухид уә исбәт ас-сифат» деп аталған. Әлемде жалғыз нұсқалы бұл еңбек ең алғаш рет Фатхуллаһ Хулейф тарапынан өңделіп шықты. Қазіргі таңда жалғыз қолжазба нұсқа 3651 нөмірімен Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы. 1970 жылы Бейрут қаласында аталмыш түп нұсқа негізінде жарыққа шықты және 1979 жылы Стамбулда қайтадан басылды. Хулейфтен кейін «Китәб ат-таухид» мәтінін Бекир Топалоғлы мен Мұхаммед Аручи қайта зерттеп, өңдеп 2001 жылы жарыққа шығарды. Артынша Б. Топалоғлы аталмыш мәтінді түрік тіліне аударып, 2002 жылы жарыққа шығарды. Матуриди бұл еңбегін дінді дәлелмен тану/ұстану керектігін (ужуб ма‛рифат әд-дин би-дәлил) және «таным» теориясын (назарият әл-ма‛рифа) баяндаумен бастаған. Осылайша ол өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеу арқылы өз ілімінің іргетасын пәлсапалық тұрғыдан мықтап қалай білді. Әсілі, Матуридидің бұл еңбегі таным теориясын баяндаумен басталатын ең көне теологиялық трактат болып табылады. Осыған орай имам Матуридиді сунниттік бағыттағы ғалымдар арасында өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеген ең алғашқы теолог (мутәкәллим) деп кесіп айтуға болады. Өйткені, Матуридиден бұрын бірде-бір кәләм ғалымы еңбегінің кіріспесінде «таным» теориясын өз алдына бөлек тақырып ретінде қолға алып, жан-жақты талдап, дәйектемеген. Басқасын айтпағанда, имам Матуридидің замандасы, әшғари кәләм мектебінің негізін қалған имам Әшғаридің (қ.ж.324/935) бізге жеткен «Китәб әл-лума‛» және «әл-Ибәнә» атты теологиялық трактаттарында «таным» теориясына қатысты арнайы бөлім жоқ.

        Әһли сүннеттің ақидаға байланысты саласында алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың ішіндегі көрнекті өкілдердің бірі - Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһта Ханафи мәзхабының негізін салушысы ретінде ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі. Имам Ағзам 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келеді. Ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлеймен (өл.120/737) Куфа мешітінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген кісі. Әбу Ханифа алғашқы ақидалық дәрістерін сол кісіден алып, ұстазы дүниеден өткеннен кейін ел арасында ғалымы, әрі фақиһы еді. Имам Ағзам «Әһли Бәйтті» (Пайғамбар әулетін) жанындай жақсы көріп, оларға үлкен құрмет көрсеткендіктен, Умея мен Аббасид билеушілеріне деген ықыласты ниетін толықтай көрсете алмайды. Әбу Ханифаның екі әулеттің халифалық кезеңін басынан өткерген жылдарында, Умея мен Аббасид әміршілері оған қазылық қызметті ұсынып, ғұлама ол ұсынысты қабыл алмайды. Сөйтіп, Аббасид халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур (754-775) ұсынысын қайтарып, сағын сындырғаны үшін Әбу Ханифаны түрмеге қаматады. Бағдаттағы түрмеде 15 күндей қамауда болған ислам ғұламасы 767 жылы 70 жасында дүниеден озады.

       Матуридилік мектеп имам Ағзам Әбу Ханифаның (70/80150 х.ж.) іліміне негізделген ханафиттік доктрина негізінде қалыптасты. Әбу Ханифа хижри I-ші ғасырдың екінші жартысы мен II-ші ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүргендіктен табиғин және табиғиндерден кейінгі буын (атба῾ ат-таби῾ийн) ғалымдар қатарына жатады. Әбу Ханифа әйгілі сахаба ‛Абд Аллаһ ибн Мас‛уд негізін қалаған Куфа мектебінің маңдай алды өкілдерінің бірі болып, фиқһта «әһл ар-рай» мектебінің көсеміне айналса, сенімде сунниттік матуриди мектебінің рухани көсеміне айналды.

      Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

      "Жылыой мұсылмандар" мешітінің ұстазы. 

Жоғарыға