Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Жақсылық жасауда жарысу және асығу

Жақсылық жасауда жарысу және асығу

Барша мадақ-мақтаулар ұлы Раббымыз Алла Тағалаға болғай! Жаратқанның игілігі мен сәлемі ардақты Алла Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына, сондай-ақ барша игі мұсылмандарға болғай!

Адамзат баласына санаулы күн ретінде берілген өмір нығметі иләһи бір емтихан. Ақылды жан бұл құнды әрі шектеулі мүмкіндікті ең көркем түрде және пайдалы өткізудің жолын қарастырады. Бұл жайында Әбу Бәкір (р.а) былай дейді: «Дүние мүміндердің базары. Күн мен түн негізгі қаржылары. Ізгі амалдар сауда тауарлары. Жәннат тапқан пайдалары. Ал, тозақ зарарлары». 

Яғни, ақыретке толық иман келтірген мұсылман, амал дәптерін жақсылықтармен, ізгі амалдармен толтыру үшін өмірінің әрбір сәтін жемісті өткізуге күш салуы тиіс. Әрі әрқашан салих жақсы амал істеуге құлшынуы қажет. Қолына түскен түрлі жақсылық жасау мүмкіндігін Алла Тағаланың игілігі деп білуі керек. Бағзы адамдардың жақсылық жасауға деген бейғамдығына алданып қалмай, кезіккен барша жақсылықты жүзеге асыруға тырысуы қажет.

Нәпсі қалауының тұтқынына айналған әрбір жан, күллі дүниенің өзінде болуын қалайды. Осылайша, Алланың уәде еткен нығметтерінен мақрұм қалады. Алла Тағала құлдарына былайша ескерту жасайды: «Жоқ! Сендер (бес күндік) дүниені жақсы көресіңдер. Ал, ақыретті тәрк етесіңдер»,- (Қиямет сүресі 21-22 аяттар). Расында адам баласы дүние тіршілігі деп жүріп, ақыретімізді ұмыт қалдырамыз.

 Сағди Ширази адамды қатерден қатерге итермелейтін дүниеқоңыздық пен пайда күнемдікті мына теңеу арқылы керемет түсініктеме береді: «Құстың асқазан дерті болмаса, ешбір торға түспес еді». Сондықтан адам баласы, дүниенің соңына түсем деп, ақыретті ұмытпауы керек. Жақсылықтың қайтарымы көбінесе о дүниеде болғандықтан нәпсі мен шайтан адам баласын алдап, қаперіне алмауына күш салады.

Алла Тағала жәннатқа қол жеткізудің жолы жақсылық жасауда жарысумен өтетіндігін былай деп жеткізеді: «Дүние-мүліктерің немесе балаларың сендерді бізге жақындатпайды. Бірақ, иман келтіріп, салих амал істегендердің жөні басқа. Міне, соларға істеген істерінің қайтарымы бірнеше есе болып беріледі. Сондай-ақ, олар жәннат бөлмелерінде аман-есен болады» деген (Сәбә сүресі,-37 аят).

Ал, хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Пайдалы іс істеуге асығыңдар. Өйткені, жақында болатын қараңғы түндер секілді бірнеше бүлік дүниені басып қалады. Ол кезде кісі мүмін болып таңды атырады, кәпір болып кешті батырады. Мүмін болып кешті батырып, кәпір болып таңды атырады. Дінін болмашы дүниеге сатып жібереді» деген (Мүмлим, Термизи, ибн Мәжә).

Шынында адам баласы, шын пейілімен Алладан қорқып әрі бұл дүниенің ертеңі ақырет өмірі үшін не дайындағанына көз салуы тиіс. Бұл өткінші дүниедегі дайындығы мен ертеңгі мәңгі өмірдегі дайындығын саналы ақылымен салыстыруы тиіс. Әрі Алла Тағала әрбір іс-әрекетін біліп тұратындығын ұмытпауы қажет. Мұның барлығын ой елегінен өткізіп, сілкініп үлкен белсенділікпен жақсылық жасаудың жарысына түсуі керек.

Қайырлы істерде әрдайым алда болудың маңыздылығын көрсететін мына риуаятқа назар салып көрсек: «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларының арт жақта сап түзеп жатқандығын көріп, Алға қарай келіп, маған еріңдер. Сендерден кейінгілер де сендердің соңдарыңнан ерсін. Қандай да бір қоғам әрдайым кері тұрар болса, Алла Тағалада соңына қалдырып қояды» деді (Мүслим, Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз оқытар кезде және жақсы істің алдында болуға сахабаларын алға қарай шақыратын үнемі.

            Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Адамдардың ішінде жақсылыққа кілт, ал жамандыққа құлып болатындары бар. Сонымен қатар керісінше жамандыққа кілт, жақсылыққа құлып болатындары да бар» деген (Ибн Мәжә). Сондықтан да, мына нәрсені де ұмытпағанымыз жөн, Ұлы Раббымыз азғана жақсылыққа мол сауап береді.

Алла Тағаланың құлдарына деген бұл игілігі Құран Кәрімде былай деп айтылады: «Өздерің үшін алдын-ала қандай да бір жақсылық жасасаңдар, оны Алланың құзырында жақсы әрі зор сый ретінде көресіңдер» деген (Музәммил сүресі, 20-аят).

Ал, келесі бір аятта «Кімде-кім жақсылық жасаса, оған оның қайтарымы он есе беріледі» деген (Әнғам сүресі, 160-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл аяттарға түсініктеме ретінде, былай деген: «Расында, Алла Тағала бүкіл жақсылық пен жамандық атаулыны жазып, оны былайша ашып түсіндірді: «Кімде-кім жақсылық жасауға ниеттеніп бірақ жасамаса, Хақ Тағала оны толық жасалған бір жақсылық есебінде жазады. Егер де, жақсылық жасауды ойға алып, оны жүзеге асырса, Алла Тағала сол бір ғана жақсылығы үшін он сауаптан бастап, жеті жүз есеге дейін, тіпті, одан да еселеп сауап жазады. Ал, кімде-кім бір жамандық жасауға ниеттеніп, алайда оны жасамаса (яғни, одан Алла үшін айныса), Алла Тағала мұны да Өз құзырында толық жасалған бір жақсылық деп жазады. Ал, егер іштей ұйғарған бір жамандығын жасаса, Алла Тағала сол жамандықты ғана жазады» деген (Бұхари, Муслим). Жақсылық жасауда жарысу әрі оны жүзеге асыруға кәміл мүмін болудың белгісі.

Қайырлы, сауапты істер адамды түрлі бәлелерден сақтайды. Хадистерде айтылғандай, садақа ‒ қалқан, садақа ‒ дәлел. Асыл дініміздегі «мал-дүниені ‒ зекетпен, денсаулықты ‒ садақамен қорғаңдар, тағдырдағы жамандықты ‒ дұғамен қайтарыңдар» деген өсиет баршаға мәлім. Ал, сізден жақсылық көрген бауырыңыздың жасайтын дұғасы - сіз үшін өз алдына үлкен олжа. Әбу Дәудтен (р.а) келген бір хадисте: «Шындығында, Алланың сендерге деген жәрдемі мен ризығы іштеріңдегі әлсіз жандардың құрметі үшін берілуде» делінеді. Бұл дегеніміз, мұң-мұқтажы өтелген адам міндетті түрде ризашылық, алғысын білдіреді, батасын беріп, жақсылығының Алладан қайтуын тілейді.

Жақсылық, игілік жасауда жарысу, күндері санаулы дүниені ең пайдалы түрде өткізу болып табылары сөзсіз. Негізінде салих амалдар істеген әрі жақсылық жасаған кісі, тек өз пайдасы үшін еңбектенеді. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Кімде-кім тозаңның түйіріндей жақсылық жасаса, қайтарымын көреді (яғни сауабын алады)»-деген (Зилзәлә сүресі,7 аят). Демек, адам баласы барынша жақсылықты жасауға тырысуы керек. Алайда жақсылық, игілікке жарысқанда асығып, салих амалдарды кем әрі кемшілік атаулыдан аулақ ұстауы тиіс. Бұл жайлы әйгілі ғұлама Әли әл-Қари былай дейді: «Алланың әмірлері болып табылатын құлшылықтарды жасауға асығу мен оларды жүзеге асырғанда асығудың арасында үлкен парық бар. Бұлардың біріншісі мақталып, ал екіншісі жамандалған» деген. Яғни, құлшылық және жақсылық жасау дәл уақытында жүзеге асыру үшін асығу керек. Бірақ, бұларды іске асырғанда тез бітіруге тырысу дұрыс емес. Өйткені, Алла Тағала істелген істің дұрыс әрі берік болуын сүйеді.

Жақсылықтың сауабын, оның сый-сыяпатын бір мақалаға жазып сыйдыру мүмкін емес. Алланың мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылыққа, жақсы амалдарға беретін Оның қайтарымы да сондай кең болары сөзсіз. Ендеше, жалғыз Алланың разылығын табу жолында аянып қалмай, қайыр қылудан қалыс қалмайық.    

 

            Біләл САҒЫНДЫҚОВ,                                                                                      

Мақат ауданы орталық мешітінің Бас имамы.  

 

Жоғарыға