Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау мұсылманның негізгі қағидасы

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді.

1. Өзгенің құқығына қол сұқпау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

 «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари)

2. Әділ қарым-қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін де бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:

«Анығында, Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды»(«Нахыл» сүресі, 90-аят)

3. Көркем мінезділік: Ислам көркем мінез-құлықтан тұрады. Бұны да Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

         4. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін бұл дүниеде айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:

 «Жеңілдетіңдер – қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер – қорқытпаңдар!»,(Сунән Әби Дәуд) деген.

5. Мейірімділік пен кешірімділік: Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді:

 «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол»(«Ағраф» 199-аят).

Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі,  бірінші кезекте экономикалық, табиғи рисурстарына емес ішкі тұрақтылығына, ауызбіршілігіне байланысты. Мемлекет өте кедей болуы мүмкін алайда айрандай ұйыған ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында  кез келген қиыншылықтарды жеңеді. «Байлық байлық емес, бірлік байлық» демекші қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. Ал жүз-жүзге, ру-руға, ұлыстарға бөлініп, әркім өз пайдасын көксегенде кесапатқа, жаудың қолынан қырғынға ұшыраған.

Құрметті бауырлар! Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» деген.[ Тирмизи, Фитән. 7].

 

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

Атырау облыстық «Иманғали»

орталық мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға