Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Әһлу сүннет ақидасын жүйеге келтірген имам ағзам Әбу Ханифаның еңбегі

Әһлу сүннет ақидасын жүйеге келтірген имам ағзам Әбу Ханифаның еңбегі

Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, жол бастар етуші, Алланың Елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) және оның сахабаларының ақида (сенімін) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер «Әһлу суннет уәл-жамағат» деп аталады. Әһлу сүннет уәл-жамағат қазақша мағынасы – «сүннет халқы және жамағат». Яғни сүннетті ұстану – Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жүрген жолын ұстануды білдіреді.

Ал, мұның Әһлу сүннет уәл-жамағат деп аталу себебі Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмметі жайлы айтқан мына дүниеден бастау алады:

«Яһудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жаннатқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», - дейді. Сонда қасында тұрған сахабалардың біреуі тұрып: «Я, Расулуллаһ! Жаннатқа баратын топ қайсысы?», - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап береді.

Әһлу сүннеттің ақидасына қатысты алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың бірі – имам ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Ол ханафи мәзһабының негізін қалаушы. Сонымен қатар ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі.

Әһлу сүннет мәзһабы адасушы мәзһабтарға (әһлу бидғат) қарағанда мынадай өзіндік ерекшеліктерге ие және ақидасы да осы қағидалардың төңірегінде құрылған:

1. Барлық әлем мен тіршілік иелері кейіннен жаратылған.

2. Әлем босқа жаратылмаған, оның өзіндік мән-маңызы мен ерекшелігі бар.

3. Әлемдер мен күллі тіршілікті жаратушы – Алла.

4. Алла жалғыз, бастауымен соңы жоқ. Ол тумаған, туылмаған. Ол уақыт, мекен һәм тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес және Одан басқа тәңір жоқ.

5. Алланың әзәли (бастауы жоқ), әбәди (соңы жоқ) затынан бөлінбейтін сипаттары бар.

6.  Алла ақыретте мүминдерге көрінеді.

7. Тағдыр (қадар) хақ. Бірақ, құл іс-қимылдарын мәжбүрлікпен емес таңдау еркі арқылы жасайды.

8. Пайғамбарлардың муғжизасы, әулиелер және олардың көрсеткен кереметтері хақ. Бірақ, ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәрежә тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.

9.Алланың кәләмы әзәли (басы жоқ). Алланың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.

10. Ақырет және ондағы болатын жағдайлар хақ (жаннат, тозақ, таразы).

11. Пайғамбардың (с.ғ.с.) кейін ең ұлы кісі Әбу Бәкір, одан кейін кезегімен Омар, Осман және Әли. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады және оларға тіл тигізуге болмайды.

12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады. (Мәлики, Шафиғи, Ханбалидің пікірі бойынша, амал иманның бір бөлігі. Бірақ амал етпеген діннен шықпайды, ондай жан күнәһар болады).

13. Бір әмірші тағайындау мұсылмандарға парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлау арқылы жүзеге асады.

14. Алла Тағала адамдарды жаратқан секілді, олардың іс-амалдарын да жаратады. Пенде қандайда бір істі істеу үшін өз еркімен таңдау жасайды, ал Алла Тағала оның таңдауына сай ісін жаратады.

15. Жақсылық жасағанға – сый, жамандық жасағанға – жаза беріледі. Бірақ, Алла қалаған мүмин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.

16.  Ислам дінін қабылдаған, әрі мүмин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:

а) Алла Тағаланы жоққа шығарса;

б) Аллаға серік қосса;

в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етсе;

г)Харам екендігі нақты білінген (аят пен хадис арқылы бекітілген үкімдерді) нәрсені халал деп не керісінше халалға харам деп сенсе.

 

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

Жылыой мұсылмандар мешітінің ұстазы.

 

 

 

Жоғарыға