Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Айтқандары айдай келген Пайғамбар

Айтқандары айдай келген Пайғамбар

Екі әлемнің Сардары болған Пайғамбарымыздың (саллааллаһу алейһи уә сәлләм) айтқан сөздері шындық. Ол жайында Алла Тағала былай дейді:

«Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана».1

 

Осыған қатысты Ор қазу кезеңінде болған оқиға:

Сахабалар қандай да бір қиыншылыққа тап болса Алла Елшісіне хабар беретін. Ор қазу кезінде сахабалар өте үлкен қатты жартасқа кезігіп, оны сындыра алмағандарын Расулуллаһқа (саллааллаһу алейһи уә сәлләм) жеткізді. Әлемдердің Сұлтаны қолына қайла алды да бисмилләны айтып, ол тасты үш рет ұрды. Оны майда құм сияқты үгітіп жіберді. Сонымен қатар әр ұрғанында мүминдерді қуанышты хабармен сүйіншіледі. Бірінші ұрғанында Шамның (Византия), екінші ұрғанда Иранның, үшінші рет ұрғанда Йеменнің кілттерінің өзіне берілгендігін, бұл мемлекеттердің сарайларын көргендігін айтты. Бұл жерлерге Аллаһтың діні жайылып, абыройы артатынын сүйіншілей отырып, келешектегі жеңістердің қуанышымен мүминдердің көңіліне үміт отын жақты. Ақиқат жақын арада жалғанды жаныштап, езетінін сүйіншілеп, болмастай болып көрінген нәрселердің, бірте-бірте іске асатын бүкіл әлемдік һидаят картасын сызды.

Ардақты Пайғамбарымыз Мәдәйндағы Кисраның ақ сарайын сипаттап бергенде Салман Фариси (радиаллаһу анһу):

« Тура айттың! Сені хақ дінмен және кітаппен жіберген Аллаһқа ант етейін, ол дәл сенің сипаттағаныңдай. Сенің Расулуллаһ екеніңе куәлік беремін!» - деді.

Аллаһ Расулі (саллааллаһу алейһи уә сәлләм):

«Ей, Салман! Аллаһ бұл жеңістерді менен кейін сендерге нәсіп етеді. Шам міндетті түрде алынады. Хираклиус мемлекетінің ең шалғай жағына қашады. Сендер бүкіл Шамға үстемдіктеріңді жүргізесіңдер. Сендерге ешкім қарсы шыға алмайды. Йемен де сөзсіз алынады. Одан кейін Кисра өлтіріледі», - деді.

Шынында Салман (радиаллаһу анһу):

« Мен бұлардың барлығының тегіс іске асқанын көрдім», - деді.

Бұл жерлер біртіндеп алынған сайын Әбу Һурайра (радиаллаһу анһу):

« Сендер үшін бұл – жеңістердің бастамасы ғана. Әбу Һурайраның бар болуы құдірет иесі болған Аллаға ант етейін! Алған қалаларыңның және қияметке дейін алатын барлық қалаларыңның кілттерін Аллаһ Тағала алдын-ала Мұхаммедке (алейһиссалату уәссәләм) беріп қойған», - дейтін еді.

Алла Расулінің осы сүйіншілері мұсылмандардың бастарына түсетін қиыншылықтарға оңай төзулері үшін үлкен рухани сүйеніш болды. Нәтижеде мүминдер табысқа жетіп, Ислам дұшпандарының жеңіліске ұшырайтынының алдын ала білдірілуі олардың сабыры мен шыдамдылығын арттырды. Шынында да Хандәкта қиыншылық, шаршап-шалдығу, аштық, қараңғылық пен суық адам төзгісіз халде өте қатты болды. Сондықтан Аллаһ Расулі  (саллааллаһу алейһи уә сәлләм):

«Аллаһым! Негізгі өмір тек ақыреттегі өмір. Ансар мен Мұхажирлерге жәрдеміңді аяма...» - деп жалбарынып, дүниедегі барлық зорлық пен қиыншылықтардың мәңгілік бақытты өмірдің алдында түк емес екенін білдіріп, асхабына ақыреттегі өмірді нұсқаған.

1 – Нәжім сүресі

Мұрат МҰСТАФАЕВ,

 

"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы.

Жоғарыға