Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Алла Тағала тарапынан түскен қасиетті кітаптарға иман келтірудің мәні неде?

Алла Тағала тарапынан түскен қасиетті кітаптарға иман келтірудің мәні неде?

Жалпы жаратылыс, мына болмыс әлемі адам баласына Ұлы Жаратушыны танытар алып кітап ретінде жаратылса, пайғамбарларға уахи арқылы жеткен барлық парақтар мен кітаптар да Ұлы Құдіретті қатесіз тануымыз үшін жіберілген. Сондай ақ адамзатқа мына дүниедегі негізгі міндетін түсіндіріп, ақ-қараның ара-жігін айқындап, екі дүниенің бақытын сыйлау үшін түсірілген. Міне, Алла Тағала тарапынан келген барлық осы кітаптарға сену - Ислам дінінде иманның негіздерінен саналады. 

Құранда: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтірмесе, қатты адасады...» - (Ниса сүресі -136.) дейді. 

Ұлы Жаратушымыз әр түрлі мекендер мен уақыттарда түрлі-түрлі қауымдарға өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын қамтыған және сол қоғамның сана деңгейіне сай керекті мәліметтерді жеткізетін, жеке тұлғалық, қоғамдық проблемаларының шешімдерін баяндап, өз араларында әділдікті орнататын парақтар мен кітаптар жіберген. Парақтардың нақты саны бізге беймәлім. Ал,Құран Кәрімде білдірілген жалпы кітаптың саны төртеу: Зәбур, Тәурат, Інжіл, Құран. 

Мұсылмандар бұл төрт кітаптың барлығының Алла тарапынан адам баласына тура жолды көрсету үшін жіберілгендігіне кәміл сенеміз. Алайда, соңғы кітап Құранның алдындағы үш кітап заман өте келе адамдар тарапынан әр түрлі әдейі өзгертулер мен бұрмалауға ұшырағандықтан, оларды негізге алып амал етпейміз. 

Зәбур. Бұл кітапты Алла Тағала Дәуітке (а.с.) түсірген. Зәбур арабша «кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімде: «Біз Дәуітке Зәбур бердік»(Ниса сүресі -55.) дейді. Құранда Зәбур жайлы Тәурат және Інжілге қарағанда өте аз мағлұмат білдірілген. Еврейлердің Дәуіттің (а.с.) пайғамбарлық қасиетіне көлеңке түсіріп, ар-намысын кірлететін әйелдерге байланысты айтылған әр түрлі әңгімелері дұрыс емес. Себебі, барлық пайғамбарлар күнәнің кішісінен де, үлкенінен де Ұлы Жаратушы тарапынан қорғалған. Яһудилер, көбінесе, Дәуітке (а.с.) патша ретінде қарайды. Ал, мұсылмандар патша әрі пайғамбар ретінде иман келтіреді.

Тәурат.  Мұса пайғамбарға түскен кітап. Тәурат иврит тілінде «заң, ереже-қағида, шариғат» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Ішінде адамдарға тура жол нұрды қамтыған Тәуратты біз жібердік»(Майда сүресі-44.) дейді. Тәураттың қазіргі таңда танымал үш түрлі нұсқасы бар. Бұл үш нұсқада айтылған көптеген ереже-қағида, хабарлардың бір-бірімен сәйкес келмеуі – Тәураттың адамдар тарапынан қатты өзгертілгендігінің айғағы.

Інжіл. Исаға (а.с.) түскен кітап. Інжіл «сүйінші, тағылым» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Біз пайғамбарлардың артынан Мәриям ұлы Исаны өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы етіп жібердік. Оған (Исаға): Өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы ретінде әрі тақуаларға тура жол мен насихат болсын деп ішінде тура жол нұрды қамтыған Інжілді бердік» (Майда сүресі-46) дейді.

Қазіргі таңда Інжілдің Алла Тағала тарапынан түскен түпнұсқасы жоқ. Христиандар қолында «Жаңа хабар» атты кейіннен адамдар тарапынан құрастырылып жазылған әр түрлі кітаптар бар. Бұлардың төртеуіне «Інжіл» делінеді. Бұл Інжілдер Иса (а.с.) дүниеге келген соң, 325 жылдан кейін халық арасында  тараған, бір-біріне қарама-қайшы пікірлерге толы Інжілдің көптеген нұсқасынан таңдалып, құрастырылған. «Матта», «Маркос», «Лука», «Югонна» делінген адамдардың атымен аталатын бұл төрт Інжілдің ішіндегі баяндалатын оқиғалар көбінесе бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Бірінде харам делінген нәрсе екінші бірінде адал болып жатады. Бұған қоса Інжілдің бізге дейін келіп жету жолдарының дұрыстығы мен сенімділігі тұрғысынан да қасиетті Құранмен, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен лайланғанын аңғарамыз.

Құран. Құран араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жаратушының ақыретке дейін келіп-кетер барша адамзатқа тура жолды көрсету үшін соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) уахи арқыл түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Құран – өзіне дейінгі түскен барлық парақтар мен кітаптардың мазмұнын қамтыған. Құран – санасы қанша жетілсе де ақыретке дейінгі келетін күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, жеке тұлғалық, қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемалардың қатесіз толық шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қара ара-жігін ажыратып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы кітап.

Алла Тағала тарапынан түскен қасиетті кітаптарға иман

Алла Тағаладан жеткен қасиетті  Құран мен өзге үш кітапқа сенбеген жан иман еткен болып саналмайды: «Әй, муминдер! Аллаға, пайғамбарына және оған түсірілген, сондай-ақ одан бұрынғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер. Ал, кім  Аллаға, періштелеріне,  кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне иман етпесе, қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты» (4. Ниса-136). 

Егер де  қайсыбір адам адамзаттың соңғы  пайғамбары  Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) және Алланың кітабы  қасиетті Құран Кәрімге сенбесе, онда ол алдыңғы пайғамбарлар мен  түсірілген  өзге де қасиетті кітаптарға  да сенбеген  болып табылады.  Құран бұл жайында  былай дейді: «Егер олар сені мойындамаса, сенен алдыңғы  ашық  дәлелдер,  нұсқалар  және  түрлі кітап келтірген пайғамбарларды  да мойындамаған  болады»  (3. Али-Имран-184)

Адамзат  баласына  Алла  тарапынан  қасиетті  кітаптар  мен  қатар, жекелеген  парақшалар  түскендігі  жайлы  аят пен  хадистерден білеміз. Алайда, Құраннан бұрын түскен қасиетті кітаптар заман өте келе түрлі өзгертулермен бұрмалауға ұшырап, түпкі нұсқасынан  біршама  алшақтап кеткені белгілі. Ал,  парақшалар  жайында нақты деректер жоқ. Сол себепті де, біз иман ету мәселесінде  түпкі нұсқасы  өзгеріске  түскен  қазіргі Таурат, Зәбур мен Інжілді  басшылыққа ала алмаймыз. Тек қана,  бізге  жеткен  қасиетті  кітаптардың  ішінен  мазмұны  өзгермеген  асыл  нұсқасына  ғана  иман етеміз.

Қорыта айтқанда, қазіргі кезде елімізге түрлі дін өкілдері келіп, өз кітаптарын тегін таратып жатыр. Әсіресе «Киелі кітап», «Інжіл шариф» сынды кітаптар көптен таратылуда. Осындай жағдайда мұсылман кісі не істеуі керек деген сауал туады. Себебі, Інжіл, Таурат, Забур – Алладан түскен иләһи кітаптар. Бұл  кітаптарды түбегейлі дұрыс емес деп айта алмаймыз. Ендеше дұрыс жолды ұстануға әрекет, амал жасап, ол кітаптардың мазмұнына талдау жүргізіп, ой елегінен өткізейік:

1.Құран мен хадисте ашық түрде айтылған қандай да бір мәселе ол кітаптарда айтылса дұрыс деп есептейміз. Мысал, Алланың бірлігі, жәннат-тозақтың  болатындығы, Хазіреті Адамның топырақтан  жаратылуы, Хазіреті Иса, Хазіреті Мұсаның пайғамбар екендігі секілді мәселелерді растаймыз. Бірақ, біз ол кітаптарда айтылған жолмен емес, Құранның, Хазіреті Пайғамбардың нұсқаған жолымен жүреміз.

2. Құран мен хадисте ашық түрде тыйым салынған мәселелерге қайшы келетін мәліметтерін жоққа шығарып, әсте қабыл етпейміз. Мысалы, үштік сенім, Хазіреті Иса, Хазіреті Узейр Алланың ұлы, періштелер Алланың қыздары, Лұт өзінің қыздарымен зина жасады деген секілді жағдаяттар ислами сенім тұрғысынан алғанда тіпті күпірлік болып табылады.

3. Егер  аят пен хадистерде айтылмағанмен ислами сенім, ғибадат және ахлақтық негіздеріне қайшы келмесе, ондай жағдайда бірден төрелігін айтуға тырыспай, абзалы бір Алла Тағала біледі  деген дұрыс. Мәселен, Хазіреті Адам жәннатта қандай жеміс жегендігі, пайғамбарлардың қанша жыл өмір сүргендігі, жәннәт яки тозақ жайында айтылған сипаттамалар осыларға  жатады. 

Бүкіл адамзатқа Алла Тағаланың Ұлық аманаты һәм баға жетпес сыйы болып табылатын Құран Кәрім – Ислам дінінің бірінші және бірегей кітабы. Аспан әлемдері мен бетіндегі адамзаттың арасындағы дәнекер. Жоғарыда Құран 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар, сұрақтар мен қажеттіліктерге сәйкес түсіп отырды дедік. Хазіреті Пайғамбарымыз дүниеден қайтқанға дейін Құран аяттары түсіп отырғандықтан оның бір кітап болып жинақталу мүмкіндігі болмады. Себебі, сүренің аяқталғанын немесе аяқталмағандығын Пайғамбарымыздың өзі де білмеді. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла Тағаладан келген уахиды өзінің уахи жазушыларына айтып, бірден қаламға алдыратын. Түскен аяттардың қай сүреге тиесілі екендігін  де айтып беретін. Хазіреті Пайғамбарымыздың уахи хатшыларының қатарынан:  Хазіреті Зәйд ибн Сабит, Муаз ибн Жәбәл, Убей ибн Қағб, Әбу Зәйд, Әбу Дарда, Абдулла ибн Мәсғуд, Али ибн Әбу Тәліб және Хазіреті Осман секілді сахабаларды ерекше атап өтуге болады.

Хазіреті Пайғамбарымызға әр жылы рамазан айында Жәбірейл келіп, сол уақытқа дейін Құранның түсіргендерін бастан аяқ қайталап хатым еттіретін. Ал сахабалар болса жаңа түскен аяттарды яки толықтай сүрелерді тез жазып, әрі сол ізін суытпай жаттап алатын.

Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң кейбір сахабалар Құранды кітап ретінде топтастыру қажеттігін сезініп, өз беттерінше аяттарды жинақтауға көшеді. Мысалы, бұл тұрғыда Хазіреті Абдулла ибн Масғуд,  Убай ибн Қағб, Хазіреті Әлидің жинақтаған нұсқаларын  айтуға болады. Алайда бұл нұсқалар  қазіргі Құран тәртібінің реттілігімен құрылмаған болатын.

Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың соңғысы, екі дүниенің шамшырағына айналған Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла Тағала соңғы иләһи кітап Құранды түсірді. Сол себепті де, Құранның алдыңғы иләһи кітаптарға қарағанда бірқатар ерекшеліктер бар:

1. Құран – Хазіреті Пайғамбарымызға алдыңғы иләһи кітап секілді бірден толық бір кітап ретінде түспеген. Керісінше 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар мен сұрақтарға жауап ретінде және қажеттіліктерге байланысты аят-аят болып, яки сүре ретінде түсті. Бұл оның дер кезінде жатталуына себеп болады. Ал өзге кітаптар бірден кітап ретінде түскен болатын.

2. Құран ең соңғы иләһи кітап. Құраннан кейін қияметке  дейін басқа кітап түспейді. Алдыңғы кітаптар  тек өз заманы мен сол ғасырдың қажеттілігіне жауап  берсе, Құранның  үкімдері Қияметке дейін  күшін жоймайды.

3. Құран бізге дейін еш бір өзгеріске түспей  жеткен  қасиетті кітап және қияметке дейін өзгеріске ұшырамайды. Себебі,  Алла өзге илаһи кітаптарға  бермеген кепілдікті  Құранға берген: «Әлбетте, Құранды біз  түсірдік, қорғаушысы да әрине бізбіз!» (15.Хижр-9).

4. Құран Хазіреті Мұхаммед  пайғамбардың (с.ғ.с.) ең үлкен әрі мәңгілік мұғжизасы. Сөздері  мен мағынасы да  өз  алдына  теңдессіз  мұғжиза. 

5. Құранның   және  бір  басты  ерекшелігі,  ол әрбір  заманның  талабына  жауап бере отырып,  сонымен  бірге  ғылым  дамыған сайын  жасара  түсетін. 14 ғасыр  бұрынғы  Құран ақиқаттарын  адам  баласы  еш  уақытта  жоққа шығара  алмайды  және бұл  шындық күні  бүгінге дейін  дәлелденіп келеді.

Сондай-ақ Құран бізге ғылымның  көптеген салаларынан  хабар  беруде. Ал Құраннан бұрынғы илаһи кітаптарды ашып  қарасаңыз  ешбір  жерінде  медицинамен, астрономиямен т.б ғылым саласымен байланысты айтқан жаңалықтарды яки кеңестерді табу мүмкін емес. Жаратушының соңғы хақ кітабы  Құрандағы ақиқаттағы  болса, рет-ретімен  адамзат игілігі   үшін  толассыз  ашыла бермек: « Құранның шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі  белгілерімді жедел көрсетеміз. Расында  Раббыңның әр нәрсеге куә  екендігі саған жеткілікті емес пе?» (41.Фуссилат-53). 

 Думан БАЛЫҚШИЕВ,

«Жылыой мұсылмандар» орталық

мешітінің ұстазы. 

Жоғарыға