Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Құран мен хадистегі Асма-уль сифат негізінде Жаратушы ұғымына сипаттама

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): “Алланың 99 есімі бар. Кімде кім оны жаттап, (сол есімдерге сәйкес) амал жасайтын болса - жәннатқа кіреді”- деген. (Бұл сахих /сенімді, дұрыс/ хадисті имам Бұхари үш жерде, имам Муслим 2 жерде, Тирмизи 3 жерде, Ибн Мәжәһ 2 жерде, имам Ахмад 7 жерде, Байһақи 2 жерде, Хаким 2 жерде т.б риуаят етекен).

Хадиске кішкене түсініктеме жасайтын болсақ, бұл хабарда Аллаһтың 99 есімі бар екендігі айтылған. Ғұламалар Аллаһтың есімдері осымен шектелмейтінін, бәлкім бұл хадисте адамдарға жаттап, амал етуі керек етілетін 99 есімі жайында ғана хабар берілгендігін алға тартады. Ал Аллаһтың біз білетін де, білмейтін де есімдері көп. Мұның ілімі тек Аллаһта. “Жәннатқа кіреді”- деген тіркесті оқыған кейбіреулер: “Өмір бойы ойына келгенін істеп, осы есімдерді жаттап алса болғаны ма?” деген ойға келуі ықтимал. Айтар жауабымыз: “Ол адамға тек жаттау емес, бәлкім соған сәйкес амал жасау талап етіледі”. Осы хадисті жақсылап ұғынып, Аллаһ есімдерін санап, әркез еске алып, мағынасына үңіліп, талабына амал еткен жан бұл хадисті сол кезде ғана түсінбек. Бір оқығаннан адам бұл хадисті түсіндім деп кеуде қаға алмайды. Ал хадисті толық түсінбей тұрып мағынасы ақылға қонбайды деген тұжырым шығару дұрыс емес. Ондай болса, осы есімдердің мәнісін түсініп, тиісінше амал етейік. Хадистердің кейбір нұсқаларында Аллаһтың 99 есімі толық саналып, айтылған. Алайда Имам Ибн Хажар Асқалани ол қосымшаның артық екенін, ғұламалар тарапынан жасалған ізденіс екенін ашып айтқан. Мысалы: бір нұсқада “Әл-Ахад, Ас-Самад, Әл-Һәди” деп келсе, екінші нұсқада “Әл-Муқсит, Әл-Қадир, Әл-Уәли”. Бір нұсқада “Әр-Раашид” деп келсе, енді бірінде “Әр-Рашийд” деп берілген. (Толық мағлұмат аламын деген адам “Фатхул бәридің” 5931-ші хадисіне жасалған түсініктемесін қарасын). Иә, мұның бәрі де ғұламалардың ізденістері екенін анық аңғартады. Алайда, Алла есімдерін адамдар өз ойынан әкеліп, өздері қалағанынша атай алмайды. Бәлкім Оның есімдері тек Құран мен хадисте қалай келсе, солай айтылады. Сол орайда біз бұл түсініктемемізде Құран мен сүннетті жақсылап зерттеген хадис ғұламаларының ізденістері нәтижесінде жасаған тізбек бойынша түсіндіреміз.

Алланың тоқсан тоғыз көркем есімі турасында Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деп баяндайды: «Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Кім оларды жаттап алса, жәннатқа кіреді» (Тирмизи, Әбу Дауід). Келесі хадисінде: «Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Жүз бірсіз, кім оларды үнемі зікір етіп жүрсе, жәннатқа кіреді» (Әл Бухари, Муслим). 

Алдымен осы тоқсан тоғыз есімді жалпы қамтитын Алла сөзіне келсек, бұл Алланың өзіне тән есім. Алла дегеніміз – Құлшылық қылынуға лайық жалғыз Жаратушымыз. Бұл есімді ешкім өзіне телуіне болмайды. Бұл барлық тоқсан тоғыз есімді қамтитын Алланың жеке аты. Тіпті сорақы жаратылыс атауына ие болған – перғауынның өзі де өзін Алла деп атауға дәті бармай: «Мен сендердің Раббыларыңмын», -деп кеуде қаққан.

Алла есімін адам есіміне қосқан кезде Абдулла деп аталады, яғни Алланың құлы. Бұл өте көркем есімдердің бірі.

«Алла» сөзі - қайталанбас ұғым. «Алла» барша жаратылысты жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушының есімі. «Алла» сөзі бір есім болып, ешқандай тілге аударылмайды. «Алла» сөзі тек Аллаға ғана қатысты қолданылады және бұл сөздің көпше түріне мағыналық басқа да нақты бір баламасы болмайды. Құрандағы Алла ұғымын білдіретін «Иләһ», «Мәула», «Рабб» сөздерінің өзі Алла сөзінің тікелей мағынасын бермейді. Сол секілді қазақ тіліндегі «Құдай», «Тәңірі», сөздерді де Алла атауының орнына дәлме-дәл келмейді. Ал бұл терминннің араб тіліндегі баламасы ретінде – «Иләһ», «Рабб», «Мәуләа» сөздерін келтіруге болады. Әрине, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сөздер де «Алла» сөзінің орнын қай тұрғыдан да болсын (семантикалық не грамматикалық) ауыстыра алмайды.

Ағзaм «ең ұлы, ең үлкен» деген мaғыналарды білдіреді. Яғни Исмул-Ағзам «Алланың бүкіл көркем есімдерінің мағынасын қамтитын есімдер» деген мағынаны білдіреді. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: "Асқан айбат пен ұлылық және теңдессіз жомарттық иесі Раббыңның есімі қандай ұлы десеңші!" және келесі аяттарда: "Ендеше, шексіз ұлылық иесі Раббыңның Есімін (яғни, Оның мінсіз екендігін айтып) ұлықта!, (Уа, ардақты пайғамбар),ұлық Раббыңның есімін ұлықта (яғни, Раббыңның мінсіз екенін жар сал!)" – дейді.

Алла Елшісінің (с.а.с) кейбір хадистерінде Алланың ең ұлық есімдерін айтып, осы есімдер арқылы дұға жасалатын болса, ол тілектердің міндетті түрде қабыл болатындығын ескерткен. 

 

Махсат АЛПЫСБАЙ, 

Атырау облыстық  «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы. 

Жоғарыға