Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мекке аяттарының ерекшеліктері

Өздеріңізге мәлім, ең алғашқы түскен аяттар таухидке шақыру, өлгеннен кейін тірілуге иман келтіру, мүминдерді жәннатпен сүйіншілеу, кәпірлер мен бұзақыларды тозақпен қорқыту сияқты ақидаға байланысты мәселелер еді. Бұл тақырыптарда әр түрлі дәлелдер келтіріп, адамдардың имандарын барынша күшейткеннен кейін, ендігі кезек қарым-қатынастарға байланысты үкімдер ене бастады. Өйткені адамдар батыл сенім мен әдет-ғұрыптарға көр-соқыр болып байланғандықтан, олардың бәрін сырып тастап оңайға соқпады. Әсте-әсте, ақырын басып, абайлап әркет жасамай адамдарды жаман әдеттерден бірден арындыруға тырысу, жек көруге әрі Исламнан бет бұруға әкеп соқтыруы мүмкін.

Хазіреті Айша анамыз былай дейді:

«Ең алғашқы түскен сүре «Муфассал» (Құран Кәрімнің соңғы бөлімі) сүрелерінің бірі еді. Мұнда жәннат және тозақ жайында айтылған-ды. Халал мен харамға байланысты үкімдер тек адамдар Исламға толығымен бой алдырғаннан кейін ғана түсе бастады. Егер ең алғаш рет:

-         Ішімдік ішпеңдер! - деген әмір түскенде адамдар:

-         Бір арақты әсте тастамаймыз! – дер еді.

Сондай-ақ алғашқыда:

-         Зина жасамаңдар!деген бұйрық келгенде адамдар тағы да:

-         Зинаны әсте қоймаймыз! - дер еді.

Мен Меккеде ойын қуып жүрген бір бала кезімде Хазіреті Мұхаммедке с.а.с.: «Жоқ оларға уәде етілген (негізгі азап) уақты (ол) Қиямет. Міне, ол мезгіл, шынында да өте қорқынышты әрі тым ащы» (Қамар, 46 аят) (иман мен қияметке байланысты) деген аяттар түскен. Қарым-қатынасқа байланысты үкімдер қамтыған Бақара мен Ниса сүрелері болса тек мен оның қасына барғанда ғана (Мәдинада) түскен еді.

Меккелік сүрелер баяндау жағынан қысқа әрі нұсқа болып, ширк пен пұтқа құлдыққа қарсы нақты тойтарыс береді. Өйткені Меккелік мүшріктер әрқашан әдебисайыстар өткізіп тұратын шешендікке бір табан жақын адамдар еді. Оларды әсерге қалдыратын сөз әдеби бай әрі көркемдігі жағынан барынша мінсіз болу керек еді.

      Меккеде түскен қасиетті аяттардың баяндау әдістерінің ерекше тұстарының бірі кейбіреулері ғана болмаса көбісі «Әй, адамдар!» түрінде болып келеді. Меккелік сүрелерде мүшріктердің қабыл ете алатын, үйреншікті түсініктеріне теріс келетін көптеген мәселелерді қабылдаулары үшін, олар қатты құрмет тұтатын күн, ай, жұлдыз, күн мен түн және осыған ұқсас жаратылыстар атына ант етілген. Өйткені ант етілген бұл жаратылыстар Алланың құдірет-күшін көрсетеді.

      Құран аяттарының екінші жартысы көбінесе Меккеде түскен. Меккеліктердің көбісі тәкәппар болғаны үшін «жоқ олай емес» сөзінің қайталануымен оларыдың жағдайы қабыл етілмей, бұл менменсінген кісімсымақтарды ескерткен. Осы себептен «Кәллә» сөзі өткен сүрелердің барлығы Меккелік болып келеді, осымен қоса «Кәллә» сөздері Құран Кәрімнің екінші жартысынан басталады.

      Меккелік аяттарда құқықтық тақырыптар, намаздан басқа ғиабадаттарға байланысты үкімдер де орын алмаған. Мысалы, Юнус, Рағыд, Ясин, Хадид сүрелері Меккелік болғанымен, ахкам (үкімдерін) аяттары еш кездеспейді. Бұл сұрелерде көбінесе иман негіздері, жаратылыс, Алланың сипаттары, Пайғамбарлардың ғибратқа толы қиссалары және қияметке байланысты оқиғалар баяндалған.

 

 

Мұрат Мұстафаев,

«Иманғали» орталық мешітінің

наиб имамы

 

Жоғарыға