Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Алла разылығы үшін жақсы көру

Әлемдердің Раббысы – Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Ислам дініндегі ерекше маңызды құндылықтардың бірі - мұсылман адамдардың бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көруі. Міне, дәл осы мінезге бүгінгі қоғамымыз ауадан да, судан да мұқтаж. Өйткені, адамдар арасындағы сүйіспеншілік жоқ жерде өзге жақсылық бола қояды деуге сену қиын. Жақсы көрмеген адамына ешкім жақсылық та жасамайды. Ал, бір-біріне жақсылық жасамайтын елдің тіршілігін өзіңіз елестете беріңіз. Бір-бірін жақсы көретін адамдардан құралған қоғамның бүгіні бақытты, келешегі кемел.
Аллаға иман келтіргеннен кейінгі амалдардың ең ұлысы мұсылмандар бір-бірін Алла Тағаланың разылығы үшін жақсы көру болып табылады. Бұл Жаратушының талабы. Алла үшін жақсы көру деңгейіне қол жеткізген пенде бұл дүниеде әрі ахиретте Алла Тағаланың уәде еткен барлық жақсылықтарына қол жеткізе алады. Өйткені, пенденің иманы толық болғанда  ғана Алла үшін жақсы көре алады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім Алла үшін жақсы көрсе, Алла үшін жек көрсе, Алла үшін берсе, Алла үшін бермесе (тыйса) оның иманының толық болғаны» деп ескерткен. (Әбу Дәуд).
Алла разылығы үшін мұсылман бауырын жақсы көрген және оны амалында көрсеткен адам міндетті түрде иманның дәмін татады. Себебі, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді : «Кімде мына қасиет болатын болса, ол адам иманның дәмін татады: Алла мен Оның Елшісін өзгелерден ақтық жақсы көру, біреуді тек Алла үшін ғана жақсы көру, күпірлікке қайта баруды отқа түскеннен де, артық жек көру» (Бухари) деген болатын.
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дін бауырын Алла разылығы үшін сүюдің пендені Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне лайық ететінін баяндай отырып төмендегі оқиғаны риуаят етеді.
«Күндердің бірінде бір кісі көрші ауылдағы досының хал-жағдайын сұрау үшін жолға шықты. Алла Тағала оны сынамақ үшін алдына бір періштесін жібереді. Әлгі кісі періштенің қасына жақындағанда, періште одан:
–     Қайда сапарға шықтың? деп сұрады.

Ол кісі:
–     Анау ауылда дін бауырым бар еді, соны көруге бара жатырмын, деп жауап қайырды.
Періште оған былай деді:
–     Ол бауырыңнан саған тиетін қандай да бір пайда бар ма? - деді.
Ол кісі:
–    Әрине, пайданы көздеп тұрғаным жоқ. Мен оны тек Алланың разылығы үшін жақсы көремін. Оған баруымның себебі де – сол, - деді.
Сонда періште:
–     Сен оны қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көреді. Мен осы сүйінші хабарды жеткізу үшін Алла Тағаланың саған жіберген елшісімін - деді (Мүслим, Биир 38, Ахмад II, 292).
Бір адамды оның мансабы, ақшасы, атағы, танысының көптігі үшін емес, оның бойында Алла Тағала жақсы көретін қасиеттері болғаны үшін жақсы көріп, жақын тұтқандарды Алла Тағала жақсы көреді. Мұсылман бауырыңды жақсы көру – Қияметтегі дәрежеңді арттырады.
Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ақиқатында, Алланың құлдарының арасында бір топ адамдар бар. Олар пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да емес. Бірақ, қиямет күнінде Алланың жанындағы мәртебелеріне қарай оларға пайғамбарлар да, Алла жолында жан тапсырғандар да қызыға қарайтын болады».  
Сонда сахабалар:
- Ей, Алланың Елшісі! Олар кімдер? Қандай амал жасаған жандар болды? Бізге кім екендерін айтыңыз, оларға сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымызды білдірейік, - деп сұрады.
Сонда Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын):
- Олар араларында ешқандай қан–туысқандық, сауда-саттық, іскерлік байланыс болмаса да, Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер. Алланың атымен ант етейін, олардың жүздерінде  нұр болады, әрі өздері нұрдан жасалған мінбердің үстінде тұрады. Адамдар үрейленіп, қорқып тұрғанда олар да ешқандай қорқыныш сезімі болмайды. Адамдар қайғырып тұрғанда олар қайғырмайды, - деді. Сосын мына аятты оқыды: 
«Біліп қойыңдар! Расында Алланың достарына ешқандай қорқыныш жоқ. Олар қайғырып, мұңаймайды да. Олар Аллаға иман келтіріп, (қарсы келуден) сақтанғандар. Міне, солар үшін дүниеде, әрі ақыретте сүйінші бар». («Юныс» сүресі, 62-64 аяттар), (Әбу Дауд, Хаким).
Өзгелерді жақсы көру сезімі ең алдымен Аллаға деген махаббаттан, Ақирет күніне терең иман келтіруден туындайды. Содан соң әрбір адамның қадірі мен құнын бағалай білу, өзгенің қателіктерін кешіре білу, біреудің орнына өзіңді қоя білу маңызды.
Сөзіміздің соңын сахабалар дәуірінен Алла разылығы үшін жақсы көрудің керемет бір үлгісін айта кетелік. Әбу Ыдырыс әл-Хаулани былай деп әңгімелейді: «Бір күні мешітке кірсем, жаны жайсаң бір жігіт, айналасын қоршап бір топ адамдар отыр екен. Бір нәрсеге келісе алмай қалған жұрт, әлгі жігіттен төрелік сұрап отыр. Әрі оның айтқан өсиеттерін ұйып тыңдап отыр. Бұл жігіт кім деп сұрап едім. «Муаз ибн Жәбәл» деп жауап қайырды бір кісі. Содан ертесі күні таңертең мешітке қарай асықтым. Барсам, ол менен бұрын келіп намазын оқып отыр екен. Намазын аяқтағанға дейін күттім де, қасына барып сәлем бердім. Сосын оған:
– Алланың атымен ант етейін, мен сені жақсы көремін,– дедім.
– Алла разылығы үшін жақсы көресің бе?
– Иә, Алла үшін.
– Шынымен Алла үшін бе?
– Иә, шынымен Алла үшін
Сонда әлгі жігіт мені өзіне тартып құшақтап тұрып былай деді. «Сені құттықтаймын. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегені бар: «Алла Тағала «тек қана Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендер, Менің разылығым үшін бір жерге жиналғандар, Менің разылығым үшін бір-біріне қонаққа барғандар және тек Менің разылығым үшін ғана садақа беріп, жақсылық жасағандар махаббатыма лайық болады» дейді.

 

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
Жылыой орталық мешітінің ұстазы.

Жоғарыға