Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ДӘСТҮРДЕН ТЫС ДІНИ АҒЫМДАР

Тұрлыбеков Мұрат Аяпұлы

«Шапағат» деструктивтік діни

ағымдардан зардап шеккендерге

көмек көрсету орталығы ҚҚ директоры

 

Қазіргі кезде дәстүрлі емес діни теріс ағымдардың көбеюі қоғамымызда маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Кез˗келген радикалды теріс діни ағымдардың белгілі бір қалыптасқан діни іліммен, дәстүрлі құндылық, және заң нормаларына қарсы шығатыны белгілі. Халқымыз сан ғасырдан бері ұстанып келген асыл діні, дәстүрлі  ислам кеңінен тарап қоғамның тыныштығы үшін атсалысқан болатын. Халқымыздың «дінді ұстай алсан қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің»˗деп тегін айтпаса керек. Діннің талаптарынан басқа арнаға бұрып, радикалды теріс ағымдардың қоғамның тыныштығын бұзып отырған жағдайы бар. Дін мемлекеттің негізін құраушы факторларының  бірі болғандықтан ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Әлемде болып жатқан жағдайлар қазіргі кезеңде қоғамға тек жай экстремизм ғана емес, діни экстремизм және діни радикализм өте үлкен қауіп төндіретінін көрсетіп отыр. Оның экстремизмнің басқа түрінен айырмашылығы – ол діни ілімдер мен символдарды адамдарды тартудың маңызды факторы ретінде пайдалана отырып, оларды сенім мен діни наным үшін ымырасыз күреске жұмылдыра отырып, мемлекеттік құрылымды күшпен өзгерту және билікті жаулап алуға, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталғандығы болып табылады.

Жалпы ислам дінінде ағымдар діни және саяси себептерден пайда болғанын көреміз. Саяси себептерден пайда исламның  алғашқы ағымдары Харижиттер, Шейіттерді атасақ, діни себептермен Мұғтазилия, Жабрия, Қадария, Мүшаббиха т.б көптеген ағымдар болатын. Қазіргі кезде Уахаби˗салафилер, Хизбут˗тахрир, Таблиғ жамағаты, Құраншылар, т.б ағымдар олардың қатарында бар. Бір ғана Салафи˗Уахаби ағымының өзі Такфирит, Сурурит, Мадхали, және Хаддадия болып, өзара бірін˗бірі мойындамайтын топтарға бөлінген. Дәстүрді мойындамайтын теріс пиғылды жат ағымдардың қауіптілігі сонда, Қазақстан республикасының заңнамаларына бағынбайды, шариғат заңын ғана мойындау, қарапайым мұсылманды кәпірге шығару, мешіттерде тәртіпті сақтамау, дәстүрге қарсы болу, әһлү сүннеттің имамдарына тіл тигізу, мазхабты мойындамау, жамағат арасында бөліну, белгілі бір қағидаларға қатып қалу, білімнің таяздығы, талақ айтып тастап кету, т.б көптеген салдарларды келтіре беруге болады. Ал Исламда бөлінушілікке қарсы, қасиетті Құран кәрімде: «Түп түгел Алланың жібінен ұстап, бөлінбеңдер!»-деп бұйырған. Ардақты елші Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі болсын!: «Үмметім адасушылықта бірікпейді, жамағатпен қарайған көпшілікпен бірге болыңдар!»-деп айтқан. Ол көпшілік жамағат, әһлүсүннет уал жамағат ғалымдары сенім және шариғат мектептеріндегі ғалымдар болатын.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «соқыр жанкештілік біздің бейбітшілік сүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлдем жат деп, атап өтеді. Ол Қазақстанның діндарлары қолдайтын ханафи мазхабына қарсы келеді». Ханафи мазхабының түсіндірмесіне жаңа инновациялық қарқын бере отырып Президент оның мәнін либералды демократиялық қоғам дамуына, тек қазақстандық қоғамда ғана емес, әлемдік қауымдастықта да толерантты сұхбатты дүниетанымды қалыптастыруға көңіл аударады. Ханафи мазхабы бірнеше ғасырлар бойы Қазақстан қоғамында маңызды біріктіруші рөл атқарды. Қазақстан жерінде түрлі рухани ілімдер қатар өмір сүрді: буддизм, конфуциандық, христиандық және т.б., ешқашан дінаралық (конфессияаралық) қақтығыс болған жоқ. Бұл қазақ халқының толеранттылықтың ерекше онтологиялық сезімімен, толерантты сана мен толерантты мәдени-діни иммунитет қалыптастыратын ханафи мазхабының дүниетанымдық мәнімен анықталады.

Қорыта айтқанда дәстүрлі ислам Ханафи мазхабымен, Сенім негізідерінде Матуриди ақидасын ұстанып келген халқымыз үшін жат пиғылды ағымдар елдігіміздің  тыныштығын кетіріп, өздерінің идеологиясын таратуда. Дәстүрлі емес діни жалған ағымдар тұрған кезде, қазіргі таңдағы ақпараттық түсіндіру тобының жұмысын жетілдіру, оңалту жұмыстарын жандандыру, маңызды мәселе. Халқымыздың жүрегінен орын тауып руханиятына сеп болатын дәстүрлі бағыттағы жолымызды жаңғыртып теріс бағыттағы ағымдардың жолдарын тарылтуымыз керек.

 

 

 

 

 

 

 

Жоғарыға