Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Намаз екі дүниенің де байлығы

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.

Мейірімді де Рахымды Алланың есімімен бастаймын. Барша мақтау бүкіл əлемдердің Раббысы Аллға тəн! Жəне Әз Пайғамбар Мұхаммед Мұстафаға Алланың игілігі мен сəлемі болсын.

Алла  Тағала Қасиетті Құранда: «Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» («Бақара» сүресі, 153 аят) деген. Осы бір өсиет арқылы, қажетін сұрағысы келген адам үшін Раббысы алдындағы негізгі көпірдің намаз екендігін айқын көрсеткенін ұғынуға болады.

Намаз – діннің тірегі, имандылардың жарық нұры және құлдың өз Иесімен байланысу, жүгіну жолы. Егер адам намаз талаптарын толық ұстанып, Раббысының алдында жан-тәнімен бойсұна және өзінің Иесі алдында тұрғанын сезініп, сөздері мен қимыл-әрекетін саналы түрде орындап, шын беріле жалбарынатын болса, онда оның намазы оған діннің барлық қалған міндеттерін, үкімдерін орындауға міндетті түрде көмектеседі.

Қасиетті хадистердің бірінде «Адамның амалдарынан ең алғаш сұралатыны - намаз. Егер де намазы толық болса, онда ол жетістікке жеткен болып саналады. Ал, егер де толық болмаса, онда ол анық шығынға ұшыраушы болады» (Тирмизи) делінсе, келесі бір нұсқасында: «Шын мәнінде Ұлы Қиямет күні мұсылман құлдың сұралатын ең бірінші нәрсесі – намаз. Өзіне айқын бола тұра, Алла Тағала өз періштелеріне: «Құлымның намазы толық, толық еместігін қарап көріңдерші», - дейді. Егер де толық болса, онда толық деп жазылады. Ал, егер де кемістігі бар болса, онда Алла: «Құлымның қосымша оқыған намаздары бар ма екен, байқап қараңдар», - деп айтады. Егер де оның оқыған қосымша намаздары бар болса, Алла Тағала: «Парыз етілген намаздарды қосымша намаздармен толықтырыңдар» деп бұйырады. Осыдан кейін басқа істері үшін де осылай есеп айырысу жүргізіледі» деп айтылады (ӘбуДәуд).

Хадис шарифте: «Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді етілді: хош иісті сулар, жақсы әйел, әсіресе, намаз көзімнің қарашығындай болды» делінген. Хазіреті Осман (р.а.) бірде былай деді: «Кімде-кім бес уақыт намазды уақытында оқып, оны қалдырмай жүрсе, Алла Тағала оған тоғыз түрлі қасиет береді.  Ол тоғыз қасиет мыналар:

1 -    Алла Тағала оны жақсы көреді.

2 -    Денесі сау болады.

3 -    Оны періштелер қорғайды.

4 -    Үйіне құт-береке кіреді.

5 -    Жүзінде салиқалық сипат – нұр болады.

6 -    Оның жүрегін ерекше жұмсартады.

7 -    Қиямет күні қылкөпірден жарқ еткен найзағайдың жылдамдығындай тез өтетін болады.

8 -    Тозақтан қашық тұрады.

9 -    Қорқыныш пен қасіретке ұшырамайтын пенделердің қатарына қосады».

Хазреті Айша (р.а) былай дейді: «Әдетте, Пайғамбардың (с.ғ.с) түнгі намазды ұзақ оқығандығы соншалық аяқтары жарылып кететін. Бірде мен одан: «Я, Алла Елшісі, сен неліктен сонша құлшылық етесің, сенің өткен әрі алдағы күнәләріңінің бәрін Алла кешпеп пе еді?» дедім. Ол маған: «Мен Аллаға ризашылығын білдіретін құл болуым керек емес пе?» деп жауап берді» (Бұхари, Муслим). Осылайша, адамзаттың ең абзал тұлғасы, ниеті ең түзу адам Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнімен, тіпті аяғы ісіп кеткенше намаз оқитын еді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (): «Күнәдан жиіркенетін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман» деп айтқан. Дүниенің де, ақыреттің де байлығы – иман мен намаз. Иман байлығын уысымыздан шығарып алмау үшін әуелі нәпсіге тізгін қойып, құрдымға итермелейтін күллі құмарлықтардан тал бойымызды таза ұстау қажет. Сонда ғана иманы бардың – жиғаны болмақ.

Арман Исаев,

 

«Жылыой Мұсылмандар» мешітінің Бас имамы.


Жоғарыға