Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әр ата-ана баласы үшін жауапты

Әсіресе, соңғы үш жылдықта нәрестеге екпе салдыру мәселесі елімізде күрделеніп келеді. Кей мәліметтерде екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар санының он есеге дейін көбейгендігі де айтылып жүр.

Екпе салудың тиімділігі талай жылдардан бері дәлелденген факт болса да, кей  ата-аналардың  екпе мәселесін даулы тақырыпқа айналдырып жіберу себебі неде? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында вакцинадан бас тартқан ата-аналардың бірқатарымен жүздесіп, пікірлескен болатынбыз.

Аты-жөнін атамауды өтінген ата-аналардың бірі екпе салуға үгіттейтін дәрігерлердің әрекетін қателік деп есептейді. Олардың пікірінше, денсаулықты Алла береді. Демек, екпе салдырудың қажеттілігі жоқ. Екінші бір ата-ана екпе арқылы баланың жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті қалыптасатындығынан хабардар. «Өзіме де кішкентай кезімде екпе салған. Бірақ, қазіргі вакциналардың сапасына сенбеймін» дейді ол.

Осы тақырыпта әлеуметтік желілер арқылы сауалнама жүргізгенде, алған жауабымыз төмендегідей болды. Пікірлердің дені «екпе салу Құдайға серік қосумен тең, баланы Құдай берді, демек баланы қалай алса да өз еркі» деген бағытта болса, мәселеге сын көзбен қарайтындар да баршылық. Мәселен, анонимді желі қолданушыларының бірі – «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанға сапасыз екпе әкелінген.  Мысалы, туберкулезге қарсы салынған сапасыз екпеден  шу шықты» деген жазба қалдырыпты.

Дәрігерлер қауымы болса, екпеден бас тартатындардың дені – діни ұғымдағылар екенін мойындап отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте жұқпалы аурулардың алдын-алуға, ауруға қарсы екпе егуге міндеттегенімен, жаза қарастырылмаған. Сондықтан, ата-аналар медицина өкілдеріне бағынбайды» дейді медицина мамандары.

Айтса айтқандай, Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте,  2017 жылдың бірінші жарты жылдығында иммундаудан бас тартудың 11 мың 557 фактісі тіркелген. Осы ретте, дін маманы ретінде  жалпы екпеге қарсы пікірде жүрген ата-аналардың қате түсінікте екендігін айтқымыз келеді. Діни қағидалар бойынша, адам алдымен өзінің және балаларының денсаулығына жауапты. Ендеше,  екпеден бас тарту – жауапкершіліктен қашумен тең. Әсіресе,  туберкулезге қарсы екпеден бас тартпаған дұрыс.

 Тарихтан белгілі, сонау XV ғасырдың өзінде бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ең алғаш қарашешекке қарсы екпені ойлап тапқан. Жүрек, ми, сөл (адам организмінен бөлінетін), т.б. мүшелердің адам ағзасындағы атқаратын рөлі, күйік, үсікті емдеу, тамыр ұстау сияқты өзекті мәселермен қоса,  шешек ауруына қарсы вакцина егуді сол Өтейбойдақ бабамыз «Шипагерлік баян» кітабында әйгілі ағылшын ғалымы Э.Женнерден  320 жыл бұрын жазып қалдырғандығын атап айту қажет. Сондықтан, екпеден бас тартқан ата-аналарды түсініктеме жазумен ғана шектемей, баланың денсаулығына деген жауапкершілікті өз мойнына алатыны жөніндегі міндеттемені нотариуске растату туралы талаптың енгізіліп жатқандығын орынды қадам деп есептейміз.

 Екпе алуды мәжбүрлеу мақсатында әлем елдері жүзеге асырып жатқан түрлі тәжірибелерді алға тартуға болады.  Мәселен, Австралия екпеден бас тартқандар балаларды медициналық қамсыздандырудан қағуда, Ресейдің Мемлекеттік Думасы осы жүйе бойынша қысым жасау тетігін қарастырып отыр. Ал, Израиль екпемен қамтудың ең жоғары пайызына қол жеткізді. Себебі, ақпараттық үгіт-насихат жұмысы күшті жүргізіледі. Екпесіз сәбидің балаларға арналған бірде-бір мекемеге бара алмайтындығы да рас. Сондықтан, бұл мәселені түсіндіру науқаны өз алдына, жоғарыда аталған  шет елдер тәжірибесі бойынша мәжбүрлеу әдісін де енгізуді құптаймыз. Яғни, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске қосымшалар енгізу арқылы реттеу мәселесін ұсынамыз.

Алла Тағалам  еліміз аман, ұрпағымыз сау болуды нәсіп еткей!

Батыржан МАНСҰРОВ,

 

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы.

Жоғарыға