Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ЖАС САНАСЫН ЖАУЛАҒАН ЖАТ АҒЫМ

Бүгінгі таңда қазақ елінің ұлттық қауіпсіздігіне қатерін төндіріп отырған жайттардың бірі кейбір қаракөз бауырларымыздың ата ділі мен дінін, Отанын сатуға дейін мәжбүрлейтін  теріс пиғылды жас ағым жетегінде кету мәселесі  болса керек. Ал, шын мәнінде, Ислам діні – күллі адамзат баласын бірлік пен  татулыққа шақыратын бауырмалдық діні. Бұл туралы Құран-кәрімнің  «Әли Имран» сүресінде «Алланың дінін бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер!»,(Әли Имран сүресі, 12 аят) делінген. Ендеше, жастарымыздың сан ғасырлық тарихы бар ата дінімізді мойынсұнбай жат пиғылды ағымдарға ыдырауында ешқандай діни негіз жоқ. Яғни, Құран мен пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті адамзат  баласын достық пен бауырмалдыққа үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранда «Уа, адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық. Бір-біріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» (Әли Имран сүресі, 12 аят) деп, ұлт пен ұлысқа бөлінудің алауыздыққа себеп болмайтынын, оның да бір хикметі барын ескерткен.

Қазақ қоғамының ата дінінен жырақтап, жатсынуына не себеп? Бұл ретте қоғамдық-саяси факторларды атап көрсетпеске болмайды. Өйткені, еліміздің  туған тарихынан көз жазып, туған дінінен алыстауына отаршыл Ресей елінің отарлау саясаты ықпал етті. Біз – бір ғасырға жуық орыс елінің отары болған халықпыз. Ұлтсыздану ұранымен ұлттық болмыс-бітімімізбен қоса, ұлттық мінез-құлық, ұлттық қадір-қасиетімізден айырыла жаздаған елдің ұланымыз. Сол себепті, жас ұрпақ тарихи санасынан ажырап, адал мен арамның арасын айырмас аға буыннан тәрбие алуға мәжбүр болды. Мұның соңы қоғамда пікір алалығын тудырып, жас ұрпақтың кім көрінгеннің қолжаулығына айналуына алып келді.

Бұл әсіресе, ел тәуелсіздігінен кейін ерекше қарқын алды. Нәтижесінде, жас жамағат жат пиғылды ағымдарға өтіп, ата-ана баласынан айырылды, ел тұтастығының ұйытқысы болған байырғы қазақ отбасы институты мәртебесі түсті. Нәтижесінде ұрпақ тәрбиесі құнсызданып, ата тұрып ұлы, шеше тұрып қызы сөйлемеген, қызына айтқанды келіні тыңдаған сыйластық салты озды. Қазақ көшесін батыстан келген еуропалық сән үлгісіне еліктеген имансыздық жайлады. Бұл тек қана дінде көрініс тапқан келеңсіз жағдай ғана емес. Қазақ тілге (қазақтілді, орыстілді), ділге (таза қазақ, шала қазақ, жаңа қазақ), жерге, руға бөлініп, тарихымызда бұрын-соңды болмаған берекесіздік белең алды.

Біле білсек, осының барлығы қазақты бірлікке бастаған асыл дінімізді «апиын» санатқан кеңестік отарлау саясатының салқыны. Егер қазіргі таңда қазақ елі іштей әлсіреп, салт-дәстүрінен ұзақтап кетсе, оның бірден-бір себебі осы кеңестік ұлтсыздану ұранында жатыр. Бәрімізге белгілі кеңес өкіметі тұсында қазақ халқын ұлт ретінде жою, орыстандыру саясаты зорлықпен, биліктің күшімен жүргізілді. Нәтижесінде сан ғасыр бойы ата дәстүрімізбен біте қайнасқан Ислам сынды асыл дініміз «апиын» ретінде халық санасынан өшіріліп, оған теріс сипат таңылды.

Бір ғасырға жуық осындай құдайсыздандыру саясаты соңында халқымыз төл дінінен жатырқап, Ислами тәрбиені мүлдем ұмытты. Ал, ғасыр басында келген тәуелсіздік адам құқы мен бостандығына ерік берген тұста ел ата дінімен қайта қауышқан еді. Алайда, ішкі күдік, күмәнмен, қорқынышпен қауышты. Өйткені, сана әлі де отарлық құлдық психологиядан арылмаған-ды. Сөйтіп, жастар діни тәрбиесіз өсіп, мектеп қабырғасынан шыға қоғамда етек алған жат ағым идеологиясына ұрынды. Алды отанын сатып, Сирияға аттана бастады. Осындай жағдайда елмен бірге өмір сүріп жатқан экстремистік жат ағымдармен бірден-бір жолы сананы отарсыздандыру, оңалту ісін жолға қою – басты міндет. Осы ретте отаршыл өкімет тарапынан бұрмаланып, халыққа әлі де кері әсерін тигізетін (діннен үркітіп) діни танымға қатысты сөздер мен ұғымдарды зерттейтін ғылыми жобаларды жүргізу іске асырылса, халықтың діни сауаттылығы арта түсер еді.

Қарап тұрсаңыз, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесі Ислам дінімен ұштасып жатыр. Қазақ халқы хандық  құрған XV ғасырдан бастап XX ғасыр басына дейінгі кезеңде ұрпағын мұсылмандыққа баулып, ерлікке баулуда қазақ сөзінің құдіретіне арқа сүйеді. Нақты айтқанда, кішкентайынан бесік жырын тыңдап өскен бала ес білер шаққа жеткенде, үй үлкендері ертегі, кісілікке, парасаттылыққа тәрбиелейтін аңыз әңгіме, аталы сөздерді тыңдап жетілген. Қала берді, қазақ даласында кешкілік жыр тыңдау дәстүрі болған. Таңды-таңға соғып жырды жатқа айтатын жыршылардан жыр тыңдату мәнісі – бала бойына ерлік пен елдік рух дарыту. Осы ретте атап өту керек бір нәрсе – қазақ әдеби мұрасының мұсылмандық рухта жазылғандығы. Ал, осындай мұсылмандық рухпен сусындаған баланың жаман адам болып шығуы мүмкін емес. 

Жас балаға сөз тыңдату тәрбиесінің осыдан кейінгі қадамы қазақ елінің даналығын айқындай түседі. Бала атқа мініп, оң, солын таныған шақта дуалы билер мен шешендерден бата алуға жұмсауы алдыңғы тәрбиені тәжірибемен сынағанмен тең түсетін қадам. «Қазақтың билігі қазақта қалуы керек, орысқа жем болмауы керек», – деп тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбей, ер үстінде күн кешкен бір Кенесарының ерлігі неге тұрады? Мұның барлығы қазақ халқының Ислам өркениетін  жетік білгенін көрсетеді.

Түптеп келгенде, қазақ даласында жетімнің жылап, жесірдің қаңғымауы, қариясының қарттар үйінде жаутаңдамауы осы тәрбиенің жемісі болса керек. Қаны бір бауыр қазақ бір-бірін қандап, сотқа тартылмаған. Арада дау шығып, ел арасы бұзылған жағдайда ел үлкендері басу айтып, айыптысы ат-шапан айыбын беріп, өзара достықты сақтап қалуға ұмтылған. Сөйтіп, ағайыннан шашау шықпаған. Ислам дінінің басты ұстанымы да – осы. Ал, бүгінгі таңда жат ағым идеологиясымен уланған жастардың осындай тегіне тартатын ата тарихын білмеуі көңілге кірбің ұялатады. Бүгінгі жастардың санасын улау ниетін көздейтін жат ағымдардың теріс пиғылы осылардың барлығына да қарсы, яғни ел ішіне іріткі салып, алауыздық тудыру, жас ұрпақты ел намысы үшін атқа қонбас мәңгүрттікке баулу.

Осы орайда жастар санасын оңалдырудың бірден-бір жолы тарихи-діни сауаттылық дер едік.  Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) жер бесіктен көр бесікке дейін білім іздеудің қажеттілігін айтқанда, қоғамды осы берекесіздік пен надандықтан сақтаудың жолы екенін нұсқаған.

Сайып келгенде, адасқан жастардың санасын оңалдандыруда дініміздің қайнар көзі – Құран мен пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеттің атқарар қызметі орасан. Сонда ғана ұлт мүддесі, ел болашағына қауіп төндіріп отырған жат ағым идеологиясына қарсы тұруға жол ашылмақ. Себебі, біздің дініміз – ар-ұят пен адамгершіліктің, намыс пен елжандылықтың діңгегі. Адамзатты адалдық пен туралыққа тәрбиелеуде теңдесі жоқ ізгіліктің бастауы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак өмірбаяны – адамгершіліктің, кісіліктің асқақ үлгісі. Құранды түсіну үшін, пайғамбар (с.ғ.с.) өмірін жете меңгергеніміз абзал. Расында, жас ұрпақ адасса, тарихи сауатсыздықтан адасуда. Олай дейтініміз – зор намыс пен жігерге толы Ислам тарихынан сусындаған адамның азғындыққа түсіп, өз отанын сатуы мүмкін емес жағдай. 

Сондықтан да пайғамбардың (с.ғ.с.) үлгі-өнегеге толы болмысы адамдық қалпымыздың өлшем-діңгегі екенін есте сақтап, өмірлік тәжірибе барысында қолдана білуіміз керек. Құранның асыл аяттарына амал етіп, кейінгі ұрпақты жақсылыққа, тура жолға бастауда Ислам өркениетіне арқа сүйегеніміз абзал. 

 

Айжарқын Түзелова,

«Иманғали» орталық мешітінің ұстазы

 

 

Жоғарыға