Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Таблиғи жамағат» – дінбұзар ағым

Тарихқа зер салып қарайтын болсақ, Ислам дінінің атын жамылған дінбұзар ағымдар да аз болмаған.  Солардың бірі – «таблиғ жамағат» ұйымы. «Таблиғ» сөзі «жеткізу, хабарландыру, ескерту» мағыналарды береді. Әрбір ағымның негізін салушысы болғаны сияқты «Таблиғ жамағат» ағымының негізін салушы – Мұхаммад Илияс әл-Кандаһлауи (1885-1944). Орталықтары – Дели, Бангладеш қаласында. Алғашында Үндістан, Пәкістан, жерлерінде тараса, кейіннен араб мемлекеттерінде тарай бастады. Ол соңғы жылдары Еуропа мемлекеттерінде белсенділіктері артуда.

Олар өздеріне Ислам дағуаты үшінарнайы мезгілдер белгілеп, әр ай сайын үш күн, әр жыл сайын қырық күн және өмірінде төрт ай ел аралап дағуат етулерін шарт деп есептейді. Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығуы қажет болады.  ОларАлла жолында дағуатқа шықпас бұрын алдымен білім алулары – парыз. Себебі білімсіз дінге шақыру қателікке бой алдырады. Мұндай қадам Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне кереғар. Алла Тағала Құранда пайғамбарымызға (с.ғ.с) былай деп бұйырған: «Айт: «Бұл – менің жолым. Мен терең ілімге негізделген түрде ғана Аллаға шақырамын. Мен және маған ергендер» деу арқылы Исламға шақыру тек қана біліммен жүзеге асатынын жеткізген. Айталық, бұл қозғалысқа ерушілер дін жолында жүрмін деген сылтаумен отбасынан безіп, айлар бойы дағуат - уағыз жолында кетеді. Үйде қалған жанұясы  мұқтаждыққа тап болады. Сондай-ақ, бұл ағымның қазақ даласының тарихи тұрғыдан да ешбір негізі жоқ. Дәстүрімізге мүлдем жат. Сол себепті халықаралық «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымына қатысты 2013 жылдың 28 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотымен оның Қазақстан аумағында қызмет етуі тоқтатылатындығы туралы шешім шығарылды.  Себебі бұл ағымға ерушілер отбасылық жауапкершілікті мүлдем ұмытып, кезбеге айналады.

Таблиғшыларды 4 айға Пәкістанға, Бангладешке сапар шегеді дедік. Олар сол жолда «пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетімен жүреміз» деген ұранмен Пәкістанның ұлттық киімінде өздерін «дағуатшылармыз» деп таныстырып, үй-үйді аралаумен шектеледі. Демек, таблиғшылардың пайымдауынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пәкістандық ұлттық киім киген бе? Олай болса, неге басқа араб елдері де Пәкістанның ұлттық киімін кимеген?! Себебі, мұнда бір шикілік бар. Ақиқатына келсек, Ислам дінінде дәл сол үлгіде киінуді міндеттейтін ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, Пайғамбарымыз(с.ғ.с): Алла тағала сендердің киімдеріңе де, түрлеріңе де қарамайды, Ол сендердің жүректеріңе қарайды», - деген хадисі бар (Муслим). Ал, бұл болса сүннетті бұрмалаудың айқын дәлелі болмақ. Ендеше, осындай адасушылыққа ұшырамаудың ең тура, әрі сенімді жолы – түрлі күдікті топтарға немесе жамағаттарға ілесуден іргеңді аулақ салып, жамағатпен бірге болу.  

 Соның салдарынан артта жұбайлары, бала-шағасы, ата-ана бауырлары арасында наразылық туындап, тіпті дінге деген теріс көзқарас қалыптастырды. Адамзаттың абзалы ардақты Елші Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде: «Ер кiсi – отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты» (Бұхари), деген сөзі қуаттай түссе керек.

       Туыстық байланысты осылай қадірлеудің бар негізі шариғатта жатыр. Асыл дініміз адамдар арасындағы туыстық қатынастың берік болуын қолдайды, ағайыннан ажырамауға шақырады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Алла үшін ең сүйікті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыстық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп,  жамандықтан тыю.  Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыстық байланысты үзу», – деген. Бұл дәстүр қазақ қанына әлімсақтан қалыптасқан. Ендеше жұртымыздың Аллаға, қияметке сенген кіршіксіз таза иманына ілімсіз ісіміз бен орынсыз мінезіміз арқылы сызат түсіріп алмайық. Хақ дінді көркем түрде, салтымызбен сабақтастыра отырып, саф алтындай сақтай білсек, ұтылмасымыз анық. Қазақтың қос қанаты дін мен дәстүрі барда сыңар қанатты құстың көкке самғары айдан анық.

 

Арман ИСАЕВ

Жылыой аудандық орталық

мешітінің бас имамы

Жоғарыға