Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Тәуелсіздік – дініміздің өркениеті

Ислам – адамзат баласын татулық пен достыққа, бірлікке шақыратын кемел дін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деп ынтымақ пен татулықты ту еткен қазақ халқы Ислам дінімен біте қайнасқан елдік дәстүр, ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп келеді. Өйткені, қазақ салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы Ислам шариғатымен біте қайнасып жатыр.

Кешегі 70 жылдық кеңестік саясат бодандығы тұсында ата дін, ұлттық салт- дәстүрімізден көз жазып қалғанымыз жасырын емес. Десек те, сондай қилы-қилы замандарда да аталарымыз ауызынан Алласын тастамай, аналарымыз ұрпағын дәретсіз емізбеген. Осындай  тазалық негізінде қаншама иманды, ізгі ұрпақ өмірге келмеді? Кешегі алаштың біртуар азаматтары Абайдай дана, дара ұлдардың өзі осы сөзіміздің дәлелі болса керек.

Қаншалық дін апиын ретінде қоғамнан аластатылса да, жасырын намаз оқып, құлшылықтарын қаза етпеген бабаларымыздың істері өнеге-үлгі. Тіпті, Құранды қолымызға алып оқымақ түгілі, төрімізге ілуге қорқатын заман да өтті басымыздан. Бірақ, қазақ сонда да Құдайын ұмытып, діннен еш алыстаған емес. Керісінше сол сынақтардың барлығы біздің халықты Исламға одан бетер жақындатып, Аллаға деген махаббаттарын арттыра түскендей. Яғни, сондай бір қиын-қыстау кезеңде де Алла Тағалаға, оның кітабына, тағдырға, қиямет күніне иман келтіріп, сабырлылық танытты. Бүгінгі Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, Ислам дінінің елімізде кең етек жаятынына бек сенді. Үміттерін үзбеді.

Міне, Аллаға сансыз шүкір, Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері дініміз де қанатын кеңге жайды, көк туымыздың көкте желбірегеніндей, мешіттеріміздің де көк күмбезі бой көтерді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп, «Біз түбіміз – Түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» екенін ұмытпауымыз керектігін айтты. Басшымыздың сарабдал саясаты мен ұлағат сөздері хақ дініміздің етек жаюуына көп септігін тигізді. Жастарымыз жаппай дінге бет бұрып, елімізде мешіттермен қоса, медреселер және діни жоғары оқу орындары бой түзеп, дәстүрлі мектебіміз қалыптасып келеді.

Ата-әжелеріміз діни сауаттарын ашып, мешіт жанынан ашылған медреселерде білім алып, Құран үйрене бастады. Мешітке тәу ете келетін жастар мен қариялардың да қатары күн сайын артып келеді. Оның өзі жаныңды жадыратып, жүрегіңе тыныштық сыйлайды. Бізге осындай тәуелсіздікті нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкіршілік етеміз. Міне, соның бірі һәм бірегейі асыл дініміз – Ислам дінімен қайта қауыштық.

Асыл дініміз – он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзаттың сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан бірегей дін. Тарих сахнасына көтерілгеннен бері, өмірдің өзі көрсеткендей, Ислам дінінің ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екенін әлем мойындауда. Көптеген әлем халықтары ең таза, хақ дініміз Исламды қабылдап, мұсылман болуда.

Тәуелсіздік – бізге Тәңірден келген ұлы сый. Қанша қиын қыстау кезеңді артқа тастап, тәуелсіздіктің бейбіт таңы атып, өзге мемлекетпен тереземіз теңесті. Бірнеше ұлыстар мен ұлттардың тату өмір сүруі де басшымыздың көрегенділігі.

Иә, тәуелсіздігіміздің арқасында дінімізбен ұштасқан сан ғасырлық салт-дәстүріміз жаңғырды. Сондай-ақ, тарихымызды түгендеуге, дініміз бен тілімізді, мәдениетіміз бен әдебиетімізді өркендетуге жарқын жол ашылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, елімізде еңселі де сәулетті, сәні мен салтанаты жарасқан зәулім мешіттер жарыса бой көтерді. Дініміздің де жапырағы кеңге жайылып, тамырының тереңдеуі осы Тәуелсіздігіміздің арқасы.

Халқымыз Исламның асыл құндылықтары мен қағидаттарын қастерлеп, әрбір амалдарын имандылыққа бейімдей бастады. Саф алтындай дінімізге деген насихаттың көкжиегі кеңейді. Тәуелсіз таңы атқан жылдардан бері халқымыз қажылығын өтеп, құлшылығын емін-еркін жасауда. Мешіттер рухани нәр алатын рухани ордаларға айналып, іші өскелең жастармен толықты. Осылайша жаны адалдықты сүйетін, үлкенге құрмет, кішіге ізетін аямайтын ізгілік пен имандылыққа ұйысқан ұлағатты ұрпақ қалыптасты. Мұның барлығы – тәуелсіздік тарту еткен сый.

 «Тәуелсіздік – тарих сыйы, бабалардың алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілігіміз болып табылады. Біз – тәуелсіздікті тәу етіп, болашаққа бет түзеп келе жатқан халықпыз. Бірлікті сақтау және нығайту – ең игі іс. ХХI ғасырда тек бірлігі бекем, еңбегінен рахат тапқан, азаматтары тату ел ғана бақытты өмір сүреді. Біздер, қазақстандықтар оны жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдары біз рухани тұрғыдан шынығып, шыңдалдық», – деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиынның бірінде.

Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, оның баянды болуына үлес қосу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Араб елінің көнекөз ғалымы Абдулла Мұстафа: «Тәуелсіздік күнін қарсы алу, оның құрметіне дастархан жаю – бұл отансүйгіштікке шақыратын, отанға адалдықтың бір көрінісі. Тәуелсіздік күнін тойлау – әдемі, ұлттық дәстүр», – деген екен. Сондықтан, баянды еліміздің өткен күндеріндегі соқтықпалы, соқпақты қилы тарихынан сабақ алып, тәуелсіздік туы мәңгі биікте желбіреуі керек.

 

Батыржан Мансұров,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

 

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, PhD доктор

Жоғарыға