Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бақытты шаңырақ тәрбиесі

Пайғамбарымыздың бақытты да берекелі шаңырағында үнемі Хақ Тағаладан қорқудан туындаған бір үрей сезіліп тұратын. Ол тіпті әрбір іс-қимылдан көрініп тұратын. Соңғы Пайғамбардың жүзіне қарағанда оның әдемі көздерінен жәннаттың сұлулығын не болмаса тозақ отының қорқынышы сезілетін. Намазда тұрғанындағы әрбір әрекеті (қиям, рүкіғі, сәждесі, дұға тілеуі) сол бір киелі шаңырақтың баға жетпес артықшылығы болатын. Хазреті Пайғамбарымызға қараған жан ерекше бір сезімде болып, көңілі бір тыныштықта қалатын. Айша анамыздан ол туралы сұрағандарға: "Оның мінезі Құран болатын" деп жауап беретін. Ол әрдайым намазын көзіне жас толып, іштей егіле оқитын. Айша анамыз талай рет, оның бойы дірілдеген күйі Раббысының құзырында сәждеге бас қойған кездерін көрген. Әлбетте оның осы xәлі отбасындағыларға ерекше әсер беретін. Екі әлемнің сардарының жұбайлары мен ұл-қыздарының бойында да осы асыл қасиет тұнып тұратын. Пайғамбарымыз Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын ол өзі бір істе амал қылып, сонысын өсиет етіп айтатын нағыз ер адамға лайықты іс жасайтын. Оның әрбір сөзі қорғасындай салмақты, дауысы құлаққа ескен жібек самалдай еді. Пайғамбарымыз: "Мені Алла Тағала тәрбиеледі, тәрбиелегенде де жақсылап тұрып тәрбиеледі" деп айтатын. Оны бір адам есімін атап өзіне қаратар болса, ол бүкіл денесімен бұрыла қарайтын. Ол жетімдердің басын сипап, еркелете ойнататын. Ол сондай сабырлы әрі көкірегі ояу жомарт жан еді. Жиырма үш жылға созылған елшілік қызметінде адамзаттың өмір сүру тәртібін толықтай бекітіп кетті. Ол садақаны көп беріп, әрі Алла Тағала оны жәннатымен сүйіндірсе де өте көп тәубе қылушы еді. Ғаламның рақым нұры кішкентай балаларды жақсы көретін, бірде өзіне қызмет қылып, тәрбие алсын деп берілген жас баланы бір шаруаға жұмсайды, әлгі жас бала көшеде ойнап жүрген өзі шамалас балаларға келіп қосылып ойнап Пайғамбарымыздың тапсырмасын есінен шығарады, сол сәтте әлгі жас баланың иық тұсын біреу мейірімді қолымен ұстағанын сезіп артына қараса Пайғамбарымыздың өзіне күлімсіреп қарап тұрғанын көріп ұялғаннан қызарып Пайғамбарымыздың тапсырмасын орындауға жүгіре жөнелгенін айтып сол балалық шағымен Пайғамбарымызды сағынышпен еске алады. Бүкіл ғаламға ұстаз болған Пайғамбарымыз Мұxаммед салла Аллаxу алейxи уә сәлләмнің әр күні әр түрлі ізгі амалдармен жалғасып отыратын. Ендеше құрметті ағайын бұл өмірде адамзаттың асылы болған жанның көзін көрмесек те ақыретте сол сағындырған жанға көрші болуымызды нәсіп етсін Жаратушымыз! Әмин

 

 Ержан Қағазғалиев,

 

"Құспан Молла" мешітінің найб имамы 

Жоғарыға