Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Атырауда жаназа және жерлеу рәсімдеріне байланысты «дөңгелек үстел» өтіп, Үндеу қабылданды

Атырауда жаназа және жерлеу рәсімдеріне байланысты «дөңгелек үстел» өтіп, Үндеу қабылданды

  іslam-atyrau.kz/28 ақпан, 2020 жыл.  Атырауда аймақ имамдары, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері Үндеу қабылдады.

Бұл туралы бүгін Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде «Жаназа және жерлеу рәсімдерінде ысырапқа жол бермеу» тақырыбымен өткен «дөңгелек үстел» барысында белгілі болды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы, Атырау облысы дін істері басқармасының өкілі Қаһарман Рахметұлы арнайы қатысқан алқалы жиынды Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жүргізді.

Қала, аудан имамдарының қатысуымен өткен мәжіліске Ұлы Отан соғысының ардагерлері Айдын Айбаров, Орынғали Қарасаев, мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев, Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері төрағасы Әліпқали Бекеш, белгілі меценат, дін жанашыры Төкен Жұмағұлов құрметті қонақ ретінде шақырылды.

«Шариғатымыз әу бастан ысырапшылдықты қолдамайды. Қазіргі уақытта қоғамда жаназа және жерлеу рәсімдеріндегі ысырапшылдық мәселесі өткір тұр. Десе де дастархан мәзіріндегі ысырапшылдық, жөнсіз митингтер мәселесі Павлодар, Алматы, Астана, Ақтөбе, Ақтау өңірлерінде бірізділікке түсіп келеді. Бірақ, бір ғана Атыраудың аудандарының өзінде жерлеу рәсімінде әркелкі мәселелер бар. Біздің мақсатымыз халықты шариғатқа қайшы нәрселерден тыйып, қайғы түсіп жатқан шаңыраққа мейілінше жеңілдік жасау» деді мәжіліс барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Жиын барысында соғыс ардагері Айдын Айбаров жаназадағы ысырапшылдық мәселесінен арылу жайын бұқаралық ақпарат құралдарында жиі насихаттап, арнайы айдарлар ашуды ұсынды. Аузы дуалы ақсақалдың пікірінше, тәрбиелік мәні зор мұндай насихаттар жастар арасында жиі дәріптелуі тиіс.

Мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев қазіргі уақытта садақа дастарханының тойдан еш кем түспейтініне қапалы. «Дөңгелек үстел барысында бекітіліп отырған арнайы мәзір шегінен шықпауды халыққа ұғындыруымыз керек. Ысырапшылдық, дарақылықтың соңы жақсылыққа апармайды. Ең болмағанда садақаға несие алып шашылудан сақтандыру арқылы, қаралы үйдің қайғысын жеңілдетуге тырысуымыз керек» дейді Мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев.

Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов жерлеу және жаназа рәсімдеріндегі ысырапшылдық мәселесінің бір жиналыс немесе үш-төрт мақала шеңберінде шешілмейтіндігін айтты. «Дәл осы мәселе Атырауда екі жыл турасында да көтерілген болатын. Бірақ, бұқара тарапынан ысырапшылдыққа келгенде одан тыйылу ниеті көрінбейді. Мүмкін, мейрамхана басшыларына жаназа дастарханы мәзірін қатаң ұстануды ұсыну керек болар. Бұл жерде бірлік керек» дейді Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов.

Осылайша, толғақты мәселелер талқыланған жиын барысында Атырау қаласы имамдары мен ардагерлері және зиялы қауым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында қабылданған «ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІ» атты мұсылман халқының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген жаңа пәтуасын ел арасында жүзеге асыруды қолдауға бағытталған Үндеуді қабылдады.

Сонымен бірге, жұртшылыққа жаназа рәсіміндегі дастархан мәзірі ұсынылды.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға