Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҚАЖЫЛЫҚ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСУДА

Сауд Арабия Королдігіне арнайы іс-сапармен барған қазақстандық делегация 2020 жылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары бойынша бірқатар ресми кездесулер өткізді.

Қазақстандық делегация Сауд Арабиясының Азаматтық авиация комитеті, Түркия және Еуропа қажыларының қажылығын ұйымдастыру басқармасы, Көлік қатынастары кәсіподағы, Қажыларды топтастастыру мекемесі, Электронды жүйе кеңсесі, Біріккен өкілдер кеңсесі сынды қажылықты ұйымдастыруға жауапты бірқатар мекеме өкілдерімен жүздесіп, келісім жүргізді.

Делегация құрамында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Досымжан Нұрбаев,  Бас мүфти кеңесшілері Бижігіт Қойшиев, Балтабай Мекежанов, Қазақстанның Жидда қаласындағы консулдық басшысы Талғат Шалданбай, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов болды.

Кездесулерде 2019 жылғы қажылық маусымы кезінде кездескен кейбір қиындықтар талқыға салынып, ондай мәселелердің алдын алу бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ 2020 жылдың қажылық маусымында қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша жасалып жатқан жаңа талаптар мен ережелер талқыланды. Кездесулер нәтижесінде қажылыққа жауапты әрбір мекемемен жеке-жеке келісімшарт жасалып, қол қойылды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бастаған делегация Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрінің орынбасары Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшаттың қабылдауында болған еді. Басқосуда Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшат Қазақстанның қажылары үшін 2020 жылға 3000 қажыға орын бөлінгенін хабарлады.

 
Жоғарыға