Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір


Бас имам Жылыой ауданының халқымен кездесіп, «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын таныстырды

Бас имам Жылыой ауданының халқымен кездесіп, «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын таныстырды

islam-atyrau.kz/8 қараша, 2019 жыл.   Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Жылыой ауданына жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында мұнайлы өңірдің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті тұрғындармен кездесіп, негізінен ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасымен таныстырып, аталмыш құжаттың маңызы туралы айтты.

Сонымен бірге, Жылыой мәдениет үйінде өткен кездесу барысында Бас имам тәуелсіздік жылдарындағы дініміздің дамуы, қоғам тұтастылығын сақтаудың маңызы туралы әңгімеледі.

«Бұған дейін Атырауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында жұмыс істеп жүрген кезімде келген болсам, бүгінгі сапарымның мәні бөлек. Өйткені, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеу жолында еңбек жолым қасиетті Атырау өлкесінде жалғасып отыр.

Дінімізді дәріптеумен қатар, әлемде алаңдатарлық ахуалдың орын алып отырғаны белгілі. Әлемде орын алып жатқан оқиғаларды салыстырып қарасақ, біздің шүкір ететін жағдайымыз бар. Ең бірінші шүкір ететін дүниеміз – тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік елең-алаңында елімізде небары 68 мешіт болса, қазіргі таңда мешіттер саны 2500-ге жуықтады. Республика бойынша 3000-ға жуық, Атырау көлемінде 75 діни қызметкеріміз бар.

 Тәуелсіздік таңы атқан тұста елімізде бірде-бір медресе болмаған еді. Бүгінде елімізде Нұр-Мүбәрак египет-ислам университеті, колледж деңгейіне теңестірілген медреселер жұмыс істеуде. Атырауда да қайырымдылық мекемесі бар. Бірақ, бұл мекеме әлі де болса медресе деңгейіне жете алмай жатыр. Сондықтан, алдымызда медресе салу мақсаты тұр. Осылайша, Атырауда салынатын медресе еліміздегі медреселер санын онға дейін арттырмақ.

Тағы бір жаңалық – мешіттеріміздегі жамағат қатарының 99 пайызын бүгінде жастарымыз толтырып отыр. Қазақта  «Иманды елді жау алмас» деген керемет сөз бар. Яғни, елдің ел болуын халқымыз сеніммен, иманмен, тәрбиемен байланыстырып келген. Демек, ендігі міндет асыл дінімізді шариғи, ғылыми тұрғыда дәріптеп, исламның өркениет бастауы екендігін насихаттау болмақ» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы кездесу барысында.

Одан әрі ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Айта кетелік, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Жантөре Рашев жүргізген жиынға зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, сала мамандары және жастар қатысты.

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

 

Жоғарыға