Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы бастаған атыраулық жамағат ұстаз Батыржан Мансұровқа құрмет көрсетті

  islam-atyrau.kz/19 қазан, 2019 жыл. Бүгін Атыраудың орталық "Иманғали" мешітінде жергілікті жамағат ұстаз Батыржан Мансұровты шығарып салды.

Жамағат арасындағы бірлікті арттыру мақсатындағы бірден-бір жоба - айлық дастархан шарасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысып, ұстаз Батыржан Берденұлының жаңа қызметіне береке тіледі.

Құптан намазынан кейін өткен айлық дастархан барысында ұстаз Батыржан Мансұров кісі алдындағы ақы, кеңпейілді болудың маңызы, кемел мұсылманның сипаты тақырыптарында уағыз айтты. Жергілікті жамағатпен қоштасу мақсатында ұйымдастырылған шара аясында ұстаз Батыржан Мансұров өзінің, отбасының, бала-шағасының өмірінде Атыраудай киелі өлкенің айрықша орын алатындығын атап өтті. "Атырау ақжүрек, кең пейілді, бауырмал жұртымен де, ауа райымен де есте қалады. Алла қаласа, Атыраудағы игі істер Нұр-Сұлтан қаласында жалғасатын болады" деді ұстаз Батыржан Мансұров.

Көптеген жамағаттың басын қосқан іс шарада Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы тәуелсіздікке дейінгі және егемендік жылдарындағы діннің жағдайы туралы айтып өтті. "Тәуелсіздік алған елең-алаңда елімізде 68 мешіт болған еді. Қазірде Қазақстан бойынша 2500 мешіт бар. Өңірлерде медреселер іске қосылды, осынау білім ошақтарында білікті ұстаздар тәлім беруде. Елімізде Нұр-Мүбәрак университетінің ашылуы да барша мұсылман қауымның бірден бір шүкіршілік ететін дүниесі. Біз өте бақытты адамдармыз. Өйткені, Алланың бар екендігі мен бірлігін, асыл дініміздің құндылықтарын жеткізу үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде сахабалар осынау жерлерімізге келіп дінді жайған еді. Ол кезде осындай мүмкіндіктер болған ба еді? Келген кезде сіздер сияқты қимай қоштасатын қауым болды ма? Әрине, болған жоқ. Демек, біз сансыз шүкіршілік етуіміз керек. Өйткені, елімізде дінді таратуға барлық мүмкіндіктер жасалған" деген Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы   атыраулық талай шәкірттің діни ордаларда білім алуына бірден бір себепші болған ұстаз Батыржан Мансұровтың жаңа қызметіне береке тіледі.  

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға