Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Рамазан айшықтары: Атырау қалалық Құспан молла мешітінде мұқтаж отбасыларға азық таратылып, қаржылай көмек берілді

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айында Атырауда ізгілікті шаралар жалғасуда. Мәселен, Атырау қалалық Құспан молла мешітінде Рамазан айы басталғалы бері, бес отбасыға азық-түлік пакеті таратылды.

«Әрқайсы 25 кг болатын азық-түлік пакетінде күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық ассортименті салынды. Мешіт негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, қамқорлықты қажет ететін көп балалы, жетім отбасыларын басты назарда ұстап отыр. Бұдан бөлек, бірнеше отбасыға Рамазан айы кезінде қаржылай көмек те көрсетілді» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров. Рамазан айы кезінде мұқтаж жандарға қаржылай көрсетілген көмек көлемі 210 мың теңгені құраған.

Қазіргі таңда мешітте күніге 160-170 адамға ауызашар дастарханы берілуде. «Күні бүгінге дейін мешітімізде қарттарға, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне ауызашар берілді. Және жақында Атырау қалалық мәслихаты депутаттарының арнайы ауызашар дастарханын атап өткеніміз жөн. Асылында, ауыз ашар берудің сауабы өте мол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» деген. Сонымен бірге, шамаңызға қарай аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктерге қарасып, кедейлерге қол ұшын беру де – мұстахап» дейді Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров.

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға