Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда бірнеше мешіттің жамағаты ауызашарда бас қосты

 islam-atyrau.kz/21 мамыр, 2019 жыл.  Рамазан – ізгіліктің, бірліктің, сансыз сауаптың айы. Ислам дінінің өзінің басты мұраты бейбітшілік екенін ескерсек, мұсылман әлемінің бірлігі қашан да маңызды.

Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиевтың бастамасымен кеше Атыраудағы бірнеше мешіттің жамағаты үшін аталмыш мешітте ауызашар дастарханы берілді.

Орталық «Иманғали» мешіті, Атырау қалалық Құспан молла мешіті және Сұлтан Бейбарыс мешітінің жамағаты бас қосқан ауызашарда бірлік, ынтымақ тақырыбында уағыз айтылды. «Алла Елшісі (с.ғ.с) «Жаннатта болатын бір топ, ол – жамағат» деген. Және Алла Елшісі (с.ғ.с) «Сендерге жамағатпен бір болу міндетті, бөлінушіліктен сақтаныңдар, расында шайтан жалғыздың жанында болады, ол екеуден алыс тұрады, ал кімде-кім жаннаттың ләззатын сезінгісі келсе, ол жамағатпен болсын» деп ескерткен.  Асылында, жамағат Алла Елшісінің (с.ғ.с) артынан ергендер және де солардан қалған мирасты, ақиқатты жалғап келген көпшілік» деп атап өтті уағыз барысында Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.

Аталмыш шараға арнайы келген Атырау қалалық Құспан молла мешітінің наиб имамы Алтынбек Ажокұлы жиналған жамағатқа ізгі тілектерін арнап, қасиетті айды құлшылықпен, сауапты амалдарды көбірек жасаумен өткізуге шақырды.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға