Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда қалалық Сұлтан Бейбарыс мешіті пайдалануға берілді

 

Бүгін қасиетті жұма күні мұнайлы мекенде Атырау қалалық Сұлтан Бейбарыс мешіті салтанатты жағдайда ашылды. Мұсылман әлемінің ұлық мейрамы – Құрбан айт қарсаңында пайдалануға берілген мешітті жұртшылыққа жергілікті кәсіпкер Ерекешовтер әулетісыйға тартты.

Соғыс, еңбек ардаргерлері, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдері  және жергілікті жамағат қатысқан салтанатты шара Алланың кәламы Құранмен басталды. Жергілікті  жұртшылықты құттықтаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Мансұров Алла үйінің имандылықтың, руханияттың ордасына айналарына сенім білдірді. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде «Кімде кім Алланың дидарын қалап, мешіт тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта дәл осындай үй тұрғызады» деп сүйіншілеген болатын. Асылында, мешіт – тәрбие ошағы. Мешіт – адамның рухани иммунитетін көтеретін, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тиятын, ізгілікті насихаттайтын киелі орда. Мешіт тарихымызда ерекше орны бар тұлға Сұлтан Бейбарыс бабамыздың есімімен аталды. Бұл да болса ұрпақтар сабақтастығының көрінісі» деп атап өткен Бас имам атыраулықтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізді. Және жергілікті жұртшылыққа жаңа мешіттің Бас имамы Ержан Қағазғалиевты таныстырып, қасиетті Құран -  Кәрімді сыйға тартты.

Мешіттің ашылу салтанатына Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиевтың арнайы қатысқанын айта кеткен жөн. «Сұлтан Бейбарыс мешіті Атырау қаласындағы жетінші мешіт болып отыр. Бұл Атырау жұртшылығына ғана емес, барша мұсылман қауымға жасалып отырған ерекше жағдай. Елімізде дінді өркендетуге барлық мүмкіндік жасалуда» деп атап өтті Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев.

Салтанатты жағдайда пайдалануға берілген мешіттің лентасын қию құрметі Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш пен Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаевқа ұсынылды.

Атырау қаласының Азия беткейінен ашылған Сұлтан Бейбарыс мешіті жанынан мұнара тұрғызылып, күмбездер орнатылатын болады. Қос қабатты ғимараттың сыйымдылығы 1500 адамға шақталған. Ғибадат үйінде Құран оқитын бөлме, ерлер және әйелдер залы, мешіт мамандарының қызметтік бөлмелері бар. Сондай ақ, мешіт ауласынан дәрет алуға мүмкіндік жасалған. Мұнда ерлерге арналған он алты, әйелдерге арналған алты кабина бар.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.




 

Жоғарыға