Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас мүфти Атырау облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Бүгін Атырау облысына сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз мұнайлы өлкенің зиялы қауым өкілдерімен, ел ағаларымен, жастармен кездесті.

Атырау облысы әкімдігінде өткен кездесу шарасына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты. Кездесу барысында Бас мүфти қоғамдық тұрақтылықты сақтау, сан ғасырлар бұрын қазақ даласында қалыптасқан діни мектептің мұраларын бүгінгі күнге жеткізу сынды көптеген мәселелерге тоқтала келе, әр адамның қоғамдағы ролі туралы ойларымен бөлісті.

            «Расында, баршамыздың қоғамда өзімізге қатысты атқаруымыз тиіс миссияларымыз бар. Ақсақалдар жүрген жерде ақылын айтса, жастар тәуекелге бел буып, қызмет етсе, білім алса, орта буын өкілдері мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосса, имамдар ізгілікті насихаттасса біздің қоғам жан-жақты дамитын болады. Алла Тағала баршамыздың жұмысымызға береке берсін», - деді Бас мүфти.

Кездесу барысында Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, білім саласының ардагері Серік Сапанов ой-пікірлерімен бөлісті.

 

            Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға